Гонконг полициясы жаңа, 2020 жыл басталрттығаннан кейін бірнеше минуттан соң демонстранттарға жас ағызатын газ шашты.
Жаңа жыл түні Гонконгтегі қаржы орталығына жиналған мыңдаған адам жұртты революцияға шақырып, 2020 жыл басталуына санаулы уақыт қалғанда барлығы қосылып айғайлап, кері санауды бастаған болатын деп хабарлайды жергілікті баспасөз құралдары.
Қаланың бір ауданында полиция баррикада орнатпақ болған наразыларды тарату үшін су шашты. Жаңа жылға біраз уақыт қалғанда кезде мыңдаған наразы қаладағы негізгі көшелердің бірін жауып тастаған. Сауда орталықтары арқылы шеру тартып жүріп өткен олар жұртты демократия үшін күресті жалғастыруға шақырған.
Қаланың орталығындағы негізгі маңызды көшелердің бірі Натан-Роудта наразылар бірнеше шақырымға созылған шеп құрып тұрды. Қосулы смартфондарын көтеріп ұстаған наразыларға сол маңнан өткен автокөліктер қолдау білдіріп, дыбыстап белгі берді. Наразылардың көбінің қолында "2020 жылы күресті бірге жалғастырайық" деген жазу болды.
Автономия билігі қауіпсіздік шараларын алға тартып, соңғы он жылда алғаш рет жаңажылдық отшашуға тыйым салды.
1 қаңтар күні таңертең Гонконгтің ондаған мың тұрғыны "Еркіндік азат болған жоқ" деген ұранмен демократияны қорғау талабын айтып, тағы да шеруге шықты. Олар бұған дейін наразылық акцияларын күштеп таратқан кездегі полицияның іс-қимылын тексеруді және ұсталғандар мен қамалғандардың барлығын рақымшылық жасап, босатуды талап еткен.
Гонконгтегі жаппай наразылық 2019 жылдың маусымынан бері жалғасып жатыр. Әуелде тұрғындар Пекиндегі билік диссиденттерге қарсы қолдануы мүмкін деген қауіппен күдікті азаматты Қытайға экстрадициялау туралы заңға қарсылық білдірген. Бірақ кейін наразылыққа қатысушылар Қытайдан тәуелсіздікті кеңейту және демократиялық реформа жүргізуді талап қоя бастаған.
Гонконгтегі наразылық акциялары әдетте полициямен қақтығыс ұласатын. Полиция бұған дейін бірнеше рет демонстранттарды тарату үшін су мен жас ағызатын газ шашқан. Наразылық шерулері басталғалы бері алты мыңнана астам адам ұсталған. Бір адам мерт болған.
ПІКІРЛЕР