Accessibility links

"Жас Алаш" газетінің бас редакторы Инга Иманбай "билік қысымымен" қызметінен кеткенін мәлімдеді


"Жас Алаш" газетінің бас редакторы Инга Иманбай. Алматы, 22 ақпан 2020 жыл.
"Жас Алаш" газетінің бас редакторы Инга Иманбай. Алматы, 22 ақпан 2020 жыл.

"Жас Алаш" газетінің бас редакторы Инга Иманбай газет құрылтайшыларына қысым жасалуына байланысты қызметінен кеткенін мәлімдеді. Ол қаңтар айының басында "Жас Алаш" газетінің бас редакторы болып тағайындалған болатын.

- Редакция саясатын күрт өзгертіп, Назарбаевтың өзі мен әулеті туралы өткір материалдар шығара бастадық. Осыған және Жанболат Мамайдың әйелі екендігіме байланысты "Жас Алаш" газетінің құрылтайшысы Алтынбек Сәрсенбайұлының отбасына қысым жасалды,- деп жазды ол Фейсбук парақшасына шығарған мәлімдемесінде.

Инга Иманбай 2006 жылы қастандықтан қаза болған Алтынбек Сәрсенбайұлының әйелі Салтанат Атушевамен және Алтынбек Сәрсенбайұлының немере інісі Нұрлан Сәрсенбаймен сөйлескенін жазады. Олар "Алтынбек Сәрсенбайұлының жақын туыстарының бірінің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын, егер Инга Иманбайды бас редакторлықтан босатпаса қамауға аламыз деп қорқытқанын" айтқан.

- Салтанат Атушеваға белгілі бір ведомствоның генералы келіп, мені міндетті түрде 22 ақпанға дейін босату жөнінде қатаң талап қойды. Газеттің Жанболат Мамайға қатысы жоқ дегенімізді тыңдамады. Салтанат Атушева мені бас редактор қызметінде қалдыру үшін қолынан келгеннің бәрін жасады, бірақ қатты қысымнан соң босатуға мәжбүр болды. "Жас Алаш" толығымен билік бақылауына өтті,- дейді Инга Иманбай.

Инга Иманбай 22 ақпанда "Демократиялық партия" ұйымдастырған, билік рұқсат етпеген жиынға қатысқан. Жиынға қатысқандармен бірге оны да ұстап, қайта босатқан. Инга Иманбайдың күйеуі, "Демократиялық партия" бастамашыларының бірі Жанболат Мамай партия белсенділеріне жасалған қысымға байланысты құрылтай съезді қоя тұрып, 22 ақпанда митингіге шығуға шақырған. Митингіден бір күн бұрын қамауға алынып, митингіден кейін босатылған. Митингі қарсаңында "Демократиялық партия" белсенділері ұсталған.

18 мың тиражбен таралатын "Жас Алаш" газетінің бас редакторлығына Инга Иманбай биыл 8 қаңтарда, Руслан Ерботаның орнына тағайындалған.

Газет қызметкерлерінің сөзінше, "құрылтайшылар мұндай шешімді неге аяқ астынан қабылдағанын" түсіндірмеген.

"Жас Алаш" газеті қоғамдық, саяси-әлеуметтік мәселерді қозғайтын, аптасына екі рет шығатын республикалық басылым. 1921 жылдың наурыз айынан шыға бастаған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG