Accessibility links

Мешіт алдында "садақа сұраған" белсенділерді полиция ұстап әкетті


Полицияның Санавар Закированы ұстап бара жатқан сәті. 22 қараша 2019 жыл.
Полицияның Санавар Закированы ұстап бара жатқан сәті. 22 қараша 2019 жыл.

Полиция Нұр-Сұлтанда Әзірет Сұлтан мешіті алдында "садақа сұрап", акция өткізген белсенді Санавар Закирова мен бірнеше адамды ұстап әкетті. Бұл ақпаратты оқиға орнында жүрген Азаттық тілшісі хабарлады.

22 қарашада күндіз жұма намазы уақытында Нұр-Сұлтандағы "Хазірет Сұлтан" мешітінің алдында Санавар Закирова бастаған бірнеше әйел "ақша жинау" акциясын өткізген. Белсенділердің айтуынша, олар бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын партия мүшелерінің шағымы бойынша өздеріне салынған өтемақыны төлеу үшін "садақа сұраған".

"Мені алты миллион теңге жинауға мәжбүрлеп жатыр. Менде ондай ақша жоқ. Көмектесіңіздерші. Ер азаматтар, сіздер жұма намазға барасыздар. Ақша жинауға көмектесіңіздерші. Мен қарапайым әйелмін. Менде адвокат жалдайтындай 100 мың теңге де жоқ. Назарбаевтың партия мүшелеріне ақша беріңіздерші. "Нұр Отан" партиясы 6 миллион теңге алғысы келеді" деп айқайлады Санавар Закирова.

Закирова бұл өтемақыны өтей алмаса, баспанасынан айрылуы мүмкін екенін айтты.

Жұма намазына жиылған кейбір тұрғындар белсенділердің садақа жәшігіне ақша тастады.

Акцияны әуел баста полиция жай ғана бақылап тұрған. Бірақ жұма намазы басталып, сырттағы адамдардың бәрі ішке кірген кезде арнайы жасақ өкілдері белсенділерді ұстап әкетті. Бірнеше әйелді ұстау үшін бір автобус жасақ келді.

Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Малыбаев оларды полиция бөлімшесіне апаратынын, 449-бап бойынша ("Қоғамдық орындарда тиісу") әкімшілік жазаға тартуы мүмкін екенін айтты.

18 қарашада Алматы қаласының Жетісу аудандық соты моральдық шығынның өтемақысы ретінде азаматтық белсенділер Санавар Закирова, Әлнұр Ильяшев және Марат Тұрымбетовті "Нұр Отан" партиясының төрт мүшесіне әрбіріне бір жарым миллион теңгеден (шамамен 3875 доллар) ортақтасып төлеуді міндеттеген. Сот шешімі күшіне енген жағдайда жауапкерлер "Нұр Отан" партиясына сот шығыны үшін 60 мың теңгеге жуық ақша төлеуі тиіс.

Сот сонымен бірге үш белсендіні Facebook-тағы парақшаларында "Нұр Отан" партия құруға кедергі жасады" деген мазмұндағы жазбаларын терістеуді де міндеттеген. Жауапкерлер соттан талап арызды қанағаттандырудан толық көлемде бас тартуын сұраған.

Оқи отырыңыз: Алматы соты "Нұр Отан" партиясының белсенділерге қарсы талабын қанағаттандырды

"Нұр Отан" мүшелерінің сотқа шағымдануына әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында белсенділер жариялаған жазбалар түрткі болған. "Нұр Отан" өкілдерінің айтуынша, бұл жазбаларда Закирова, Ильяшев және Тұрымбетов "шындыққа сәйкес емес ақпарат" таратқан.

Биыл көктемде белсенді Санавар Закирова "Наше право" партиясын құру және құрылтайын өткізу туралы бастама көтеріп, ақпарат жариялағалы бері түрлі кедергілерге тап болғанын мәлімдеген еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG