Accessibility links

Шымкентте зәбір көрген әйел көбейді


Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған Оля. Шымкент, 8 желтоқсан 2014 жыл.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған Оля. Шымкент, 8 желтоқсан 2014 жыл.

Шымкентте күніне ондаған әйел зорлық-зомбылыққа тап болғанын айтып, шағымданады. Қалалық полиция мен мамандар мұның негізгі себебін жұмыссыздық пен маскүнемдіктен көреді.

33 жастағы шымкенттік келіншек Гүлдана Қалиева азаматтық некеде тұратын күйеуі Жақсылықтан (аты-жөні өзгертілді – ред.) биылғы қараша айында таяқ жегенін, ауыр соққыдан түсік тастап, егіз баласынан айырылып қалғанын айтады.

«Жақсылық − екінші күйеуім. Менен 10 жас үлкен. Мамыр айында некемізді молдаға қидырдық. Бір апта өткен соң арақ ішіп, ұра бастады. Үйге келген адамнан қызғанатынды шығарды. Жүкті болғанымды білсе де, бұл әдетін қоймады. Күнде ұрыс-керіс, жанжал. 11 жастағы қызыма да күн бермеді. Қызымды алып үйден кетіп қалдым. Жұмысыма іздеп келді. Тағы ұрды. Ауыр соққыдан құрсағымдағы баладан айырылдым. Дәрігерлер баланың егіз болғанын айтты. Маған тіпті өткен жолы пышақ сұқпақшы болды» дейді Гүлдана Азаттыққа.

Зорлық-зомбылыққа ұшыраған шымкенттік әйел
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:24 0:00

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған шымкенттік әйелдердің және бірі − 30 жастағы Оля. Ол да азаматтық некеде тұрған күйеуі күнде қол көтереді деп шағымданады.

«Вадиммен (аты-жөні өзгертіліп алынды - ред.) бір шаңырақтың астында тұрып жатқанымызға бірнеше жыл болды. Қызғаншақ. Ішіп келіп, ұрады» дейді Оля Азаттыққа.

Оляның әжесі Тамара отбасындағы ұрыс-керістің бәрі ішімдіктен, тұрақты жұмыстың жоқтығынан деп ойлайды.

«Тұрақты жұмыс жоқ. Қызым да, немерем де жұмыссыз. Қолы бос, екеуі де арақ ішеді. Оған немере күйеу балам қосылады. Үшеуі бірінің сөзін бірі көтере алмай, соңы ұрыс-керіске ұласады. Немере қызымның бір күні көзі көгереді, екінші күні қол-аяғы көгереді» дейді Тамара әжей.

Шымкентте зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:44 0:00

Ресми статистиканың өзінен де биыл қала аумағында әйелдерге қарсы жасалған қылмыс санының өскені байқалады.

Оқи отырыңыз: «Тұрмыстық зорлық-зомбылық азаймай тұр»

Шымкент қалалық ішкі істер басқармасы әкімшілік полиция бөлімі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция майоры Съезбек Мауқыл Азаттыққа:

«Биылғы 11 айда қалада әйелдерге қатысты қылмыс саны 7 мың 825-ке жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 10,2 пайызға өсті. Әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылықтың негізгі себептері – маскүнемдік пен жұмыссыздық. Ал әйелдерге жасалған қылмыстың ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 90 пайызы ішімдіктің салдарынан. Көбіне отбасында зорлық-зомбылыққа тап болады» деді.

Дағдарыс орталығында бес айлық баласын қарап отырған әйел. Шымкент, 22 тамыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Дағдарыс орталығында бес айлық баласын қарап отырған әйел. Шымкент, 22 тамыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресми мәлімет бойынша әйелдер көбіне күйеуінен, азаматтық некеде тұратын азаматтан және туған-туыстарынан зәбір көретінін жеткізді. Ал зорлық-зомбылыққа ұшырайтындардың көпшілігі жоғары білімі жоқ және жұмыссыз жандар.

«Қаншама тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы профилактикалық жұмыстар жүргізілсе де, осы мәселемен қала бойынша күніне - 30, кейде одан да көп арыз-шағым түседі» дейді Съезд Мауқыл.

Мұны да қараңыз: «Кәмелетке толмаған қыздың тұрмысқа шығуы»

2014 жылдың басынан бері Шымкентте 22-55 жас аралығындағы 1 мың 262 әйелге қол ұшын созып, көмек берген «Сана-Сезім» әйелдер бастамасының құқықтық орталығы» атты ҮЕҰ-ның мәліметінше, психологиялық қысымнан да зардап шегушілер көп.

«Орталыққа хабарласқан 1 мың 262 әйелдің 523-і − физиологиялық, 405-і – психологиялық зорлық-зомбылыққа тап болған. Қалғаны әлеуметтік және жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған» дейді орталықтың психологы Дилноза Махамаджанова.

Психологтың пікірінше, зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдердің бойын қорқыныш билейді. Өмірге деген көзқарасы өзгеріске ұшырайды.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

«Өкініштісі, отбасындағы зорлық-зомбылық бала тәрбиесіне кері әсерін тигізеді. Өйткені әйел өз даралығын жоғалтып, оның қоршаған ортасымен дұрыс қарым-қатынасқа түсуі қиындайды, мінезі өзгереді. Бірі ашушаң болса, екіншісі іштен түңіледі» дейді Дилноза Махамаджанова.

Ал тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған Гүлдана қазір азаматтық некедегі күйеуінің қолында кеткен құжаттарын қайтара алмай полициядан жәрдем сұрап жүр. Оның 11 жастағы қызы Айдана – Шымкент қалалық кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталығында. Айдананың анасының жолына қарап күтіп отырғанына екі айдан асқан. Гүлдана қызын қолына алу үшін қажетті құжаттарды азаматтық некедегі күйеуінен сұратып ала алмай әлек.

«Өмірімді ойран етті. Соның соққысынан түсік тастадым. Дәрігерлер енді бала табу мүмкіндігімнің жоғын айтты. Енді жалғыз қызымды қолыма алсам екен» дейді Гүлдана көзіне жас алып.

Тұрмыстық зорлыққа қатысты мақала: «Қарттар үйінде жыртық көңілге жамау табамыз» дейді ақсақал

Қазақстанда және әлемде қарашаның 25-і мен желтоқсанның 10-ы аралығында гендерлік зорлыққа қарсы 16 күндік шара өтті. Құрметті оқырман, отбасылық зәбір мен тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы айтар ой-пікіріңіз бар ма? Азаттыққа azattyq@rferl.org поштасы арқылы хабарласыңыз.

XS
SM
MD
LG