ҚҰЖАТТА НЕ ЖАЗЫЛҒАН?
ICIJ жариялаған құжатта "лагерьге түскендер қашып кетпес үшін не істеу керектігі, лагерьлердің барын құпия ұстау әдістері, ауру тараудың алдын алу әдістері, идеология жүргізу тәсілдері, қамаудағылардың дәретханаға шығатын, жақындарымен кездесетін уақытына" дейін көрсетілген.
2017 жылы "дайындалған" құжатқа Шыңжаң қауіпсіздік қызметінің жетекшісі, Коммунистік партияның Шыңжаңдағы басшысының орынбасары Чжу Хайлинь қол қойған.
ICIJ бөліскен құжаттағы деректерге қарағанда, Пекиннің Шыңжаңда үш миллионға жуық адамның әр басқан қадамын арнайы камералар және компьютерлермен аңдып отырған, лагерьге қамалатын адамдарды жеке бас деректері негізінде анықтаған.
"Құпия" деген белгісі бар құжаттағы негізгі нұсқаулықтар:
- Лагерьдегілер қашып кетпеуі тиіс. Сондықтан олардың әр қадамын тәулік бойы видеокамерамен бақылау керек. Оларды жататын жерде, сабақ өтетін сыныпта, тіпті түскі ас кезінде де бақылауда ұстау қажет.
- Қытай тілін меңгерсін. Бұл – басты мақсат.
- Лагерь қатаң бақылануы тиіс. Әр ғимаратқа, әр есікке, әр қабатқа бірнеше есік қойып, олардың барлығын құлыптау керек. Әр ғимараттың аумағы биік қабырғамен қоршалып, кіреберіс қақпаға қатаң күзет қойылсын.
- «Студенттердің» басында қанша уақытқа қамалатыны белгісіз болады. Бірақ олар кем дегенде бір жыл отырып шығуы тиіс.
- Лагерьге ұпай жүйесі енгізілсін. "Студенттер" идеологиялық тәрбиесіне, тәртібіне, оқуына қарай ұпай берілсін.
- Идеологиялық тәрбиені толық алып шыққандарды бірден босатуға болмайды. Оларды басқа лагерьге ауыстырып, тағы бірнеше ай еңбекке баулу керек.
- Қамаудағылар жақындарымен аптасына бір рет телефонмен, айына бір рет видеомен байланыса алады. Бұл олардың сыртпен байланысатын жалғыз амалдары болады. Егер тәртіп бұзса, жақындарымен сөйлесуге тыйым салынады.
- "Студенттер" ауырып қалса не басқа да төтенше жағдай болса ғана лагерьден шығарылады. Олар орталықтан шыққан кезде қызметкерлердің қатаң бақылауында болуы шарт.
- Оқитындардың жататын орны, сыныптағы партасы, жұмыс үстелі, тамақтағы кезегіне дейін бекітілуі тиіс. Оны мүлде өзгертуге болмайды. Ұйқыға жататын, ұйқыдан оянатын, жуынатын, дәретханаға баратын уақытына дейін белгіленуі керек.
ICIJ қолға түсірген құжаттарлы тіл мамандары мен сарапшылар толық тексерген. SOS International LLC зерттеу ұйымының өкілі Джеймс Малвенон "Телеграмма" 100 пайыз құпия құжаттар стилінде жазылған» дейді.
"ҚЫТАЙ ЛАГЕРЬ АШУҒА ТЫҢҒЫЛЫҚТЫ ДАЙЫНДАЛҒАН"
Құжатпен танысып шыққан тағы бір маман – Вашингтондағы коммунизм құрбандарын еске алу қорының Қытай бойынша зерттеушісі Адриан Зензтің ойынша, Пекин Шыңжаңдағы лагерьлерді ашпас бұрын тыңғылықты дайындалған.
"Бұл құжаттардан Қытай билігінің Шыңжаңдағы саяси тәрбиелеу орталықтарын құпия ұстау жоспарын көруге болады. Құжаттың 2017 жылы дайындалғанын анықтау да өте маңызды болды. Себебі Шыңжаңдағы қайта тәрбиелеу орталықтары сол жылдан бастап жұмысын бастаған" дейді ол.
Вашингтон унивреситетінің оқытушысы, ұйғыр мәдениетін зерттеуші Даррен Байлер "Бұрын қытайлық ханзулар ұйғырларды "өмірден қалып кеткен" деп атайтын. Содан болса керек ересек адамдарға қалай жуынып, қалай дос табу керегін үйреткісі келеді" дейді.
Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымының Қытай бойынша директоры Софи Ричардсон ВВС сайтына берген cұхбатында "ICIJ таратқан құжаттың негізінде Қытайға қатысты тергеу жүргізу керек. Бұл құжат – адам құқығының қалай бұзылып жатқанын көрсететін дәлел. Осы құжат негізінде қандай да бір шара қолдану қажет" деген.
ҚЫТАЙ НЕ ДЕЙДІ?
Қытайдың Ұлыбритандиядағы елшілігі The Guardian басылымына ICIJ таратқан құжатты "қолдан жасалған және жалған" деп мәлімдеді.
"Біріншіден Шыңжаңда қамау лагерьлері жоқ. Терроризмнің алдын алу үшін кәсіби білім беру орталықтары ашылған. Үш жыл бұрын Шыңжаңдағы жағдай қиын еді. 90 жылдардың басынан бастап 2016 жылға дейін бұл жер террористердің шайқас алаңы болған. Олардың әрекетінен мыңдаған бейбіт тұрғын өлді. Қазір Шыңжаң – Қытайдың ең әдемі, тыныш әрі дамыған аймағы... Орталықта қытай тілін оқу маңызды. Себебі бұл тілде бүкіл ел сөйлейді. Орталықтағылар қалаған уақытында сыртқа шығып, жақындарына барып қайтады" деп жазылған Қытай елшілігінің мәлімдемесінде.
Қытай Шыңжаңда лагерьлер ашып, оған ұйғырлар, қазақтар және басқа да түркітілдес ұлттарды қамап жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылы тарай бастаған. Пекин басында лагерьлердің барын жоққа шығарып, кейін бұл жерлерді "терроризм мен экстремизммен күресетін және кәсіп үйренетін орталық" деп сипаттаған. Былтыр БҰҰ "Шыңжаңдағы лагерьлерде бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да түркітілдес ұлт өкілдері отыр" деп мәлімдеген.
16 қарашада америкалық New York Times Қытай билігіне тиесілі құжаттарды жариялаған. Онда түркітілді азаматтар тұратын аудандарды ұдайы тексеру қажеттігі айтылады. Құжаттар арасында отбасы мен туыстары лагерьлерге қамалған, өздері шетелде және ішкі Қытайда оқитын студенттерге шенеуніктердің не деп жауап беру керегі де көрсетілген. Нұсқаулық бойынша, "Отбасым қайда?" деген студентке шенеунік "Олар үкімет құрған оқу орталығында. Орталықтағы сабақ қатаң бақылауда өтеді. Отырғандар әбден түзеліп шықпайынша, сыртқа шыға алмайды. Егер жақындарыңыз қаласа видео байланыс орната аламыз" деп жауап беруі тиіс.
Құжаттарды зерттеген New York Times "Қытай басшысы Си Цзиньпиннің Шыңжаңда жиын өткізіп, аймақтағы түркітілдес ұлттарды бақылауға бұйрық бергенін" жазды. Қытай билігі газет жариялаған деректерді де "фейк" деп атаған.
ПІКІРЛЕР