Accessibility links

Дариға Назарбаева мемлекеттегі екінші тұлғаға айналды


Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен қызы Дариға. Алматы, 1 мамыр 2016 жыл.
Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен қызы Дариға. Алматы, 1 мамыр 2016 жыл.

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева парламент сенатының төрағасы болып сайланды. Оны бұл қызметке Назарбаевтың орнына мемлекет басшылығына келген Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынды.

СЕНАТТЫҢ ЖАҢА ЖӘНЕ БҰРЫНҒЫ ТӨРАҒАСЫ

Наурыздың 20-сы күні Қазақстан парламенті сенатының депутаттары елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваны сенат төрағасы етіп бірауыздан сайлады. Оның кандидатурасын содан бірнеше сағат бұрын Қазақстан президенті қызметіне жаңадан кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынды.

55 жастағы Дариға Назарбаева 2016 жылы қыркүйекте президент әкесінің жарлығымен сенат депутаты болып сайланып, кейін сенаттың халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетін басқарды. Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілетін доғарған күні оның үлкен қызы мемлекетті басқару жүйесіндегі екінші тұлғаға айналды.

Дариға Назарбаева (сол жақта) мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың суреттерінен коллаж.
Дариға Назарбаева (сол жақта) мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың суреттерінен коллаж.

Жаңа қызметке сайланғаннан кейін сөйлеген сөзінде Дариға Назарбаева әкесі белгілеп кеткен міндеттерді атқаруға барлық білімі мен тәжірибесін жұмсайтынын айтты.

"Еліміздің саяси және қоғамдық өмірінде, әсіресе қазіргідей тарихи шешуші кезеңде парламенттің атқаратын рөлін түсінемін. Елбасымыз (Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың заңда бекітілген мәртебесі - ред.) қоғамды жетілдіру, күнкөрісі нашар жандарды әлеуметтік қолдауды күшейту жөнінде зор міндеттер жүктеді" деді ол.

Дариға Назарбаеваға дейін сенат төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаев сәрсенбіде президенттік өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатқан Нұрсұлтан Назарбаевтың орнына мемлекет басшылығына келді.

Сәрсенбіде парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстанның екінші президенті ретінде ант бергеннен кейін сөйлеген сөзінде Тоқаев өзіне дейін осы қызметте болған Назарбаевтың жүргізген саясатынан айнымайтынын мәлімдеді. Ол тұңғыш президенттің "отандық және әлемдік тарихқа енген", "ұлттың әкесі ретінде жалғыз әрі өмірлік елбасы болып қалатынын" айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Қасым-Жомарт Тоқаев. Астана, 20 наурыз 2019 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Қасым-Жомарт Тоқаев. Астана, 20 наурыз 2019 жыл.

- Тұңғыш президенттің суреттері қоғамдық мекемелерде, мемлекеттік қызметкерлердің кабинеті мен білім беру мекемелерінде міндетті атрибут ретінде қала береді. Елбасының өмірлік қажеттілігі "Тұңғыш перзидент туралы" заңға сәйкес қамтамасыз етіледі, оның қызметтік құрылымдарының барлығы сақталады, - деді Тоқаев.

Бұған қоса ол стратегиялық шешімдерді қабылдау кезінде Назарбаевтың пікіріне басымдық берілетінін мәлімдеді.

ПРЕЗИДЕНТ ҚЫЗЫНЫҢ САЯСИ МАНСАБЫ

Дариға Назарбаева бұған дейін парламент мәжілісі төрағасының орынбасары, премьер-министрдің орынбасары болып істеген.

Бір кездері өзі құраған саяси партияны басқарып, ақпарат агенттігіне басшылық жасаған Дариғаның саяси өмірден алшақтап қалған кезі де болған. 2007 жылы жұбайы Рахат Әлиевке адам ұрлау, заңсыз ұстау, азаптау және кісі өлтіру, тіпті мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыну тәрізді айыптар тағылды. Қайынатасы Нұрсұлтан Назарбаевпен араздасқан Әлиев шетелге кетуді ұйғарды. Осыдан кейін Дариға Назарбаева біраз уақыт саясат алаңынан көрінбей кетті. Рахат Әлиев 2015 жылы Австрия түрмесінде жұмбақ жағдайда ажал құшты.

2012 жылы Дариға Назарбаева президенттік "Нұр Отан" партиясының тізімі бойынша парламент мәжілісі депутаты болып сайланып, әлеуметтік-мәдени даму комитетін басқарды. 2014 жылы сәуірде мәжіліс төрағасының орынбасары болып сайланды. Ол жолы да депутаттар Назарбаеваның кандидатурасын бірауыздан қолдан дауыс берді.

2015 жылы қыркүйекте Дариға Назарбаева премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалды. Осы қызметте болған кезде президент әкесіне ілесіп Лондонға барды. Екеуі Букингем сарайында британ патшайымы екінші Елизаветаның қабылдауында болды.

Арада бір жыл өткенде Дариға парламент сенатының депутаты болып тағайындалды.

2016 жылы көктемде халықаралық зерттеуші журналистер консорциумы (ICIJ) панамалық Mossack Fonseca заң фирмасының көмегімен оффшорлық есеп-шот ашқан әлемдегі бірқатар саясаткер, бизнесмен, спорт және шоу-бизнес саласындағы танымал тұлғалардың аты-жөні бар құпия деректерді жариялады. ICIJ дерегінше, Dariga N. Nazarbayeva есімді адам 2007-2012 жылдары британдық Виргин аралдарында тіркелген, 2011 жылы қарашада қызметін доғарған Asterry Holdings LTD оффшорлық компаниясының тең қожайыны болған. Mossack Fonseca материалдарында есімі аталған тағы бір адам – Дариға Назарбаеваның үлкен ұлы Нұрәлі Әлиев "Панама құжатары" жария болардың алдында аяқ астынан Астана әкімінің орынбасары қызметінен кеткен еді. Нұрәлі Әлиев пен Дариға Назарбаева оффшорлық есеп-шоттардың қожайыны ретінде аты-жөндері көрсетілген деректерге қатысты ешқандай түсініктеме берген емес.

Ашық ақпарат көздерінен алынған дерек бойынша, Дариға Назарбаеваның екі ұл, бір қызы бар. "Панама құжаттарында" аты аталатын Нұрәлі Әлиев Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашевтің қызына үйленген. Екінші ұлы Айсұлтан Назарбаев соңғы айларда қоғам назарына түспей жүр. Оның алдында Facebook әлеуметтік желісінде Aisultan Nazarbayev деген есіммен тіркелген аккаунтта президенттің жиені есірткі шырмауынан құтылу үшін емделіп, күресіп жатқаны туралы жазылған еді.

Дариға Назарбаеваның қызы Венера өткен жылы жазда заңгер Дален Шайжүнісовке тұрмысқа шыққаны туралы ақпарат тараған. Оған дейін Венера түрлі шығармашылық жобаларға қатысты.

Президенттің жиені кіммен тұрмыс құрды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:40 0:00

1990-жылдары Дариға Назарбаева "Хабар" телеарнасын басқарды. Оның бастамасымен құрылған Еуразия медиафорумында әдетте ғаламдық мәселелер қозғалып, Қазақстандағы сөз бостандығының жағдайы айтылмайтынын құқық қорғаушылар талай рет сынаған. Назарбаева құрған "Асар" партиясы кейін, 2006 жылы Нұрсұлтан Назарбаевты қолдайтын президенттік "Отан" партиясына қосылған. Кейін партия атауы "Нұр Отан" болып өзгерді.

Нұрсұлтан және Сара Назарбаевтардың үш қызы бар. Ортаншы қызы Динара Құлыбаеваны Forbes басылымы Қазақстандағы ең бай әйел деп атайды. Америкалық басылым Құлыбаеваның байлығы 3,2 миллиард доллар деп бағалайды. Тұңғыш президенттің кенже қызы Әлия Назарбаева "Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығы" заңды тұлғалғар бірлестігін басқарады. Кинофильмдер продюсері ретінде де танымал. Өткен жылы Әлия Назарбаева "Анаға апарар жол" фильмі үшін әкесінің қолынан мемлекеттік сыйлық алған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG