Accessibility links

"Митингіге шығуға құқығы бар деп айтып алып, бәрін қамады"


Алматыдағы ұстаулар. 21 қыркүйек 2019 жыл.
Алматыдағы ұстаулар. 21 қыркүйек 2019 жыл.

Қыркүйектің 21-і күні Қазақстанның бірнеше қаласында "рұқсат етілмеген митингі" орнында полиция ондаған азаматты ұстады. Кейбір саяси сарапшылар президент Тоқаев "азаматтардың бейбіт жиын өткізуге құқығы бар деп алып, бәрін қамады" десе, кейбірі "митинг жайлы жаңа жоба жақында кеңеске түседі, әзірге ескі заңға бағына тұрайық" деген пікір айтады.

Қыркүйектің 21-і күні Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қаласында "рұқсат етілмеген митингіге" келген азаматтар пікірлерін айтып үлгерместен полиция оларды бірден ұстап әкетті. Ұсталғандар арасында кәмелетке толмаған балалар да болды.

Ішкі істер министрлігі "рұқсат етілмеген акция" кезінде 57 адам ұсталғанын хабарласа, кейбір тәуелсіз құқық қорғау тобы ұсталғандардың одан да көп екенін айтады.

ВИДЕО: 21-і күнгі ұстаулар (Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент).

Болмаған митингі: Жылаған бала, протез аяқ және қолшатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:39 0:00

Кешеден бері әлеуметтік желі қолданушылары оқиға кезіндегі арнайы жасақ өкілдерінің дөрекі әрекеті, халық шыдамының таусылуы, биліктің митингілер өткізуге рұқсат бермеуі сияқты жайттарды қызу талқылап жатыр.

"БИЛІК ТРАНЗИТІ" НЕМЕСЕ "БӨТЕН КӨЛІКТІ СЕНІМХАТПЕН АЙДАУ"

Саясаттанушы Досым Сәтпаев "қазір мәжілісте 42 заң жобасы бар, бірақ ешқайсысының да жүйе либерализациясына қатысы жоқ, тіпті оның нышаны да байқалмайды" деп жазды.

"Митингіге шыққан азаматтарды кезекті рет ұстау жүйеде бәлендей өзгеріс болмағанын айғақтайды. Айтпақшы, Тоқаев жолдауында сайлау, партиялар мен митингі туралы заңның жаңа нұсқасын әзірлеуді жоспарға енгізуді жеделдету туралы нақты ештеңе айтпады. Онысы түсінікті де. Қазір кімнің президент екені маңызды емес. Ескі авторитарлық жүйеде бұл бөтен көлікті сенімхатпен айдауға рұқсат алған адамды еске салады. Оның үстіне көліктің қожайыны жанында отыр және жүргізушінің жолшыбай біреуді отырғызбауын қатаң қадағалап, тіпті тығырыққа тіресе де оның баяғы маршрутпен жүргенін бақылайды. Біз нағыз транзитті көрген жоқпыз" деп жазды.

Саясаттанушы Сергей Дуванов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "митингі жайлы" айтқан сөзін еске салып "қазақстандықтардың митингіге шығу құқығы бар екенін айтып алып, халық митингіге шықса, бәрін қамады. Енді кімге сенеміз?" деп жазды.

"Олар билікке деген сенімді қайта қалпына келтіруге кірісті ғой. Сөз бен іс осылайша алшақ болған кезде жұрт бәріне сенуі мүмкін, тек оларға сенбейді. Енді қоғамдық ұлттық сенім кеңесі жолайрыққа келді: Не Тоқаевқа саяси реформа жасауына кедергі келтіріп жатыр-мыс деп жаман Назарбаев туралы спектакльде ойнауын тоқтатсын не ашық түрде билік жағына өтіп, оларға қазақстандықтарды алдауына көмектессін. Қоғамдық ұлттық сенім кеңесі - таза алдау. Жобаның мақсаты - көпті алдарқату, уәделер үйіп-төгу, уақыт ұтып, бәрін таз қалпында қалдыру" деп жазды.

Саясаттанушы Андрей Чеботарев митингі өткізу үшін ескертуді ғана қарастыратын заң жобасын Алматы қалалық қоғамдық кеңесі әзірлеп жатқанын, жақын арада қоғамдық ұлттық сенім кеңесіне түсетінін жазды. Оның пікірінше, "егер бұл заң қабылданса, үлкен жетістік болады". Ал оған дейін азаматтар қазіргі бар заңды барлық артық-кемшіліктерімен қабылдап, соған бағыну керек деген ой айтады.

Оқиға кезіндегі полицияның дөрекі қимылдауын меңзеген "Парламентаризмді дамыту қорының" жетекшісі, саясаткер Зәуреш Батталова "Қазақстан полициясы - халықпен күресуге арналған қару" деп жазды.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне кірген белсенділердің бірі, экономист Мұхтар Тайжан "азаматтар қандай да бір заңға қайшы әрекет жасамай жатып, оларды ұстауға болмайды", "конституция бойынша азаматтардың қоғамдық-саяси мәселелерге көзқарастарын жеткізуге құқығы бар" деп жазды.

Үш баласымен жүрген ананың үлкен қызын арнайы жасақ өкілдерінің күш қолданып, ұстап кетуіне байланысты қауіпсіздік кеңесі, ІІМ түсініктеме беріп, моральдық өтемақы төлеуі тиіс деп жазды.

Қазақстан заңы бойынша, азаматтар бейбіт шеру, жиын мен митингілер өткізу үшін жергілікті атқарушы билік органдарының келісімін алуға міндетті. Әдетте жергілікті билік митинг өткізуге арналған орынды орталықтан алыс аудандардан я қаланың шеткері жағынан береді. Белсенділер үкіметке сын айтылуы мүмкін бейбіт акцияларға әдетте жергілікті әкімдіктер рұқсат бермейтінін айтады. Құқық қорғаушылар мен халықаралық ұйымдар Қазақстанның бейбіт жиындар туралы заңын халықаралық стандарттарға сай емес деп сынап келеді.

Наурыз айында уақытша президент болып, маусым айында өткен президент сайлауы кезінде ресми қорытынды бойынша халықтың 70 пайыз дауысын алып, жеңген Қасым-Жомарт Тоқаев батыс басылымдарына берген сұхбатында митинг туралы жаңа заң әзірлеу жоспары жайлы мәлімдеген. Қыркүйек айының басында халыққа жолдауында "Конституцияға сәйкес, азаматтарымыз өз еркін білдіруге құқылы. Егер бейбіт акциялар заңды және елдің шырқын бұзуды көздемесе, онда белгіленген заң шеңберінде митингілерге рұқсат беріп, арнайы орын бөлу керек" деген. Ал Тоқаевты сынайтындар оның шетел басылымдарына "жаңалық" деп отырғаны қолданыстағы заңда бар ереже екенін айтады.

Қазақстанда биылғы жылы бейбіт шерулер мен митингілер жиілеген. Мұндай акциялардың басым бөлігі шеруге қатысқандарды ұстап, әкімшілік қамауға алу және айыппұл салумен аяқталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG