Accessibility links

Жымқыру мен қорғаштау. Ірі жемқорлықты әшкерелеген кәсіпкерді атып өлтірді


Кәсіпкер Айеркен Саймаити (ортада), Қырғызстан кедені басшысының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимов суреттерінен коллаж.
Кәсіпкер Айеркен Саймаити (ортада), Қырғызстан кедені басшысының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимов суреттерінен коллаж.

Қырғызстанмен байланысы болған кәсіпкер осы айда Түркияда қастандықпен өлтірілгенге дейін журналистерге Қырғызстан кеден қызметіндегі жемқорлықты және осы елден аса ірі көлемде ақша қалай шығарылғанын әшкерелейтін деректерді жасырын түрде берген. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі, OCCRP және Kloop басылымы бірлесіп жүргізген зерттеуде айтылған.

Қарашаның 10-ы күні Түркияның Стамбул қаласында белгісіз біреулер атып өлтіргенге дейін Қытайдан шыққан 37 жастағы этникалық ұйғыр Айеркен Саймаити журналистерге жасырын деректерді беріп, оған қоса Қырғызстан кеден қызметінің жоғары лауазымды шенеунігі мен ұйғырлардың көлеңкелі бизнес желісін тауар деректерін бұрмалап рәсімдеу және салықтан жалтару жолымен миллиондаған доллар заңсыз пайда тапқан деп айыптаған болатын.

Өміріне қауіп төнгендіктен 2017 жылы Қырғызстаннан кетуге мәжбүр болғанын айтқан Саймаити журналистерге Қырғызстаннан жүздеген миллион доллар ақшаны шетке қалай шығарғанын көрсететін жүздеген құжат берген. Ол бұл операциялардың ауқымды бөлігі заңсыз ақшаға байланысты жасалған деп мәлімдеген.

"Кедендегі миллиондар". Азаттықтың Қырғыз қызметінің видеосы:

Бұл ақшаның көбі Қытайдан шыққан этникалық ұйғыр, Қазақстан азаматының төлқұжатына ие Хабибула Әбдіқадыр басқаратын кланға тиесілі. Қарашаның 21-і күні зерттеу жарияланғанға дейін интернетте бұл адамның бірде бір фотосуреті болған емес.

Журналистер комментарий беруін сұрап бірнеше рет өтініш білдіргенімен, Әбдіқадыр отбасының мүшелері де, Қырғызстанның кеден қызметі мен күш құрылымдары да жауап берген жоқ.

Саймаити журналистерге 2011-2016 жылдар аралығында Қырғызстаннан 700 миллион доллардан астам қаржыны жалғыз өзі шетелге аударғанын айтқан еді. Оның бұл сөзі шындыққа қаншалықты сай екенін тексермек болған журналистердің әрекетінен нәтиже шықпады.

Сол тәрізді журналистерге Саймаити "шетелге аудардым" деген 700 миллион доллардың барлығының құжатын алу мүмкін болмады. Алайда ол аталған ақшаның жартысына жуығының құжаттарын – қолма қол ақшаның декларация формаларын, халықаралық банк аударымдары жайлы сұрауларды, банк құжаттарының көшірмелері мен өзге де құжаттарды көрсеткен еді. Бұл қағаздарда ақша жіберген және алған адамдардың аты-жөні, күні, айы мен жылы, шот нөмірлері және қаржы қай елге аударылғаны көрсетілген.

Бұған қоса Саймаити Қырғызстан кеден қызметінің бұрынғы ықпалды қызметкері Райымбек Матраимов Әбдіқадыр желісінің аймақтағы жүк тасымалын қорғауды қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарған деп мәлімдеген.

Бұл айтылғандарға байланысты журналистер Райымбек Матраимовтың өзінен комментарий алуға тырысып көрген еді. Бірақ оның отбасы мүшелері мен өкілдерінің көбі сауалға жауап бермеді, тек бұрынғы кеденшінің бауыры Искандер Матраимовтың көмекшісі ғана жауап қайтаруға көбірек уақыт беруге мұрсат сұрады.

Азаттықтың Қырғыз қызметі, OCCRP және Kloop басылымы бірлесіп жүргізген зерттеу Хабибула Әбдіқадырдың бақылауындағы компания мен Матраимовтың әйелі Дубайда жылжымайтын мүлік құрылысына бірге инвестиция салғанын көрсетті.

Саймаити журналистерге жеке басының қауіпсіздігін қорғау үшін Түркия азаматтығын алуға өтініш тапсырғанын, оны қарашаның 14-і күні аламын деп күтіп отырғанын хабарлаған болатын. Ол азаматтық алған соң журналистерге көп қаржы құжатын беретінін айтқан еді.

Қарашаның 10-ы күні Стамбул қаласында кафеде отырған Айеркен Саймаитиді белгісіз біреулер атып өлтірді. Түркия полициясы қылмысқа күдікті ретінде ұстаған бірнеше адамның айтқан уәжі түсініксіз болып отыр. Түрік полициясы әзірге бұл іс бойынша ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG