Accessibility links

Путин мен Ердоған Сирияда атысты тоқтатуға келісті


Түркия президенті Режеп Ердоған және Ресей президенті Владимир Путин. 5 наурыз 2020 жыл.
Түркия президенті Режеп Ердоған және Ресей президенті Владимир Путин. 5 наурыз 2020 жыл.

Мәскеу мен Анкара Сирия солтүстігіндегі Идлиб провиниясында 6 наурыздан бастап атысты тоқтатуға келісті. 5 наурызда Түркия президенті Режеп Ердоған мен Ресей президенті Владимир Путин Кремльде кездескеннен кейін осындай шешім қабылданды.

Бұдан бөлек, тараптар Сирия солтүстігіндегі Хасеке - Алеппо трассасы бойында 12 шақырымға созылатын қауіпсіздік дәлізін жасамақшы. 15 наурыздан бастап Ресей мен Түркия осы аймақты бірігіп күзете бастайды.

Келісімде сонымен бірге Сириядағы қақтығысты әскери амалдармен шешуге болмайтыны атап көрсетілген.

Сирия президенті Башар Асад әскері қарулы оппозицияға шабуыл жасап, Идлибтегі жағдай ушыққан кезде Путин мен Ердоған келіссөз жасап отыр. Ресей - Асадты, Түркия оппозициялық топтарды қолдағандықтан тараптардың қақтығысып қалуы әбден мүмкін еді.

Путиннің сөзіне қарағанда Сирияда жыл басынан бері радикалдар бейбіт тұрғындар мен ресейлік "Хмеймим" әскери базасына шабуыл жасап келеді. Ресей президенті Мәскеу мен Анкара Сириядағы жағдайды бірге талқылап, тұрақты түрде байланыс орнатып отыр.

"Сириядағы болып жатқан оқиғаға байланысты түрік әріптестерімізбен пікіріміз бір жерден шықпауы мүмкін. Бірақ күрделі сәттерде ортақ нүктені тауып жүрміз. Бұл жолы да осылай болды" деді Путин.

Ал Ердоған тараптар аймаққа босқындарды қайтару мәселесімен айналысады деп айтты. Ол сонымен бірге егер Сирияның үкімет күштері шабуыл жасаса, Анкараның қарымта қайтару мәселесін өз бетінше шешуге құқығы бар екенін айтты.

Келіссөз басталмай тұрып Путин Идлибтегі оқиға қайталанбас үшін және Ресей-Түркия қатынасы бұзылмайтындай жағдай жасау керек. Ол сонымен бірге Сирияда түрік әскерилерінің қазасына байланысты Ердоғанға көңіл айтып, Сирия әскерінің оларға қасақана түрде соққы бермегенін жеткізді.

Түркия президенті Путинмен келіссөз қорытындысы "Идлибтегі жағдайды жеңілдететін шығар" деген үміті барын айтты.

Соңғы бірнеше аптада Идлибте ондаған түрік сарбазы қаза болған. Келіссөз алдында тараптар бір-біріне кінәлап, өткір мәлімдеме жасаған. Алайда Түркия Асад әскеріне дем беріп отырған Ресейді түрік сарбаздарының қазасына тікелей кінәлаған жоқ.

Оқи отырыңыз: Сирияда 33 түрік әскериі мерт болды. НАТО Дамаск пен Мәскеуді айыптады

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG