Accessibility links

Өртенген үйлер, арнайы жасақ. Қордайда не болды?


Масанчи ауылында жүрген арнайы жасақ. 8 ақпан 2020 жыл.
Масанчи ауылында жүрген арнайы жасақ. 8 ақпан 2020 жыл.

Жамбыл облысы Қордай ауданында этникалық жанжал болып, ер адамдар ауылдардағы ғимараттар мен үйлерді өртеп, көліктерді қиратқан. 7 ақпан кешкісін шыққан жанжалдан жүздеген адам көршілес Қырғызстанға қашты. Қазақстан ішкі істер министрлігі жанжалдан он адам қаза болып, ондаған адамның жараланғанын хабарлады. 8 ақпан кешкісін Жамбыл облысының әкімдігі Қордайда төтенше жағдай жариялады.

Қордай ауданында болған бұл оқиға – Жамбыл облысында соңғы жылдары болған ең ірі жанжал. Этникалық қазақтардың этникалық дүнгендермен жанжалдасуына не себеп болғаны нақты белгісіз.

Азаттық тілшісі сөйлескен кейбір адамдардың сөзінше, қазақтар мен дүнгендер арасында біраз уақыттан бері түсініспеушілік болған. Жанжалдан зардап шеккен Масанчи ауылында тұратындардың басым бөлігі дүнгендер және ауылдағы дүкендердің көбі дүнген отбасыларына тиесілі.

Қордай ауданындағы Сортөбе, Ауқатты ауылында да жанжал болғаны хабарланды. Бұл ауылдардағы тұрғындардың көбі – дүнгендер.

8 ақпанда түнде Қазақстан органдары аймаққа арнайы жасақ жіберген. Азаттық тілшілерінің хабарлауынша, қалқан ұстап, каска киген арнайы жасақ пен полиция Масанчи ауылына баратын жолды жауып тұрған.

Видео: Қордайдағы ахуал

Төбелес болған Қордайдағы ахуал
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:47 0:00

Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың сөзінше, жанжалдан кем дегенде 40 адам жараланған, 47 адам ұсталған.

8 ақпанда тұрғындар, көбі қазақ, Қаракемер мен Масанчи арасындағы жолға жиналып, полициядан ұсталғандарды босатуды талап етті. Кейін билік ұсталғандардың босатылғанын хабарлаған соң жиналғандар тараған.

Жанжал болған Қордай ауданы Қырғызстанмен шекараға жақын орналасқан.

Басым бөлігі дүнген ұлтының өкілдері тұратын Масанчи ауылында дүкендер, ғимараттар қираған я өртенген. Ауылда өрт сөндірушілер өртенген ғимараттарды өшіріп жатқаны байқалды. Масанчи ауылының тұрғыны, ұлты дүнген Халима Исерова Азаттық тілшісіне жанжал кезінде ағасының мерт болғанын айтты.

“Біз емес, жанжал шығарғандар жазалануы керек еді” деді 50 жастағы Исерова Азаттық тілшісіне.

Төбелестен кейін этникалық дүнгендердің бір тобы Қырғызстанға бас сауғалаған. Қазақстанның 20 азаматы Қырғызстанда дәрігерлер көмегіне жүгінген. Он адам Тоқмоқтағы ауруханаға, екі адам Бішкектегі ауруханаға жатқызылған.

Тоқмоқтағы ауруханада жүрген Қазақстан азаматы Харсан Субахунов Азаттықтың Қырғыз қызметіне жанжал басталмас бұрын ауылда сыбыс болғанын айтты

“Өте қорқынышты болды. Отбасымның қауіпсіздігі үшін алаңдадым. Оларды қорғау қамын ойластыра бастадық. Біреу жалған ақпарат таратып, оған адамдар сеніп қалған. Нәтижесінде кінәсіз адамдар зардап шекті” деді ол.

Кейбір дерек бойынша екі күнде Қазақстаннан Қырғызстанға 4500-дай адам өткен.

Видео: Қордайдағы жанжалдан соң жүздеген адам Қырғызстанға қашты

Қордайдағы жанжалдан соң жүздеген адам Қырғызстанға қашты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:22 0:00

8 ақпанда Нұр-Сұлтанда өткен баспасөз мәслихатында ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Масанчи мен басқа ауылдарда 30 үй, 15 дүкен, 20 көлік қирағанын айтты.

8 ақпанда таңертең Масанчи ауылына барған Азаттық тілшілері ауылда өртенген үйлердің көп екенін көрді. Кейбір ғимараттың төбесі де жоқ. Тұтас жанып кеткен ғимараттар да бар. Тұрғындардың айтуынша, "орталық жақта қираған үйлер көп, ауыл ішінде түтінге қақаласың". Әр жерде тас, таяқ, әйнек, газ баллондары шашылып жатты.

Масанчи ауылы. 8 ақпан 2020 жыл.
Масанчи ауылы. 8 ақпан 2020 жыл.

7 ақпанда WhatsApp мессенжері мен желіде "Қордайда түсірілген" деп тараған видеоларда қолдарына таяқ, темір ұстаған ер адамдар, өртенген ғимараттар, терезесі мен жарығы сынған көліктер байқалған. Бұл видеолардың Қордайда түсірілгенін анықтау мүмкін болмады.

Қазақстан билігі “жұртты тек ресми ақпаратқа сенуге шақырып, жалған ақпарат таратқандар жазаланатынын” мәлімдеді.

Жамбыл облысы әкімі Асқар Мырзахметов 8 ақпан кешкі тоғыздан бастап Қордай ауданында төтенше жағдай жариялады.

Бұдан бөлек, Алматы қаласында “Барахолка” базары уақытша жұмысын тоқтатты. Бұл базарда дүнгендердің сауда орындары бар. Қала шетіндегі Заря Восток шағын ауданын полиция қоршауға алған. Бұл елдімекен тұрғындарының біраз бөлігі – дүнген ұлтының өкілдері.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG