Нұрсұлтан Назарбаев мұнайға бай мемлекеттің президенті қызметінен биыл наурыз айында кетті. Оған дейін тәуелсіз Қазақстанды 27 жылдан артық билеп, одан бұрын екі жылдан астам уақыт Қазақ ССР-ін басқарды.
Еңбек жолын қатардағы металлург болудан бастаған Назарбаев билікте отырған жылдары жалпы көлемін шамалап қана айтуға болатын мол байлық жинады.
Қазанның 9-ы күні британдық Metro жаңалықтар сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Назарбаевтың дүние-мүлкіне Лондонның солтүстік бөлігіндегі Хэмпстед ауданындағы ресми The Bishops Avenue, ел арасында Billionaires Row, "миллиардерлер көшесі" деп аталатын қымбат ғимараттар тұрған жерде орналасқан үй де кіреді.
Басылым 2008 жылы 50 миллион фунт (65 миллион доллар) ақшаға сатып алынған "Ұлыбританиядағы ең қымбат үйлердің бірі" саналатын ғимарат "Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан (Назарбаевқа) тиесілі" деп жазады. Бұл - соңғы уақытта Назарбаев отбасы мүшелерінің шетелден сатып алған мүліктері туралы тараған жалғыз жаңалық емес.
Швейцарияда шығатын Bilan журналы тамыздың 21-і күні Назарбаевтың екінші қызы Динараның Женеваға жақын маңдағы the Chateau de Bellerive қамалын 63 миллион долларға сатып алғанын жазды. Мақалада Динараның 2009 жылы Швейцариядан құны 75 миллион долларға бағаланған өзге бір жылжымайтын мүлік сатып алғаны айтылады.
Динара Назарбаева - Қазақстандағы ең бай кәсіпкерлердің бірі Тимур Құлыбаевтың әйелі. Forbes журналы екеуінің ортақ байлығын 6,8 миллиард доллар деп бағалаған.
Британ басылымдары Лондонның солтүстігіндегі "миллиардерлер көшесінде" орналасқан Назарбаевтың қымбат үйі иесіз қаңырап, бұзыла бастағанын жазған.
ЕСІРТКІГЕ ӘУЕСТІК ПЕ? ЛОНДОНДАҒЫ ОҚИҒА
Қазанның 18-і күні Қазақстанның бірінші президентінің жиені 29 жастағы Айсұлтан Назарбаев маусымның 3-інде Лондондағы қонақ үйдің сегізінші қабатындағы балконнан секірмек болып, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін сотқа тартылды.
Әлгі оқиғадан екі күннен кейін бір әйел полицияға хабарласып, белгісіз ер адамның Лондонның орталығындағы үйіне балконнан кірмек болғанын айтқан. Көрші үйге рұқсатсыз кіріп, кір жумақшы болған (оның киімі кір жуатын машинадан табылған) азаматтың Айсұлтан Назарбаев екені анықталған.
Жедел хабар түскен үйге жеткен полиция қызметкері өзіне тап беріп, қолын тістеп алған Айсұлтанға қарсы электрошокер қолдануға мәжбүр болған. Адвокаттары Айсұлтанның бұл қылығын есірткіге әуестігімен түсіндірген. Айсұлтанның әлгі үйге жақын жердегі нағашы атасының құны 50 миллион долларлық бос тұрған үйіне бармауының себебін де осы жайтпен түсіндіруге болатын сияқты.
Сот Айсұлтанға 18 ай шартты жазаға кесіп, оған қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін 1000 фунт (1300 доллар) айыппұл салды. Бұған қоса айыпталушыны өзі баса-көктеп кірген пәтерге 5000 фунт (6500 доллар) өтемақы төлеуге және 140 сағат қоғамдық жұмыс атқаруға, есірткіге тәуелділіктен мәжбүрлеп емдеу курсынан өтуге міндеттеді. Осыған дейінгі деректер бойынша, Айсұлтанда бірнеше жыл бойы есірткіге тәуелділік мәселесі болған.
Айсұлтан – Назарбаевтың үлкен қызы Дариға мен оның бұрынғы күйеуі Рахат Әлиевтің баласы. Қазақстан прокурорларының сөзінше, діттегеніне жету үшін ештеңеден тайынбайтын Рахат Әлиев Қазақстандағы маңызды кәсіпорындарды өктемдік жасап иеленіп, президент қызметіндегі қайын атасын орнынан тайдыру мақсатымен мемлекеттік төңкеріс жасамақшы болған.
Раха Әлиев 2015 жылы ақпанда өзі отырған Австрия түрмесіндегі камерада асылған күйі табылған. Ресми мәліметте тұтқынның "суицидтен қаза болғаны" айтылады. Алайда кейбіреулер оның ажалы өзгеден болуы мүмкін деп санайды.
Қазақстаннан тыс жерде Назарбаевтар туралы жаңалықтар осындай.
САЛТАНАТЫ АСЫП-ТАСҚАН СҮНДЕТ ТОЙ
Ал Қазақстанда не болып жатыр? Бұрынғы президенттің інісі Болат Назарбаевтың қазанның 17-сі күні Қазақстанның оңтүстігінде бір ұлының сүндетке отыруын аста-төк той өткізіп атап өткені әлеуметтік желіде қызу пікірталас туғызды.
Осы шарадан түсірілген видеода 66 жастағы Болат Назарбаев той өтетін жерге тікұшақпен келеді. Оны полиция жасағы күтіп алып, жан-жақтан қаумалап, тікұшақ қонған алаңнан той өтетін жерге дейін бірге еріп жүрген.
Видеода жүздеген қонақ қатысқан шараның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген полиция қызметкерлері анық көрінеді.
Бейнежазбалардың бірінде Болат Назарбаев әлдібіреуге қандай да бір еңбегі үшін алғыс білдірмек болып, қалтасынан бір бума доллар суырып алып, ақша таратады.
Болаттың осынша байлыққа қалай қол жеткізгенін ешкім анық білмесе де, азаматтардың көбі әлгі тойда екі тікұшақ пен полицияның оған қызмет көрсетуіне наразы болған.
Бұл шараның шығынын кім өтеді? Егер мемлекет есебінен болса, бұл ел қаржысын оңды-солды шашуға жатады.
Бұл жаңалықтардың барлығы Назарбаев әулетінің шектен тыс байлығы мен көзден таса қалмайтын өмір салты туралы хикаялардың алғашқысы емес.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды ұзақ уақыт басқарғанымен қазір ол президент емес.
Қазақтар мұндай ақша жымқыру оқиғаларына отыз жыл бойы еріксіз көніп келген шығар, бірақ 2019 жылы елде қалыптасқан әлеуметтік және саяси жағдайға наразылық ерекше күшейді.
Шетелдегі миллиондаған доллар тұратын қымбат үйлер, мемлекет қаржысына той өткізу және құрамында бұрынғы президенттің отбасының мүшесі бар Лондондағы есірткі дауы энергетикалық ресурстарға бай елде қалыптасқан жағдайға наразылықты ушықтырып отыр.
ПІКІРЛЕР