Лондон полициясына қарсылық көрсетіп, қол жұмсады деп айыпталған Айсұлтан Назарбаев сот шешімі бойынша "18 ай сынақта болып, 140 сағат қоғамдық жұмысқа жегіледі және есірткіге тәуелділіктен емделуге мәжбүрленіп, бір мың фунт айыппұл (1300 доллар) бес мың фунт шығынды төлеуі тиіс" деп хабарлайды Би-би-си.
Назарбаев жеке пәтерінде "есірткі әсерімен полицияға қарсылық көрсеткен, қол жұмсап, тістеген" деген айыппен кінәлі деп танылған. Priory клиникасының есебіне қарағанда, есірткіге тәуелділіктен емделген Айсұлтан Назарбаев дәрігерлердің бұйрығын орындап, емделуге бет бұрғанын байқатқан.
Би-би-сидің хабарлауынша, судья үкім шығарарда Назарбаевтың ықыласын ескеріп, әрі қарай бостандықта емделгені дұрыс деген шешім қабылдаған. Назарбаевтың адвокаты сот үкімін естігенде иығынан жүк түскендей жеңілдегенін айтқан. Айсұлтан Назарбаев сөйлеуден бас тартқан.
Осыған дейінгі ақпараттарда "Айсұлтан Назарбаев полицияға қол көтеріп, денсаулығына зиян келтіргенін және мүлікті бүлдіргенін мойындағаны" айтылған. Дегенмен ұлыбританиялық Court News UK агенттігі шілденің 4-і күні Лондондағы Сауторк сотында Айсұлтан Назарбаев ісі бойынша алдын ала тыңдауда "өзін суицидтен құтқарып қалған полицейді тістегенін" жоққа шығарған.
Агенттіктің хабарлауынша, судья Филип Бартл Айсұлтан Назарбаевты кепілмен босатып, қаладағы есірткіге тәуелділер емделетін Priory Group ауруханасына жіберген.
Ал ВВС-дің Орыс қызметінің хабарлауынша, адвокат Алисдэйр Уильямсон соттан Айсұлтан Назарбаевты 90 мың фунт стерлинг (шамамен 43 млн теңге) кепілмен босатуды сұраған.
"Сотта прокурор Грегор МакКинли Айсұлтан Назарбаевтың кокаин қолданатынын айтты. Қазақстанның бұрынғы президентінің жиенінің төлқұжатын алып алған. МакКинли судьядан Назарбаевты кепілмен босатпауды сұрады. Мемлекеттік айыпталушы ықпалы қатты Назарбаевтар әулеті оған дипломатиялық паспорт алуға көмектесіп, ол Ұлыбританиядан кетіп, жауапкершіліктен құтылып кетеді деп қауіптенеді. Ал судья Назарбаев есірткіге тәуелділер емделетін Priory Group емханасына барып емделсе ғана кепілмен босатынын айтты" деп жазды сотқа қатысқан ВВС-дің Орыс қызметі.
Биыл қыркүйекте Айсұлтан Назарбаев ісі туралы жаңа дерек жарияланды. Британиялық Mail Online сайтының жазуына қарағанда, Назарбаев "полиция қызметкерлеріне қарсылық танытып, офицерлердің бірі қатты жарақат алған". Прокурор МакКинлидің айтуынша, "полиция Назарбаев пәтерге ұрлыққа түсті" деп ойлаған.
Бұның алдында екі күн бұрын ғана International Park Plaza қонақүйіне шақырылған полицейлерді Айсұлтан Назарбаев балконнан секіремін деп қорқытқан. Прокурордың айтуынша, Қазақстанның ресми орындары Лондон қалалық полициясымен байланысып, оны "жай ғана депортациялауды" сұраған.
Айсұлтан Назарбаевтың қорғаушысы Алисдар Уильямсонның айтуынша, Қазақстан үкіметі тергеушілермен ынтымақтасып келеді және олар "Британия билігі паспортын тартып алған соң Назарбаевқа жаңа паспорт бермейтінін айтқан".
1990 жылы туған Айсұлтан Назарбаев Ұлыбритания корольдігінің "Сандхерст" әскери академиясын бітіргеннен кейін, 2013 жылы кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың (сол кезде "ҚазРосГаз" компаниясының бас директоры) қызы Әлима Боранбаеваға үйленді.
Футболдан Қазақстан жастар құрамасының тізіміне қосылған ол, футбол федерациясының басшылығын жиі сынап, 2017 жылы жеті айдай Қазақстан футбол федерациясы вице-президенті болып көрді.
Айсұлтан Назарбаев бұрынғы президент Назарбаевтың төңірегіндегі жоғары лауазымды шенеуніктер Әділбек Жақсыбеков, Иманғали Тасмағамбетов, Данияр Ақышев пен топ-бизнесмен Болат Өтемұратовтарды да сынағаны байқалған.
"Президентті осындай адамдардың қоршап алғаны және бүкіл елді бақылауға алуды көксейтіндері жанымды ауыртады. Осындай жоғары лауазымды тұлғалардың елдегі барлық жағдайды шексіз билеп-төстеуге ұмтылуы – болашағымызға төнген басты қатер" деп жазды ол 2016 жылдың қарашасында.
Өткен жылы әлеуметтік желілерде "Айсұлтан Назарбаевтың Ресейде есірткіге тәуелділіктен мәжбүрлі түрде емделгені" жайлы ақпарат тараған еді. Азаттық жігіттің анасы Дариға Назарбаевадан ұлы жайлы сұраған. Бірақ ол журналистің сұрағына жауап бермеді.
Дариға Назарбаева ұлы туралы сұраққа жауап бермеді (26 ақпан 2019 жыл)
Айсұлтан Назарбаев Facebook әлеуметтік желісінде Aisultan Nazarbayev деген атпен тіркелген аккаунт (аватарда Айсұлтан Назарбаевтың суреті бар) авторы мойындау постын жариялағаннан кейін көпшілікке көрінбей кетті. Жазба авторы (кейін оны өшіріп тастады) есірткіге тәуелді болғанын, одан емделгенін және президент қызметіндегі атасының қолдауы арқасында онымен күресіп жатқанын айтты. Автордың жазуынша, ондай жаман әдетке әкесінің және атасы Мұхтар Әлиевтің қазасынан кейін күйзеліске түсуі себеп болған. Бұл пост қоғамда түрлі пікір тудырған еді.
Осы жазбадан соң едәуір уақыт әлеуметтік желіде көрінбеген Aisultan Nazarbayev деген қолданушы 2018 жылы желтоқсан айында әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы Ресей бас прокуратурасы, сыртқы істер министрлігі, ішкі істер министрлігі мен федералдық қауіпсіздік қызметіне бостандыққа шығуға көмектескені үшін алғыс айтты.
Ол тағы бір постында "Ресейлік жеке түрмедегі қамаудан шыққан соң үйге құжатсыз оралдым, бәрін ұрлап, жойып тастаған. Мені ол жаққа өзім сенім артқан жақындарым саналатын "ізгі ниеттілер" апарып қамады" деп жазған еді.
Aisultan Nazarbayev атты қолданушы кей адамдардың "өз бас пайдасы үшін" Рахат Әлиевтен бас тарту туралы берген кеңесіне қарамастан әкесінен теріс айналмайтынын бірнеше рет жазды.
Айсұлтан Назарбаев - Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы, қазір Қазақстан парламенті сенатының төрайымы болып отырған Дариға Назарбаева мен 2015 жылы Австрия түрмесінде жұмбақ жағдайда (абақтының бір кісілік камерасында асылған күйі табылған) өлген Рахат Әлиевтің екінші ұлы.
Назарбаевтар отбасы Айсұлтанның Ұлыбританияда ұсталғаны және сотқа тартылғаны туралы ешқандай пікір білдірмеді.
Жақында республикалық телеарнаға берген сұхбатында Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы наурызда президент қызметінен кеткеннен кейін балалары және немерелерімен көбірек уақыт өткізуге тырысып жүргенін айтқан болатын. Бұрынғы президент жиені Айсұлтан Назарбаев жайлы ештеңе демеді.
ПІКІРЛЕР