Accessibility links

«Тоқаев Назарбаевты жұбатып қойды». Президент сұхбаты нені аңғартты?


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) Омскіде өткен аймақаралық қарым-қатынас форумында. 7 қараша 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) Омскіде өткен аймақаралық қарым-қатынас форумында. 7 қараша 2019 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың неміс басылымына берген сұхбатында айтқандары қызу талқыға түсіп, мәлімдемелері ел ішінде ғана емес, шетелде де сынға ұшырады. Қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев «Тоқаев өзінің тәжірибелі дипломат емесін көрсетті» дейді.

Желтоқсанның 4-і күні жарияланған сұхбатта Deutsche Welle неміс телерадиокомпаниясының журналисі Жанна Немцова Тоқаевтан «Қазақстан билігі Украинадағы жағдайдан, Қырым аннексиясы мен ел шығысындағы соғыстан шошып қалды ма?» деп сұрайды. Тоқаев оған «Қырымда болған жағдайды аннексия деп атамаймыз. Аннексия – тым ауыр сөз» деп жауап береді.

Украинаның сыртқы істер министрлігі президенттің бұл сөзін сынап, Қазақстанға демарш жолдайтынын мәлімдеді. Кейбір украиналықтар Тоқаевты «еліміздің территориялық тұтастығын құрметтемей, достық жайлы келісімді, халықаралық-құқықтық нормаларды бұзды» деп айыптады. Қазақстандық желі қолданушылары да дипломат болып істеген президенттің кәсібилігіне күмән келтірді.

Тоқаевтың Қырымға қатысты мәлімдемесіне Ресей билігінің өкілдері ғана оң қабақ танытты. Ресей мемлекеттік думасының депутаты Қазақстан президентінің сөзін «батылдық» деп атады.

Азаттық қазақстандық саясаттанушы, Тәуекелдерді бағалау тобының директоры Досым Сәтпаевтан Тоқаев сұхбатының даулы тұстары туралы сұрады.

Азаттық: Бұған дейін Нұр-Сұлтан 2014 жылы Ресей өз жері деп жариялаған Қырым туралы позициясын анық білдірмей келген. Тоқаевтың бұл мәлімдемесі нені аңдатты?

Досым Сәтпаев: Бұған дейін Қазақстан билігінен ешкім «Қырым аннексиясы» термині жайлы мәлімдеме жасамаған. Таңқалдым. Бұрын сыртқы істер министрі болған адам мұндай сауалға дипломат сияқты жауап беруі керек еді. Оның үстіне таяуда ғана Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев [Ресей президенті Владимир] Путин мен [Украина президенті Владимир] Зеленскийді келіссөзге шақырған. Ал Тоқаев осы мәлімдемесімен Киевтің шамына тиіп, дипломатиялық ахуалды бұзды. Бұл қате қадам болды. Қазақстан мен Ресей түрлі бағытта серіктес екені белгілі. Бірақ Қырым дауы мен Украина шығысындағы соғыс Ресей мен әлем елдері арасындағы текетірестің негізгі нүктесі екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан осы мәселеге келгенде Қазақстан өзінің Ресейді жақтап тұратынын байқатпай, бейтарап болуы керек еді.

Қазақстан – постсоветтік кеңістікте Украинадан дипломатиялық нота алған жалғыз ел. 2014 жылы Қырым статусы туралы референдум болғанда Назарбаев тура айтпаса да, жанама түрде «Халық нені қалайтынын көрсетті» деп, референдум нәтижесін мойындаған. Яғни, Тоқаевқа дейін де Нұр-Сұлтанның Қырымға қатысты позициясы ресейшіл еді. Бірақ, қайталап айтайын, Тоқаев сияқты ашық айтқан емес. Осы сөзі арқылы Тоқаев Мәскеудің жағында екенін көрсетті.

Негізінен Тоқаев ебедейсіздеу сөйлеп қойғаны болмаса, төтенше мәлімдеме жасаған жоқ. Қырымға қатысты Қазақстан позициясын елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев айқындап кеткен. Тоқаев та соны ұстанады.

Қасым-Жомарт Тоқаев ант беру рәсімінде бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевпен қол алысып тұр. 20 наурыз 2019 жыл.
Қасым-Жомарт Тоқаев ант беру рәсімінде бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевпен қол алысып тұр. 20 наурыз 2019 жыл.

Азаттық: Ұзақ жыл сыртқы істер министрлігінде дипломат болып, екі жыл Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары болған Тоқаевтың бұл мәлімдемесі сізге тосын көрінбей ме?

Досым Сәтпаев: Тоқаевтың сұхбат мені алаңдатып тастады. Ол Еуропаның кейбір елін, мәселен Германияның жетістіктері мен басым жақтарын айтып, мақтап қойды. Бірақ «басқа елдерде билік митингілерде күшпен таратады» деп, Франция мен соған көрші елдерге емеурін жасады.

Сонымен қатар Ресей мен Қытайды асыра, тіпті шектен тыс мақтап жіберді. Ең қызығы Ресей мен Қытайды көтермелеп отырып, Тоқаев Қазақстанның ең ірі экономикалық серіктесі Еуропа одағы екенін ұмытып кетті. Қазақстан мұнайын сатып алатындардың негізгі бөлігі – Еуропа елдері. Саудаға келгенде Ресей мен Қытай екінші және үшінші орында тұр. Сондықтан, меніңше, Тоқаев абайлап сөйлеуі қажет еді. Оның технологтары, кеңесшілері мен сөзін әзірлейтіндер президентті сұхбатқа дұрыстап дайындауы керек еді.

Сұхбаттан Ақорда мен «кітапхана» (экс-президент Назарбаев отырған Тұңғыш президент кітапханасын айтады – ред.) Ресей мен Қытайды негізгі серіктесі ретінде көретіні байқалды. Бұл алаңдатпай қоймайды. Себебі Қытай мен Ресей – Қазақстанды серіктес емес, сателлит деп санайтын империялық түйсіктегі амбициялы елдер. Әлемге өзімізді олармен тым жақын серіктес етіп көрсету «Қазақстан сол екі елдің сателлиті екен» деген ойды күшейте түседі.

Тоқаев Ресей мен Қытайды мақтап-мадақтау арқылы Пекин мен Мәскеуге «президенттікке мен келгеніммен, сыртқы саясатта өздеріңмен серіктестігіміз жалғаса береді» деп емеурін жасады.

Бірақ Тоқаев Қазақстан қоғамында антиресейшіл және антиқытайшыл көңіл-күй барын ескеруі керек. Ел ішінде ұлттық-патриоттық көңіл-күй сөзсіз күшейе береді. Ресей мен Қытай саясатына қырын қарайтындар қатары арта бермек. Сондықтан алда Тоқаев үлкен қиындыққа кезігуі мүмкін. Яғни, Нұр-Сұлтан өзін Ресей мен Қытайдың жақын серіктесі етіп көрсетеді, ал ел іші екіге жарылып жатады. Бұл Тоқаевтың ғана емес, Қазақстанның келесі президенттерінің де алдынан шығады. Себебі енді Назарбаев кезіндегі Қазақстан жоқ. Қазақстан өзгерді.


Азаттық: Қазақстан президенті «Қытайдағы түркітілдес халықтардың, оның ішінде қазақтардың қысым көріп жатқаны туралы халықаралық ұйымдардың көп мәлімдемесі жалған» деді. Екі жылдан көп уақыт айтылып келе жатқан мәселеге Тоқаевтың бұлай деп жауап бергенін қалай бағалайсыз?

Досым Сәтпаев: Тоқаевқа Шыңжаңдағы жағдай туралы сұрақ қойылатыны белгілі еді. Оның бұл сөзі Қазақстан ішінде наразылық туғызды. Жоққа шығарудың не мәні бар? Бұл сұраққа Тоқаев Қытай қазақтарының мәселесін өзекті түйткіл деп санайтын жұрттың шамына тимейтіндей етіп, дипломат сияқты жауап беруі қажет еді. Кейбір сұрақтарға Тоқаев, дипломатия жағынан алғанда, сәтсіз жауап берді. Оның салдары болары анық. Сыртқы саясат жағынан алғанда Тоқаев тәжірибелі дипломат ретінде сөйлеген жоқ.

Видео: Полиция "Тоқаев үшін кешірім сұрамақ болған" суретшіге кедергі жасады. 5 желтоқсан 2019 жыл.

Полиция "Тоқаев үшін кешірім сұрамақ болған" суретшіге кедергі жасады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:52 0:00


Азаттық: Тоқаев ішкі саясат туралы сауалдарға да жауап берді. «Қазақстанда қос билік жоқ» дегенін тағы қайталады. Бірақ Назарбаев туралы бірнеше рет айтып, оны «мемлекет негізін қалаған адам» деп сипаттады. Экс-президентпен кеңесіп отыратынын айтты. Тоқаев экс-президенттен тәуелсіз билік құра алатынына қоғамда күмән да аз емес. Бұл мәлімдеме мұндай пікірді күшейтіп жібермей ме?

Досым Сәтпаев: Тоқаев осы сұхбатында өзінің де, Назарбаевтың да биліктегі орнын айқын көрсетті. Яғни, Назарбаев – елдің саяси, стратегиялық дамуын көрсететін бағыттаушы, ал Тоқаев – орындаушы. «Ақорда мен «кітапхана» арасында бөліну бар» деген сыбыс күшейген тұста Тоқаев осындай мәлімдеме жасауы керек болды. Тоқаев сұхбат бергенде бірнеше аудиторияны көздеген сияқты. Бірі – халықаралық, екіншісі – ел іші. Ел ішіндегі аудиторияны да өзінше жіктеген. Сұхбатта жасаған мәлімдемелерінің бірі «кітапханаға» бағытталған еді. Сыбыс күшейген шақта Назарбаевта да Тоқаев жайлы күдік туғаны сөзсіз. Тоқаев Назарбаевты жұбатып қойғысы келді. Тоқаевтың саяси амбициясы пайда болуы мүмкін екені даусыз. Тіпті қазір кейбір мәселеге келгенде байқалып қалып жатады. Бірақ оған тұсау болып тұрған шектеу көбін ескерсек, қазір ол түрлі жағдайдан амалдап жол табуға мәжбүр. Тоқаев сыртқы саясатқа қарағанда ішкі ахуалда көбірек дипломат болып шықты. «Стратегиялық мәселелерге келгенде Назарбаевтың пікірі маңызды» деу арқылы Тоқаев бірінші президенттің көңілін табуға тырысты. Бұл сұхбат Тоқаев билігі шектеулі деп санайтын азаматтарға негізгі билік әлі де «кітапханада» екенін дәлелдеді.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет!

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG