Accessibility links

Кемінде үш қалада полиция митинг жоспарланған жерде белсенділерді ұстады


Республика алаңы аумағындағы ұстаулар. Алматы, 1 наурыз 2020 жыл.
Республика алаңы аумағындағы ұстаулар. Алматы, 1 наурыз 2020 жыл.

1 наурыз түс кезінде Алматыдағы Республика алаңы аумағында полиция адамдарды ұстай бастады. Түскі 13:10 шамасында ұсталғандардың саны 40-қа жуықтады деп хабарлады оқиға орнында жүрген Азаттық тілшілері. Кейбір ұсталған адамдардың қолында бірнеше күн бұрын астанадағы тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда қаза болған белсенді Дулат Ағаділдің суреті болған. Полиция митинг орны ретінде белгіленген орынға жеткізбей белсенділерді ұстады.

Мұнда құқық қорғау орган өкілдері оқиғадан хабар таратып жүрген тілшілерді қайта-қайта тексерді. Түстен кейін "Дат" газеттер жобасының жетекшісі, журналист Ермұрат Бапи ұсталғаны белгілі болды. Полиция бұған қоса, "пресса" деген жазуы бар екі адамды "тілші емес, белсенді" деп алып кетті.

Нұр-Сұлтанда Азаттық тілшісі Абай ескертішінің маңында 14 адамның ұсталғанын көрді. Арасында "Республика" қозғалысы белсендісі Бэлла Орынбетова да бар.

Шымкентте полиция Тәуке хан көшесіндегі Әуезов атындағы университеттің алдында 15 шақты адамды ұстады. Бұл маң оппозициялық саяси топтар шақырған "митинг орны" - Түркістан облыстық әкімдігінің Шымкенттегі өкілдігіне жақын.

Полиция Азаттық тілшісіне сұхбат беріп тұрған бір әйелді де ұстап әкетті.

- Бүгін Дулат Ағаділді еске алу күні болып жатыр. Соған келгенмін. Әкімдік жаққа өту мүмкін емес. Білмеймін, не болып жатқанын. Жау келгендей..., - деп айта бастап еді, екі қызметкер қолтығынан ұстап, көлікке отырғызды. Ол "Шал, кет!" деп айқайлады.

Бұған дейін елдегі түрлі оппозициялық ұйымдар 1 наурыз күні митингіге шығуға шақырған. Олар белсенді Дулат Ағаділдің өліміне кінәлілерді жазалау, саяси тұтқындарды босату, билік отставкасы және өзге де талап қоймақшы болған. Бірақ митингілер қарсаңында Қазақстанның әр аймағында белсенділер қамалып, 1 наурызда таңертең митинг өтеді делінген облыстық және қалалық әкімдіктердің айналасы қоршалды. Ол жаққа ешкімді өткізбеді.

Жексенбі, 1 наурызда Алматыда Республика аумағында мобильді интернет байланысы нашарлады. Тікелей эфирде хабар таратуға мүмкіндік беретін құрылғы қызметі істемей қалды.

Бас прокуратура митингілерді "заңсыз" деп атап, жұртты наразылыққа шықпауға үндеді.​

Оқи отырыңыз: Құқық қорғаушылар митинг қарсаңында жер-жерде белсенділердің қамала бастағанын хабарлады

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG