Accessibility links

Кеден басшылығынан қуылған Райымбек Матраимов сотта жеңді


Қырғызстан мемлекеттік кеден қызметі төрағасының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимов.
Қырғызстан мемлекеттік кеден қызметі төрағасының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимов.

Бішкектің Первомай аудандық соты Қырғызстан мемлекеттік кеден қызметі (ҚМКҚ) төрағасының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимовты қызметінен заңсыз босатқан деп тапты.

Сот шешімі күшіне енген жағдайда Райымбек Матраимов кедендегі қызметіне оралады.

"Райым миллион" деген лақап атпен танылған Райымбек Матраимов өзін қызметінен босату туралы Қырғызстанның экс-премьер-министрі Сапар Исаковтың шығарған бұйрығын заңсыз деп тануды және бұрынғы қызметіне қайта алуға міндеттеуді сұрап, 2018 жылғы сәуірде сотқа жүгінген.

Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев Первомай соты шешімін Матраимовтың "достары мен қолдаушыларының кек алуы" деп атап мәлімдеме жасады.

ТУЫСЫ СОТ ШЕШІМІН ҚҰПТАЙДЫ

Бішкек қаласының Первомай аудандық соты Қырғызстан Мемлекеттік кеден қызметі төрағасының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимовтың арызын мамырдан бері қарай бастаған. Ол соттан өзін қызметтен заңсыз босатылған деп тануды өтінген. Шағым иесінің адвокаты Татьяна Карыжинская сотта "Матраимовты жұмыстан шетелде емделіп жатқан кезде шығарды, ал мұны растайтын анықтама қағазы еленбеді" деп мәлімдеген. Ол соттан талап-арызды толық қанағаттандырып, клиентін қызметіне қайта алуға міндеттуді сұраған.


Райымбек Матраимов пен оның адвокаты Татьяна Карыжинская сот шешіміне қатысты әзірше комментарий берген жоқ. Матраимовтың туған ағасы, Жоғорку Кенештегі Қырғызстан социал-демократиялық партиясы (ҚСДП) фракциясының депутаты Искандер Матраимов інісін жұмыстан "негізсіз әрі себепсіз" шығарды деп мәлімдеп, сот шешіміне ризашылығын білдірді.

Искандер Матраимов.
Искандер Матраимов.

- Экс-президент өз сұхбатында "оны қызметтен алуды мен сұрағанмын" деп айтты. Таңертең жұмысқа келген адамды еш себебін айтпастан жұмыстан шығарып жіберген, бірақ бұған әлдебір себеп, негіздеме болуы тиіс қой. Екіншіден, оны жұмыстан шығару үшін Мемлекеттік кеден қызметі төрағасынан ұсыныс түсуі тиіс болған. Бір апта бойы ол кісінің қыр соңынан қалмай, әлгі ұсынысты алған. Інім саяси қызмет атқарған жоқ, сондықтан оны бұл бап бойынша шығарғандары дұрыс емес. Әкімшілік қызметкерлерді тексеру жүргізіп, соның ұйғарымы негізінде ғана жұмыстан шығара алады. Оны жұмыстан өздері шығарып жібергендері дұрыс болмаған, - дейді Искандер Матраимов.

Жұрт "Райым миллион" деп атайтын ҚМКҚ төрағасының бұрынғы орынбасары қызметінен сол кезде Қырғызстан үкіметін басқарған Сапар Исаковтың бұйрығымен 2017 жылғы қарашада алынған. Бұйрықта "Мемлекеттік азаматтық қызмет және муниципалды қызмет туралы" заңның 47-бабы 3-бөлімінің 1-тармағына сілтеме жасалған. Ол бапта "сенімсіздік білдірілген жағдайда қызметкер мемлекеттік орган, жергілікті өзін өзі басқару органы бастамасымен қызметінен босатылуы мүмкін" деп жазылған.

ЭКС-ПРЕЗИДЕНТ НАРАЗЫ

ҚСДП экс-президент Алмазбек Атамбаевтың Райымбек Матраимовқа қатысты сот шешімі жайлы мәлімдемесін таратты.

"Матриамов кедендегі қызметіне ресми түрде орала ма, жоқ па – бұған қарамастан, ел бюджетін құрайтын кеден және өзге де ұйымдарды ол және сол тәрізділер іс жүзінде басқара беретінін бүгін халыққа анық ұқтырды. Оның айналасындағы адамдардың коррупцияға қарсы күрес деген желеумен саяси оппоненттерінен кек алуы биліктің де, коррупцияға қарсы жарияланған күрестің де беделін түсіреді" делінген мәлімдемеде.

Алайда бұл істе экс-президенттің де рөлі болғанын еске түсіргендер де бар. Солардың бірі саясаттанушы Алмазбек Акматалиев Райымбек Матраимовтың қызмет мансабы Атамбаев президент болып тұрған кезде өрлеп, қызметтен қызметке ауысқанын ескертеді. Оның сөзінше, кезіндегі билік ешқандай шара қолданбаған.

Алмазбек Акматалиев.
Алмазбек Акматалиев.

- Біріншіден, бұл таң қаларлық әрі ешкім күтпеген оқиға болды. Соттар өздерінің шынайы бет-әлпетін көрсетті. Райымбек Матраимов туралы сөз қозғағанда біз Мемлекеттік кеден қызметі төрағасы орынбасары қызметіне дейін оны кім көтергенін ұмытпауымыз керек, оның басшы қызметке келуіне Алмазбек Атамбаевтың қосқан үлесі бар. Өзін кеден қызметіне Икрамжан Илмияновтің әкелгенін Матраимов ашық айтады ғой. Егер Матраимов шынымен коррупционер болып, кеденнің арқасында байыған болса, онда Атамбаев оны сол кезде неге қызметінен босатпаған? Онда байып алуына неге жағдай жасады? Біз осы сұрақтарға жауап іздеуіміз керек. Екіншіден, соттардың бәрінде бұрынғы режим тұсында келген судьялар отыр. Олар бұдан да маңызды мәселелерді осындай тұрғыда шешуі мүмкін. Меніңше, бұл жайт [қазіргі президент] Сооронбай Жээнбеков үшін үлкен дабыл болуы тиіс. Соттарда тазарту жүргізіп, судьяларды тәртіпке шақыру керек. Батукаевты босатқан кездегідей дүниелер болып жатыр. Матраимовтың өзі де ойлануы тиіс. Егер ол бұрынғы қызметіне оралса, бұл биліктің беделін ақсатады. Матраимовқа қатысты қилы әңгімелер, жанжалға ұласқан видеоматериалдар көп, сондықтан оның жүйеге оралуға тырысқаны дұрыс емес, - дейді Алмазбек Акматалиев.

Райымбек Матраимовтың арызын қанағаттандыру туралы сот шешімі қоғамда пікірталас тудырды. Жоғорку Кенештің бұрынғы депутаты Мээрбек Мискенбаевтің пікірінше, Райымбек Матраимовқа қатысты жайттар – "коррупциямен алалап күресудің" мысалы.

Мээрбек Мискенбаев.
Мээрбек Мискенбаев.

- Коррупцияға қарсы күрес деген сынды әңгімелердің бәрі – құр сөз ғана. Сооронбай Жээнбековтің сөздері істерімен қабыспайды. Бұл – жай жарнама. Сапар Исаковты неге қамады? "Райым миллионды" жұмыстан шығарғаны үшін. Кубанычбек Кулматовты не үшін қамап қойды? Матраимовтың қитұрқы істерін әшкерелеп, миллиондаған ақшаны мемлекет бюджетіне бұрғаны үшін. Жұрт Жээнбековтің коррупцияға қарсы күресетініне сенбейді, халық бәрін көріп, біліп отыр, - дейді Мискенбаев.

Парламенттегі Қырғызстан социал-демократиялық партиясы (ҚСДП) фракциясының депутаты Искандер Матраимов інісіне қатысты айыптауларды "қаралау" деп біледі.

- Коррупция деп экс-президент қана айтып жүр. Онда бұған дейін қайда қараған? Қазіргі кезде адамды қаралау оңай нәрсеге айналды, - дейді ол.

Құқық қорғаушы Динара Ошурахунова соттың Райымбек Матраимовқа қатысты шешімі биліктің коррупциямен күресу ниетіне күмән тудырады деп санайды. Ол Алмазбек Атамбаевтың Уақытша үкіметтің мүшелері мен Азимбек Бекназаровтың арасында Матраимовқа бола салғыласу болып, оның аудиожазбасы тарағанын ескертеді.

Динара Ошурахунова.
Динара Ошурахунова.

- Соттар президенттің сөзін келемеж еткен шешім шығарды. "Райым миллионның" кім екенін бәріміз білеміз. Егер коррупцияға қарсы күрес шынымен жүріп жатса, күресті "Райым миллионнан" бастау керек еді деген пікірлер айтылып жүр. Үстінен қылмыстық іс қозғалған кей коррупционерлер кейін елден қашып, кейбірі сотқа арызданып, қызметіне орал. Бұл мазақ ету ғой! Қызметінен заңсыз босатты дегендерге мен "Ал қызметке заңды түрде тағайындалып па еді?" деген болатынмын. "Райым миллион" заңды түрде тағайындалып па еді? Оны кім әрі қалай тағайындап еді? Азимбек Бекназаров пен Алмазбек Атамбаев екеуі ол үшін қалай салғыласып, қалай боқтасқанын ұмытып қалдық па? Қазір коррупция миығынан күліп, бәрімізді келемеж етіп отыр, - дейді Динара Ошурахунова.

Бұған дейін экс-президент Алмазбек Атамбаев Райымбек Матраимовты талай айыптап, "жұмыстан мен шығарттым" деп мәлімдеген.

Кезінде қызметке Алмазбек Атамбаев пен оның кеңесшісі Икрамжан Илмияновтың арқасында тағайындалғанын бұрын Райымбек Матраимовтың өзі де растап, енді Атамбаев оны неге сынайтынын "түсінбейтінін" айтқан.

Бұған қоса, Қырғызстан ішкі істер министрлігі 2017 жылғы 17 қазанда экс-президент Алмазбек Атамбаевтың қызы мен Райымбек Матраимовтың балдызы арасында жанжал болғанын хабарлаған. Сол күні Атамбаевтың қызы жәбірленуші ретінде арыз жазған. Ведомство дерегінше, "Бұзақылық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, Матраимовтың балдызы 48 сағатқа қамалған. Бірақ сотта екі жақ бітімге келіп, іс жабылған.

Кеденге қатысты Азаттықтың Қырғыз қызметінің арнайы зерттеуі:

(Азаттықтың Қырғыз қызметі тілшісі Элеонора Бейшенбекқызының мақаласы орысшадан аударылды.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG