Ақпанның 13-і күні Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені және парламент сенатының спикері Дариға Назарбаеваның ұлы Айсұлтан Назарбаевтың Facebook-аккаунтында жаңа пост жарияланды. Онда автор Ұлыбританиядан саяси баспана сұрағаны туралы мәлімдейді.
Жазбада Айсұлтанға отбасының қысым жасағаны айтылған. Сол күні кешке Айсұлтан Назарбаевтың сөзіне Қазақстанның ресми билік өкілі алғаш рет пікір білдірді. Мемлекеттік "Хабар" телеарнасы эфирінде Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев "Айсұлтанның аты мен денсаулығын пайдаланып отырғандар барын", сонымен бірге "есірткіге тәуелді адамның жазғаны емес, денсаулығы алаңдататынын" айтты.
ҰЛЫБРИТАНИЯДАН ПАНА ІЗДЕУ ЖӘНЕ АРЗАН ГАЗ
Пост авторы отбасы мүшелері өзіне қысым жасап, Ресейдегі түрмеде отырып шыққанын, "жан азабын есірткімен басуға" мәжбүр болғанын айтады. Ол "төлқұжатын өзінің келісімінсіз" Дариға Назарбаеваның жүргізушісі тартып алғанын, "полиция құжатты қайтаруға көмектесер деп үміттенетінін" жазады.
Facebook-тегі бұл жазбаны Айсұлтан Назарбаевтың нақ өзі жазғанын тәуелсіз дерек көздерінен анықтау мүмкін болмады. Азаттық тілшісі оған бірнеше рет хабарласқанымен, жауап бермеді. Бірақ осыдан бірнеше апта бұрын Facebook желісіне Aisultan Rakhat деген атпен тіркеліп, парақшасына пост жариялаған адам көрсеткен телефон нөміріне хабарласқан журналистер экс-президенттің жиенімен видео арқылы сөйлескен.
Ақпанның 13-і күні жариялаған постында Aisultan Rakhat Қазақстан мен Ресей билігін жемқорлыққа айыптады. Ол "Қазақстанның газы Ресейдің "Газпром" концерніне делдал компания арқылы арзан бағамен сатылып жатыр. Делдал компания жыл сайын бір жарым миллиард долларға жуық пайда табады және бұл қаржы Сингапурге шығарылады" деп жазды.
Автор "700 млн долларға жуық ақшаны [Қазақстан экс-президенті Назарбаевтың ортаншы қызының күйеуі] Тимур Құлыбаев пен менің бұрынғы қайын атам Қайрат Боранбаев бөліседі" дейді. Бұған қоса ол "шешем Дариға Назарбаев мен оның қазіргі күйеуі Қайрат Шәріпбаев бұл келісімшартты өзіне алмақ болып таласқан, салдарынан екі оттың ортасында қалдым" деп жазған.
Aisultan Rakhat постында 2015 жылы Ұлыбританияда атасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескенін айтады. Ол "шешем Нұрсұлтан Назарбаевты маған қарсы қойды" дейді. Жазба авторының сөзінше, атасына егер "отбасы мен төңірегіндегілерге бір-бірінің әртүрлі бизнесін тартып алуға" жол берсе, "барлығынан айрылуы" мүмкін екенін ескерткен.
Aisultan Rakhat шешесі өзіне "биліктің жоғарғы жағындағылар" туралы жазуға тыйым салғанын және ұлына қарсы "компромат" іздеп, әлдебір компаниялардың көмегімен Лондонда ізіне түсіп, қысым көрсеткенін айтады.
Анасынан қашпақ болып, Лондонда "бөтен пәтерге басып кіргенін", көп ұзамай британ полициясы ұстап, "Wandsworth түрмесіне қамағанын" жазады. Оның сөзінше, түрмеде отырған кезде жиі келіп тұрған "анасының жүргізушісі" сотта бұл жағдайға қалай тап болғаны туралы ештеңе айтпауын сұраған. Пост авторы кейін өзімен анасы, Дариға Назарбаева да кездескенін айтады. Ол "ішіндегіні шығаруға" мүмкіндікке ие болғаны үшін британ түрмесінде отырғанына "разы" екенін жазады.
Азаттық Ұлыбританиядағы ірі түрмелердің бірі саналатын Wandsworth-ға да хабарласып, "Айсұлтан Назарбаевтың сонда қамауда болғаны рас па және онымен кімдер кездесті?" деген сұрақ қойды. Бірақ түрменің баспасөз қызметі түрмеде болған адамдар туралы жеке мәліметті жариялай алмайтынын айтты.
Азаттық Айсұлтан Назарбаевтың Ұлыбританиядан саяси баспана сұрағаны жайлы ақпараттың рас-өтірігіне көз жеткізу үшін Қазақстан сыртқы істер министрлігіне де хабарласты. Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров "Өзге елден баспана сұраған азамат тікелей сол елге шығып, құжаттарын тапсырады. Мемлекет азаматтың өтінішін қабылдаса, Қазақстанға ескерту келеді. Сол кезде Қазақстан азаматтығынан шығарылады" деп жауап берді.
Азаттық тілшісі Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Майк Гиффордке хабарласып "Айсұлтан Назарбаевтан саяси баспана сұраған өтініш келіп түсті ме?" деп сұрады. Гиффорд "Қандай да бір жеке істерге қатысты комментарий бере алмаймын" деп, Лондондағы бас кеңсеге хабарласуға кеңес берді. Азаттық Ұлыбританиядағы бас кеңсеге бірнеше рет хабарласқанымен, байланысу мүмкін болмады.
БИЛІКТІҢ АЛҒАШҚЫ РЕАКЦИЯСЫ. ОТБАСЫ ҮНСІЗ
Ақпанның 13-і күні Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның үлкен қызы Дариға Назарбаева Айсұлтанның постына байланысты ешқандай пікір білдірген жоқ.
Бірақ сол күні кешке "Хабар" мемлекетік телеарнасындағы "Открытый диалог" бағдарламасында Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Айсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік желідегі жазбасы жайлы пікір айтты. Абаев – Айсұлтанның желідегі жазбаларына реакция білдірген алғашқы билік өкілі.
"Есірткіге тәуелділіктен емделіп жатқан адамның сөзін келтіру, талқыға салу, сілтеме жасау - моральға жатпайды" деп мәлімдеді ол. Бұған қоса министр пост авторының "жазғаны емес, денсаулығы алаңдататынын" айтты.
"Сіз айтқан жазбаларды нақты адамдардың манипуляциясының ықпалымен жазып отыр деп анық айта аламын. Өкінішті. Бірақ бүгін Айсұлтанның есімі мен денсаулығын пайдаланып отырғандар бар. Ашығын айтайын: ол ұзақ уақыт психиканы қоздыратын заттардың ықпалында болған. Оның сөзі біреулерге рейтингін көтеру үшін қажет екенін түсінемін, бірақ ол біреудің қайғы-мұңына құрылған арзан рейтинг" деді Дәурен Абаев. Бірақ "нақты адамдар" деп кімдерді меңзеп отырғанын ашып айтқан жоқ.
Министр бұл оқиғаларды "елімізге жасалған қысым", "лас ойын" деп атады.
"Бұл тақырыпты жабатын уақыт келді. Бірінші президенттің жиені болғаны үшін ғана тәуелді адамның қиялынан спекуляция жасау –әділетсіз, моральға сыймайды" деп мәлімдеді ол. Абаевтың сөзінше, Айсұлтанның басындағы жағдай - "ең алдымен оның анасының (Дариға Назарбаеваның трагедиясы ред.)".
"Кейбіреулер осы оқиғаға елбасын (бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевты айтады - ред.) да араластырғысы келеді. Шу жасап, елді дүрліктіруге тырысады. Бірақ халықтың бағына туған жақсымызды қаңқу сөзге қалай қиямыз? Өзіңіз ойлаңызшы, экономикасы құлдыраған, жоқ боп кеткен, өндірісі тоқтаған елді 30 жылда қазіргідей деңгейге көтеру кімнің қолынан келеді?" деді Абаев мемлекеттік телеарна эфирінде.
Бұған дейін, қаңтардың 23-і күні Айсұлтан Назарбаев қазақстандық журналистерге берген шағын сұхбаттарында "өміріме анамның тарапынан қауіп төніп тұр" деп мәлімдеген. Сол кезде Айсұлтанның айтқанына байланысты Азаттық тілшісі парламент сенатының спикері Дариға Назарбаевадан пікір алмақ болған еді. Бірақ Назарбаеваның күзетшілері спикерге сұрақ қойған Азаттық тілшісінің аузын жауып, кедергі келтірді.
Дариға Назарбаева ұлы Айсұлтан жайлы сұрақты жауапсыз қалдырды
Былтыр қазанда Лондон соты Айсұлтан Назарбаевты полицияға шабуыл жасағаны үшін шартты жазаға кесіп, ол "18 ай сынақта болып, 140 сағат қоғамдық жұмысқа жегіледі және мәжбүрлі түрде есірткіге тәуелділіктен емделеді, бір мың фунт айыппұл (1300 доллар) мен бес мың фунт (шамамен 6500 доллар) шығынды төлеуі тиіс" деп шешім шығарған.
Іс материалдарына сай, Covent Garden аймағындағы бөтен пәтердің балконына шығып алған белгісіз ер адамды көрген тұрғындардың бірі полиция шақырған. Полиция келгенде әлгі адам "есірткі әсерімен полицияға қарсылық көрсеткен, қол жұмсап, тістеген". ВВС сайты Айсұлтанның электрошокерді сындырып, полицияның қолын жарақаттағанын жазды.
Бұл сотқа байланысты да Назарбаев әулеті ешқандай пікір білдірмеген.
Айсұлтан Назарбаев – Дариға Назарбаева мен оның бұрынғы күйеуі, Қазақстанда күш құрылымдары мен дипломатиялық қызметте істеген Рахат Әлиевтің екінші ұлы. 2007 жылы Қазақстан бас прокуратурасы Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевке халықаралық іздеу жариялаған. Қазақстан билігі шетелді паналаған Әлиевке бірнеше ауыр қылмыс жасаған деп айыптар тағып, оны сырттай соттаған. Әлиев 2015 жылы ақпанда Вена түрмесінде өлі күйінде табылды. Ресми тергеу ол "суицид жасаған" деген шешімге келген. Ал Әлиевтің екінші әйелі Эльнара Шоразованың адвокаттары германиялық сарапшыларға сілтеп, "Әлиевті өлтіріп кетті" деп мәлімдеген.
Назарбаева мен Әлиевтің Айсұлтаннан басқа Нұрәлі Әлиев (2014-16 жылдары Қазақстан астанасы әкімінің орынбасары болған) және Венера Назарбаева есімді балалары бар.
ПІКІРЛЕР