Accessibility links

Сарыағаштағы оқиғаны «түсініспеушілік» деп атады


"Сарыағаш ауданында болған оқиға" деп сипатталған YouTube видеосының скриншоты.
"Сарыағаш ауданында болған оқиға" деп сипатталған YouTube видеосының скриншоты.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы тәртіпсіздік жайлы ресми мәлімдемелер бүгін ғана жария болды. Ондағы қазақтар мен тәжіктер тұратын екі ауылда адамдар бірнеше көлік пен үйді өртеген.

Ақпанның 5-і күні түнде әлеуметтік желілерде Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Жартытөбе ауылдық округіне қарасты Бостандық және Ынтымақ ауылдарындағы «қақтығыс» жайлы хабар тарады. Ал ақпанның 6-сы күні интернетте «Сарыағашта болған оқиға» ретінде сипатталатын видео мен фотосуреттер көбейді.

«ЖАНЖАЛ ТУДЫРМАУДЫ ӨТІНДІ»

Сарыағаш ауданындағы Бостандық және Ынтымақ ауылдары тұрғындарының Азаттық тілшісіне айтуынша, ондағы наразылыққа Сарыағаш аудандық мемлекеттік кіріс басқармасының бас маманы, 1985 жылы туған Бақытжан Артықовтың өлімі себеп болған. Полиция Артықовтың өліміне Бостандық ауылының тұрғыны, 1976 жылы туған Н.Нарметовті күдікті деп тауып, оған іздеу жариялаған еді.

Тұрғындар ақпанның 3-інде сүйегі табылған Бақытжан Артықовты жерлеген күні аудан басшылығы келіп, жұрттан «жанжал тудырмауды» өтінгенін айтады.

– Алайда ақпанның 5-і күні кешке Ынтымақ ауылында бір топ жас жиналып, наразылық білдірді, – дейді Ынтымақ ауылының тұрғыны Балжан Асанова бұл оқиға жайлы.

Ынтымақ ауылындағы азаматтардың әрекетіне сондағы Айни атындағы 8-мектептің директоры Рано Абдураимова да куә болғанын айтады.

– 5 ақпанда кешкі сағат 6-ға қарай ауыл орталығына 200-ге жуық азамат жиналып, тәжіктерге тиесілі бірнеше үй мен дүкенді және бірнеше көлікті өртеп, қирата бастады. Олар мектеп директорының кабинетін де өртемек болды. Бір топ азамат әрі қарай көршілес Бостандық ауылына беттеді, – дейді Рано Абдураимова.

Бостандық ауылына келген адамдардың ісін сондағы Ғафуров атындағы тәжік орта мектебінің директоры Тошби Мехреддинова сипаттап берді.

– Ауылға келген 200-ге жуық адам тәжіктерге тиесілі болуы мүмкін деп оннан астам көлік пен үйді өртеп, он шақты көлікті қиратты. Әртүрлі ұран айтқан азаматтар тәжік мектебінің де есік-терезесін сындырды. Көршілес Еңкес ауылында да осыған ұқсас оқиғалар болған, – дейдіТошби Мехреддинова.

Жартөбе ауылдық округі тұрғындарының айтуынша, Ынтымақ пен Бостандық ауылдарында оқиға бастала бере аудан орталығы Сарыағаштан, облыс орталығы Шымкенттен полиция жасақтары мен әскери техника мінген солдаттар келген. Олар ақпанның 5-інен 6-сына ауған кезде, түнгі сағат 3 шамасында ғана жиналған жұртты таратқан.

«ЖАЗЫҚСЫЗ ЖАНДАРДЫ АЙЫПТАУ ДҰРЫС ЕМЕС»

Ынтымақ ауылындағы мектептің директоры Рано Абдураимова 18 мыңға жуық тұрғыны бар Жартытөбе ауылдық округі халқының шамамен үштен бірі тәжік, өзгесі қазақ ұлты өкілдері екенін айтады. Оның сөзінше, «тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан жергілікті тұрғындар арасында кикілжіңдер бұрын да болған, бірақ мұндай деңгейге жетпеген».

Адам өлтірді деген күдікті ұсталып, жазасын алуы тиіс. Бірақ ол үшін басқа жазықсыз жандарды жаппай айыптау дұрыс емес.

– Адам өлтірді деген күдікті ұсталып, жазасын алуы тиіс. Бірақ ол үшін басқа жазықсыз жандарды жаппай айыптау дұрыс емес. «Тәжіктер көшсін, кетсін» деп жатқандар бар. Көшеге шыққандар біздің ауылдың жастары ғана емес, араларында басқа жақтан келгендер де бар сияқты. Біз қазір бала-шағамызды уайымдап отырмыз, – дейді Ынтымақтағы мектептің директоры Рано Абдураимова.

Рано Абдураимова мен оның Бостандық ауылындағы әріптесі Тошби Мехреддинованың айтуынша, 6 ақпанда ауылға аудан мен облыс басшылары келіп жиын өткізген, аудандық білім басқармасының тапсырмасы бойынша бүгін мектептерде сабақ болмаған.

Аудан мен облыс басшылары өткізген жиынға қатысқандардың бірі, Ынтымақ ауылының тұрғыны Балжан Асанованың сөзінше, жиналысқа аудан басшыларымен бірге Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов те келген.

– Біздің ауылдық округте мұндай кішігірім кикілжіңдер бұрын да болған еді. Бірақ мәселе ушықтырылмай шешілетін. Облыс әкімі бұрынғы жағдайларды өзінің білмегенін айтып, ауыл әкімін қызметінен босатты, «тәжіктерді көшіру» жөнінде айтқан тұрғындарды тыныштыққа шақырды, – дейді Балжан Асанова.

Тұрғындар Жартытөбе ауылдық округіне кіретін жолдардың барлығын полиция мен солдаттар бақылап тұрғанын хабарлады.

Сарыағаш аудандық ішкі істер бөлімінің Азаттыққа айтуынша, Ынтымақ және Бостандық ауылдарындағы тәртіпсіздік байланысты ешкім қамауға алынбаған.

Жергілікті қазақтар мен тәжіктер арасында түсініспеушілік болғаны рас, бірақ қазір бәрі қалыпқа түскен.

– Жергілікті қазақтар мен тәжіктер арасында түсініспеушілік болғаны рас, бірақ қазір бәрі қалыпқа түскен, – деді Сарыағаш аудандық ішкі істер бөлімінің кезекшісі.

Сарыағаш ауданы прокуратурасы ешқандай мәлімет бере алмайтынын айтып, жауап беруден бас тартты. Ал аудан әкімі Бұқарбай Парманов «ешқандай оқиға болмағанын» мәлімдеді.

Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті (ІІД) Жартытөбе ауылдық округіндегі оқиғадан құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ екенін мәлімдеді. ІІД дерегінше, тәртіпсіздіктерден бірнеше көлік өртеніп, бірнеше үй бүлінген. Оқиға орнына қосымша полиция күші жіберілген, қазір ауылдағы жағдай тынышталған.

XS
SM
MD
LG