МИНИСТРЛІК ӘЗІРЛЕГЕН ЖОБА
Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму министрлігі "Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заң жобасын қоғам талқысына ұсынды. Министрлік жоба "өздеріне түскен ұсыныстар мен халықаралық тәжірибе негізінде" әзірленгенін айтады.
"Ашық үкімет" сайтында жарияланған тұжырымдамада 21 баптан тұратын заң жобасында елде бейбіт шеру, митинг және пикет өткізудің тәртібі, шараны ұйымдастырушы мен оған қатысушылардың құқықтары мен міндеттері, митингілер өткізуді қосымша регламенттеу жөніндегі жекелеген ережелер мен талаптар белгіленетіні жазылған.
Құжатта бейбіт акцияны жергілікті өкілді билік органы (мәслихат) белгілеген арнайы орында "аралас модель – хабарлама арқылы және регламенттелген тәртіп" бойынша ұйымдастырып, өткізу мүмкіндігі қарастырылатыны айтылған.
- Екі жүз елу адамға дейін қатысатын шараны өткізу үшін билікті хабардар ету жеткілікті болмақ. Егер ондай хабарламадан кейін заңда белгіленген мерзім ішінде жергілікті атқарушы органнан жауап болмаса, акция өткізу келісілген болып саналады.
- Екі жүз елуден көп адам қатысатын шараға атқарушы биліктің келісімі болуы шарт.
- Жергілікті атқарушы билік ұйымдастырушыларға бейбіт акцияны өткізетін балама орын ұсынуға құқылы.
- Заң жобасында "митинг", "пикет", "жиналыс", "демонстрация" тәрізді бейбіт акция түрлеріне нақты анықтама беріледі.
- Бейбіт акцияны "ұйымдастырушы", "қатысушы" мен "журналистің" құқықтары мен міндеттері белгіленеді.
- Нәсілдік, ұлттық, әлеуметтік, діни араздықты қоздыратын, конституциялық құрылысты күштеп құлатуға шақыратын, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін; әскери немесе төтенше жағдай енгізілген жағдайда және заңда көзделген өзге де негіз болғанда бейбіт жиын өткізуден бас тарту (рұқсат бермеу - ред) қарастырылған.
Тұжырымдамада заң жобасын әзірлеу барысында АҚШ, Австралия, Жапония, Ресей, Сингапур, Ұлыбритания, Франция мен Швецияның тәжірибелері ескерілгені жазылған.
"Келіп түскен ұсыныстар мен жетекші халықаралық тәжірибелер негізінде бірқатар жаңа енгізілімдер ұсынылады. Енді 10 жұмыс күні ішінде әр азамат өз ескертпесі мен түсініктемесін қалдыра алады. Олар алдағы уақытта қарастырылады. Журналистерді, үкіметтік емес сектордың өкілдерін, азаматтық белсенділерді осы жұмысқа қатысуларыңызды сұраймын" деп жазды Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев заң жобасы мен тұжырымдама "Ашық үкімет" сайтына жарияланған ақпанның 7-і күні Facebook әлеуметтік желісіндегі парағына.
Тұжырымдамада бейбіт митингілер туралы заң жобасы ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әзірленгені айтылған. Тоқаев бұған дейін митинг туралы заң өзгертетіні туралы бірнеше рет мәлімдеген.
Полицияның наразыларды ұстауы. Алматы, 9 маусым 2019 жыл
Соңғы жылдары Қазақстанда азаматтардың жергілікті биліктің келісімінсіз бейбіт шеруге шығуы жиілеген. Әдетте билік наразыларды "заң бұзды" деген себеппен ұстап, кейбірін жауапқа тартады. Мысалы, 2019 жылы жазда Қазақстанда кезектен тыс өткен президент сайлауы кезінде үкіметке наразылық білдіріп шеруге шыққан мыңдаған адамды полиция көшеден ұстап әкетті. Сот олардың кейбірін "митинг заңын бұзғаны" үшін әкімшілік қамауға алды немесе айыппұл салды.
"БҰРЫНҒЫ ШЕКТЕУЛЕР СОЛ КҮЙІ ҚАЛДЫ"
Министрлік әзірлеген заң жобасы жайлы Азаттыққа пікір білдірген сарапшылар, бейбіт акцияны арнайы орындарда ғана өткізуді және жергілікті атқарушы биліктен рұқсат алуды міндеттейтін бұрыннан бар шектеулерді жаңадан қабылданатын заң жобасына көшірмекші деп үкіметті сынайды. 1995 жылы наурызда қабылданған қолданыстағы заң бойынша, азаматтар жергілікті әкімдікке кемінде он күн бұрын жазбаша өтініш тапсырып, билік рұқсат еткен соң ғана арнайы белгіленген орындарда шеру өткізе алады. Билік көбіне түрлі сылтау айтып, митингіге рұқсат беруден бас тартады. Бұл тәртіп азаматтардың конституциялық бостандықтарын пайдалану құқығын шектейді деп санайтын қазақстандық және халықаралық құқық қорғаушылар Нұр-Сұлтанды митинг туралы заңды халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге талай жылдан бері шақырып келеді.
Қазақстандық адам құқығы мен заңдылықты сақтау халықаралық бюросының жетекшісі, құқық қорғаушы Евгений Жовтис бұған дейін әріптестерімен бірге әзірлеген бейбіт жиын туралы балама заң жобасын билікке ұсынғанын, бірақ ондағы маңызды мәселелер үкімет жариялаған заң жобасында ескерілмегенін айтады.
- Маған "арнайы орын белгілеу" дегені ұнамайды. Ешқандай арнайы орын болмауы тиіс, ол халықаралық стандарттарға қайшы. Биліктің бейбіт шеру өткізуге тыйым салынған шектеулі орындарды ғана, мысалы, кей нысандардың маңын санитарлық аймақ деп белгілеуіне болады. Ал наразылық білдіретін орын деген мүлде болмауы керек. Екіншіден, "жиын өткізудің аралас тәртібі" деген де дұрыс емес, я хабарлама берсе жеткілікті екені, не шараға рұқсат алу қажет екені нақты көрсетілуі керек. Өйткені құжатта "бейбіт жиынды өткізуден бас тарту" жайлы жазылған. Бас тарту – өтінішке рұқсат берілмейтінін білдіреді. Ал хабарлама – өтініш емес, одан бас тарту және оған келісім беру мүмкін емес, - дейді Жовтис.
Әзірге үкімет қоғам талқысына ұсынған жобаға пікір білдіріп, ұсыныс айтып жатқандар көп емес. Жовтис қоғамның бұған дейінгі ұсыныстары ескерілмегенін айтып, бұл талқылаудан өздері күткендей нәтиже болатындығына күмәнмен қарайды.
Қазақстандық адам құқығы мен заңдылықты сақтау халықаралық бюросы құжат туралы сараптамасын ресми сайтында жариялады.
"Ар.Рух:Хақ" құқық қорғау ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина қоғам билік ұсынған заң жобасын талқылауға қатысуы керек деп санайды.
- Билік үнсіздікті келісім деп қабылдайды. Сондықтан қоғам белсенді түрде атсалысуы керек. Себебі бұл заң құқық қорғаушы немесе заңгерлер үшін емес, қарапайым азаматтар үшін жасалып жатыр. Олар "рұқсат алу керек пе, әлде тек хабардар ету жеткілікті ме?" деген сұраққа өздері жауап берсін. Өйткені қазір билікке қарсы пікірін айтқаны үшін айыппұл төлеп, қамалатындар - қарапайым азаматтар, - дейді Төреғожина.
Құқық қорғаушы, журналист Сергей Дувановтың сөзінше, үкімет әзірлеген заң жобасының қисынға келмейтін, тіпті ұйымдастырушылар мен қатысушыларды "заңсыз шеру өткізді" деп жауапқа тартуға ілік болатын тұстары бар.
- Митингіге қанша адам келетінін дәл болжау мүмкін емес. Мысалы, 200 адам келеді деп жоспарлаған жиынға 300 адам келсе не істеу керек? Тез арада тарау керек пе, әлде кейін айыппұл салып, 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін қамауы мүмкін екенін біле тұра, "рұқсат етілмеген" митинг өткізу керек пе? Тіпті 250 адамнан аз келсе де, "титушкаларды" жинап алып, адам санын әдейі көбейтпесіне кім кепіл? Ал митингіге шыққандарды кім және қалай санамақ? Ондай жиындарда әдетте наразылардан өзге журналистер, халықаралық бақылаушылар, құқық қорғаушылар, жай өтіп бара жатып, қызықтауға келген тұрғындар мен "жай киімдегі" адамдар жүреді. Әдетте олар аз болмайды. Ондай жағдайда қатысушы саны 250-ден асып кетіп, рұқсат етілмеген митинг өтті деу қиын емес, - дейді Дуванов.
Құқық қорғаушы үкімет ұсынған құжаттан "билік белгілеген орыннан өзге кез-келген жерде митинг өткізуге тыйым салынатыны" анық жазылғанын айтады.
- Бұл - қазақстандықтардың бейбіт жиын өткізу құқығын шектеу. Егер бұл норма қабылданатын болса, азаматтардың қоғамдық наразылығының мәні жойылады. Сол себепті бұл нормалар халықаралық стандарттарға сай емес. Бұл заң азаматтардың конституциялық құқықтарын шектеуге бағытталған, - дейді Сергей Дуванов.
Қазақстанда биліктің келісімінсіз наразылық акцияларына шыққаны үшін әкімшілік жауапқа тартылған белсенділерді қорғаумен айналысып жүрген құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова құжатты "көзбояушылық" деп бағалап отыр.
- Ақылға қонбайтын, талқылауға да келмейтін құжат. Мәні кеткен, бетіндегі майын қалқып тастап, тек сылдыр суы ғана қалған. Бұл - қазақстандықтар мен халықаралық ұйымдарды алдау, көзбояушылық. Өйткені былтырдан бері айтып, ұсынып келген талаптарымыздың бірде бірі ескерілмеген. Бейбіт жиын өткізетіні жайлы билік органдарына ескертуді және оны билік белгілеген орында ғана өткізуді міндеттеу – жалпы бейбіт жиын қағидасына қайшы. Кез-келген адам кез-келген жерде өз пікірін білдіруге құқылы. Биліктің ісіне наразы азамат сол билік өкілдері отырған ғимараттарға барады. Айдаладағы саябақта несі бар? Ол Ақорда, әкімдік пен прокуратура алдында да митинг өткізуге құқылы. Сондықтан мемлекеттік органдарды наразылардан қорғаудың қажеті жоқ, - дейді құқық қорғаушы.
Баспасөз бостандығын қорғайтын "Әділ сөз" қоғамдық ұйымының жетекшісі Тамара Калеева митинг туралы заң жобасына журналистердің "құқығы мен міндеттері" туралы баптар еніп кеткеніне қайран қалғанын айтады.
- Журналистердің жұмысы "БАҚ туралы" заңда реттелген. Алайда жобаны әзірлейтіндер журналистердің міндеті мен құқығын басқа заңдарға да тықпалауға тырысады. Мұндай жағдай "Сайлау туралы" заңды қабылдаған кезде де болған, енді міне, осы заң жобасына да кіргізіпті. Бұл құжатта шеру өтіп жатқан жерге барған журналистің арнайы белгісі болуы міндетті екені жазылған. Олар енді сондай белгінің пішінін де әзірлейтін шығар. Бірақ "БАҚ туралы" заңда журналист куәлігі болса жеткілікті деп нақты көрсетілген. Алайда ондай арнайы белгісі болуы міндетті десе, онда "БАҚ туралы" заңға да тиісті өзгертулер енгізуді ұсынуы керек қой. "Митингіні ұйымдастырушылар журналистердің тізімін беруі керек" дегені де көңіліме қонбайды. Яғни, сонда тізімде жоқ журналистер митингіден хабар тарата алмай ма? Журналист қоғамдық маңызы бар оқиғадан ешкімнен келісім сұрамай-ақ хабар таратуға құқылы, - дейді Тамара Калеева.
"Ашық үкімет" сайтында жарияланған "Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заң жобасын қоғамдық талқылау ақпанның 21-іне дейін жалғасады.
ПІКІРЛЕР