Ресейде қалған туыстарының айтуынша, Павел Владимиров билік оны неліктен терроризмге қатысты айыптап отырғанын өзі де білмейді. Толығырақ түсініктеме беруден туыстары да бас тартып отыр.
Қазақстан ара-тұра Ресейде "әскери фейк таратты", "экстремизмге шақырды" немесе "терроризмді ақтады" деген айып тағылған азаматтарды ұстайды. Бурят журналист әрі соғысқа қарсы белсенді Евгения Балтатарованың айтуынша, ондай адамдарды 12 айға дейін қамауда ұстауы мүмкін. Балтатарова биыл қаңтарда үшінші талпынысынан кейін ғана Қазақстаннан кетті. Оған дейін алдымен Алматы әуежайында Бішкекке аттанғалы тұрған жерінде ұсталды, кейін оны Парижге ұшатын рейске жібермеді.
Өз елінде қуғынға ұшыраған Балтатарова мен басқа да бірқатар ресейлік соғысқа қарсы белсендіні Қазақстанда Ресейге депортациялаймыз деп қорқытқан, алайда бүгінгі күнге дейін депортация болғанын растайтын бірде-бір жағдай белгісіз. Соғысқа қарсы тағы бір ресейлік, Алматының тергеу изоляторында жылға жуық отырған саха белсендісі Айхал Аммосов "қазірге бұл ереже жұмыс істеп тұрғанымен, Павелге келгенде басқаша болуы мүмкін" деп санайды. Өйткені оған ауыр қылмыс түріне жататын бап бойынша терроризм айыбы тағылып отыр. Бұған дейін Қазақстан Ресей билігіне әскери қызметкерлерді ғана ұстап берген, атап айтқанда, соғыс басталғаннан кейін Ресейден қашып кеткен федералдық күзет қызметінің (ФКҚ) майоры Михаил Жилин мен Отанында қашқын деп айып тағылғаннан кейін депортация жасау жөнінде өзі өтініш айтқан Камил Касимов.
"ОЛЬЧИК, КҮЛШІ!"
Ресей азаматы, 19 жастағы Воронеж тұрғыны Павел Владимировтің Қазақстанда ұсталғаны туралы 2024 жылғы 13 қарашада белгілі болды. 4 қыркүйекте Павел террористік ұйымның қызметін ұйымдастырды және оған қатысты деген айыппен қамауға алынған. Содан бір күн бұрын Ресейдің қаржы мониторингі Павел Владимировті экстремистер мен террористер тізіміне енгізген. Алматының ауданаралық тергеу сотының қаулысына сүйенсек, Ресейде Владимировті террористік ұйымның жұмысына қатысуға дайындалғаны үшін айыпты деп танып, іздеу жариялаған.
– Алғаш рет Паша туралы кездейсоқ білдім. Бірде біз отырған жерге карантиннен жаңа келген өзбек жігіт ұсталғандар арасында ауыр айып тағылып отырған жас ресейлік азамат болғанын айтты, – деді саха белсендісі, музыкант Айхал Аммосов. – Кейіннен ол жігіттің аты Паша екенін, 2006 жылғы екенін білдім. Пашаның Қазақстанның түрмесінде отырғанын ешкім білмеген де.
Айхал Аммосов (құжаттағы аты-жөні – Игорь Иванов) Қазақстанның тергеу изоляторында Ресей билігінің экстрадиция жасау жөніндегі сұрауы бойынша 2023 жылдың қазан айынан бастап 12 ай отырған. Биыл қазанда босап шығып, гуманитарлық визамен Германияға кетті.
– Паша сөйлесіп жүрген қызы Оля мен достарына хат беріп жіберді, қайда жоғалып кетті деп уайымдамасын деп хабарын жеткізуімді өтінді, – деді Айхал.
Павел изолятордан Германияға немесе басқа елдерге хат жөнелте алмайтындықтан, Аммосовқа Владимировтің хаттарын оның адвокаттары жіберіпті.
"Тірі екенімді біліп жүрсін, ауық-ауық достарыма хат жазып қойшы, – Германияда жүрген Айхалға жазған хатында Павел осындай өтініш айтқан. – Оляға оны шексіз сүйетінімді жазшы, мені күтсін".
Украинада тұратын Ольга үш ай бойы Павелден бір хабар біле алмай, жанын қоярға жер таппаған: тамыз айында Ресейден шығып кеткен жігіт қыркүйекте ізім-ғайым жоғалған.
– Көктемде Instagram-нан маған хат жазды, солай танысып, сөйлесіп кеттік. Тамыздың аяғында ойымыз бір жерден шыққан соң, ол маған келетін болды. Өзім Киевте тұрамын, психолог болып жұмыс істеймін. Ресей билігінің көзіне мұның қалай көрінетінін сеземін, оның ұстанымы мен көзқарасын Ресейде аса құптай қоймайтынын да түсінемін. Негізі мұндай тақырыпта көп сөйлескен жоқпыз, көбінесе екеуара әңгіме айтатынбыз. Павелдің тарихқа қызығатынын, Ресейдің Украинадағы соғысқа қатысты саясатын қолдамайтынын білемін, бар айтқаны осы ғана, – деді Ольга. – Тамыз айында ол Воронежден шығып, алдымен Минскіге, сосын Қазақстанға барған, сол жерден қыркүйек айына Тбилисиге билет алған. 10 қыркүйек күні жолға шығуы керек болған, бірақ 4 қыркүйектен бастап байланыс үзілді.
Павелдің қамауға алынғанын Ольга екі жарым айдан кейін ғана, Айхал жеткізген хаттан білген. Тағылып отырған айып пен Павелдің баспасөз бетінде соғысқа қарсы акцияға қатысы бар деген тұсында таңғалғанын жасырмайды. Неліктен мұндай ауыр айып тағылғанын туыстары да түсінбейді (олар кеңірек әңгімелесуден бас тартты).
– Қандай да бір акция ұйымдастырып жүргені туралы бірде-бір рет естіген емеспін. Воронежде де, Қазақстанда да. Қазақстанда бар болғаны бір апта болды [қамауға алынғанға дейін], ал Воронежде ешқандай акция өткізбегеніне кәміл сенімдімін, өйткені жұмыста жүрді. Ол үлкен дүкеннің қоймасында жұмыс істейтін. Әлбетте, Воронежде кімдермен араласқанынан хабарым жоқ. Қандай да бір қозғалысқа, ұйымға мүше екенін ешқашан айтқан емес (ақпарат құралдары Владимиров Қазақстанға көшкенге дейін көше белсендісі болған, соғысқа қарсы үндеу таратқан, граффити салған және жергілікті шерулерге қатысқан деп жазды). Сондай акцияларға қатысқанына дәлел болатын суреттерді көрдіңіздер ме? Қанша ақтарсам да, ондайды таба алмадым. Биліктің Украинаға қатысты көзқарасын қолдамайтыны, соғысқа қарсы болғаны үшін терроризмге қатысы бар деп айыптап отыр ма деп шамалаймын. Оның көзқарасы осындай ауыр айып тағуға негіз бола ала ма? Мұның несі терроризм? Оның тіпті акцияға қатысқанына айғақ жоқ, сондықтан қолдан жасалып отыр деп ойлаймын. Оны кім және қалай ұстағанын да түсінбеймін. Федералдық қауіпсіздік қызметі көшеде кетіп бара жатқан жерінен ұстап алды ма? Қандай да бір "террористік ұйымның" жұмысына қатысы бар екені дәлелденбесе, бұл істі мойнына іліп отыр деген сөз. Украиналық бойжеткенге сезімін білдіріп, хат алмасқаны үшін ғана осындай айып тақпайтын шығар?!
Екеуара хатта Ольга мен Павел спорт залға барғаны, балаларға деген көзқарасы, сүйікті тағамы, демалыс жоспары жайлы жазып, кездескенде құшақтай алуға батылы жете ме, жетпей ме, соны әңгіме қылған. Соңғы хабарламаларының бірінде Павел алыстан сәлем жолдаған видео жіберіп: "Ольчик, күлші", – деп өтініш айтқан.
Соңғы хаттарының бірінде Павел изоляторда тамақ та, су да жоқ екенін жазыпты. "Қиын болмаса", біраз зат жіберуді өтінген, атап айтқанда: көк түсті сиясы бар қалам, өшіргіш, қарындаш, қағаз, көзілдірікке арналған қап, сабын және "Антигриппин", "Назолин", "Ксилен", "Ингалипт", "Левомеколь" сияқты дәрілер.
"ІШЕТІН СУ ДА, ЖЫЛУ ДА БОЛМАДЫ"
Ольгаға Павелдің хат-хабарын жеткізген Айхал Аммосов 2022 жылдың ақпан айында, Мәскеу Украинаға қарсы соғыс бастағаннан кейін өзі тұратын Саха республикасында соғысқа қарсы акция өткізген. Ресей үкіметінің басшысы Михаил Мишустиннің Якутскіге сапары кезінде қала орталығындағы "Самородок" бассейнінің шатырына Yakutian punk against war ("Якут жүгірмегі соғысқа қарсы") деген жазуы бар баннер іліп, жерлеу қызметін көрсететін агенттіктің алдына режиссер Алексей Балабановтың "Груз 200" фильмінің желісімен "Күйеу жігіт келді" деген жазуы бар плакат ұстап шыққан.
2022 жылы Айхалға "әскердің беделін түсіру" бабымен үш рет әкімшілік айыппұл салынды, одан кейін қылмыстық іс қозғалды.
2023 жылы Аммосов ретін тауып Қазақстанға кетті. Осыдан кейін Ресейде оның үстінен терроризмді ақтаған деген баппен сырттай тағы бір іс қозғалды.
Айхал 2023 жылдың қазан айында Қазақстанда ұсталып, оған Ресей билігінің "экстрадиция мәселесі туралы" сұрауына орай қамауға алу шарасы қолданылды. Сөйтіп саха белсендісі 12 айға қамауға алынды. 2023 жылдың қараша айында, Алматының тергеу изоляторында отырған жерінен Аммосов Қазақстанда баспана іздеп жүрген тұлға мәртебесі туралы куәлік алып, бұл оны билік тиісті сұрауды қарастырғанға дейін экстрадициялану қаупінен құтқарды. Айхал 2024 жылғы 8 қазанда бостандыққа шықты. Бірақ, Германияға кеткенге дейін онысын жария еткен жоқ. Қазір қолында виза мен Германия билігі шетел азаматтарына беретін "эрзац төлқұжаты" бар ол Германияда босқындар лагерінде тұрып жатыр.
Аммосовтың айтуынша, Қазақстанда изоляторда отырғанда ішетін суға, жылы киімге жарымаған.
– Маған сәлемдеме беруге рұқсат етпеді, берсе де, ішіндегісін алып қалып жүрді. Мысалы, жылы киім беріп жібергенімен, оны сол күйі алған жоқпын, – деді Аммосов. – Алматының тергеу изоляторы Орталық Азия көлеміндегі ең үлкен түрме: онда арабтар да, тәжіктер де, қырғыздар да, ұйғырлар да, ауғандар да бар. Бір жыл ішінде әртүрлі тоғыз камерада отырып шықтым, мені қайда қамайтындарын білмей басы қатты (изолятордағы бірінші саха екенмін). Қамауда отырған уақытта үш рет тұтқындардың бас көтеруіне куә болдым, дін мен ұлтшылдық мәселесіне орай кикілжің жиі болып тұрды. Араб тілін үйренуге тура келді, олар орысшаны үйренгенше, менің арабшаны үйренуім оңайға түсті.
"ДЕМОКРАТИЯҒА ҚАУІП ТӨНІП ТҰР"
Ресейлік соғысқа қарсы белсенділерді қорғаумен айналысып жүрген заңгерлердің айтуынша, Ресейдің ішкі істер министрлігі халықаралық іздеу жариялағанның өзінде, Интерпол саяси себеппен қудалауға ұшырағандарды экстрадициялау туралы Мәскеудің талабын орындамайды. Әйтсе де, Ресеймен шекаралас және тығыз байланысы бар кей елдер Мәскеудің сұрауына сай белсенділерді ұстап беруі мүмкін. Мұндай елдер қатарында Қырғызстан, Қазақстан мен Армения жиі аталады.
– Қазақстан босқындарды беру мәселесіне адамгершілік тұрғысынан емес, саяси жағынан қарайды, – деді Евгения Балтатарова. – Ресей азаматына баспана бергеніміз сол елде қудалау бар, "демократияға қауіп төніп тұр" дегенмен пара-пар деп ойлайды.
Балтатарова 2022 жылдың наурыз айында саяси қысымға шыдамай, Ресейден Қазақстанға өткен. Көп ұзамай Ресей билігі елдің әскері туралы "фейк" таратты деген айыппен Балтатарованы халықаралық іздеуге берді. Қазақстан оны 2022 жылдың қыркүйек айында ұстағанымен, көп ұзамай босатуға тура келді. Себебі, Қазақстан заңында "Ресей әскері туралы фейк тарату" бабы болмағандықтан, экстрадиция жасауға негіз болмады. Қазақстан босқын мәртебесін беруден бас тартқандықтан, 2024 жылдың қаңтар айында Балтатарова бұл елден кетті.
– Мен соғыс басталған сәтте кеттім ғой, ол уақытта ешқандай қудалау болған жоқ. Қылмыстық іс те, экстрадиция жасауды сұрау да болмады. Қылмыстық іс қозғау Ресейде көктемде басталған, мен одан мүлдем хабарсызбын. Ал 2022 жылдың жазына қарай айыптау қорытындысы дайын болған. Қыркүйек айында мені бірінші рет ұстады, ол кезде хаттама да толтырмады. Себебі бұл заңға қайшы, полиция қызметкерлерінің қолында мені ұстауға ешқандай негіз болған жоқ, – деді Евгения. – Қазақстанда "фейк" туралы бап болмаған соң, босатуға тура келді. Тергеу изоляторында отырған басқа жігіттер сияқты "терроризмді ақтады" немесе "экстремизмге шақырды" деген айып тағылғанда, мен де қамауда отырар едім.
Екінші рет Балтатарова 2022 жылдың қараша айында, шаруаларымен Қырғызстанға жолға шыққалы тұрған сәтте ұсталды. Ол кезде Ресей билігі оған халықаралық іздеу жариялап үлгерген болатын.
– Әлі ештеңеден хабарсыз едім, мені ұстап, рейске жібермеді. Қоршаудың сыртына шығарып жіберді де, әуежайға барып жылынуды ұсынды. Түн ортасы, қаңғырып қала бердім. Жігіттерге мені тергеу изоляторында деп айтыпты. Шарасыздықтан бетон бордюрге отырып, көз жасыма ерік бердім. Сөмкемде не су, не жасымды сүртетін майлық жоқ. Бір кезде қарасам, дәл төбемде бақылау камерасы бар екен. Киноға қызық сюжет болар еді. Бір уақытта суықта тұрғанымда далаға шығарып жіберген тергеушім келді. "Бізден қателік кетті, Ресейдің кінәсі" деп бірдеңе айтқан болды. Ұсталғаным туралы тағы да ешқандай құжат болған жоқ, – деді Бурятиядан келген журналист.
Осы уақыт ішінде ол бір жылдық жұмыс келісімшарты негізінде берілген уақытша тіркеу туралы құжатпен жүрген.
– 2023 жылдың көктемінде тағы да сол жұмыс келісімшартына сай уақытша тіркеуді ұзартуым керек болды. Бірақ халыққа қызмет көрсету орталығында әлдеқандай қате шығып, менің төлқұжатым Қазақстанның шекарасын кесіп өтпегені, "еш жерде жазба жоқ" екені белгілі болды. Бұл, әлбетте, ақылға сыймайды, бірақ тіркеуімді ұзарта алмадым, – Балтатарова бұл "қате" кездейсоқ па, әлде алдын ала жоспарланған ба, сол күйі түсінген жоқ.
Уақытша тіркеуден бас тартқан жағдайда шетел азаматын екі-үш күн ішінде Қазақстаннан депортациялауға болады.
– Босқын болатын ойым жоқ еді, осы себептен ғана босқын мәртебесін сұрауыма тура келді. Қазақстан ешкімге баспана бермейтінін білемін, бұл тығырыққа тірейтін жол еді. Соған қарамастан өтініш беріп, содан кейін бас тартқан жағдайда соттасып, біраз уақыт ұтпақ болдым, – деді Евгения жаңа жағдайға бейімделмек болғанын түсіндіріп.
Ресейден қашып келген бурят журналист Астанадан пана сұрайды (15 қараша 2023 ж.)
Бұл аралықта бурят белсендісі Батыс елдерінің елшіліктерінен виза сұраумен болған. Бірінші болып визаны Францияның елшілігі берген.
– Бірден жолым болды дей алмаймын. 2024 жылғы 15 қаңтарда мені рейстен қалдырды. Бірақ сол күні-ақ жақын уақыттағы рейске билет алуыма болатынын айтты. Келесі рейске билет алып, ұшып кеттім. Рейстен қалдыруға тағы да "фейк" туралы қылмыстық іс себеп болды: халықаралық іздеуде болсаң, келісімге қол қойған ел (іздеуде жүрген адамдарды өзара беру туралы 1993 жылғы Минск келісімімен реттеледі) сол елдің аумағында болғаның үшін автоматты түрде экстрадициялық қамауға алып, еліңе алып кететін топ келгенше күтуі керек. Десе де, егер ол елдің қылмыстық кодексінде іздеудегі адамды айыптап отырған бап болмаса, экстрадиция жасалмайды деген талап бар. Демек, мені ұстатып жібермейді, бірақ босатып та жібере алмайды: келісім бойынша, іздеудегі адам Қазақстанның изоляторында отыруы керек. Немесе Ресейде, – деп түсіндірді Евгения. – Заң бойынша, мені алдымен экстрадициялық қамауға алып, содан кейін шетелге жіберуі керек еді. Құдайға шүкір, олай істеген жоқ.
Іздеудегі адамның экстрадициялық қамауда қанша уақыт болатыны алғашқы қадалау сотының судьясына байланысты. Бастапқыда бір жыл деп белгілейді, бірақ ол мерзім ұзара беруі мүмкін.
– Әр жолы соттың қалай шешетініне байланысты. Алайда, іс жүзінде терроризм не экстремизммен байланысты бап болса, міндетті түрде қамауға алады, бірақ Ресейге бермейді. Әзірге екі әскериден басқа ешкімді берген жоқ, – деді Евгения. – Сондықтан жаңағы Павел Владимиров деген жігіт те бір жыл отырып шығармын деп сенімді түрде айтып отыр. Әйтсе де, бұл кең тараған тәжірибе дей алмаймын. Миллиондаған адамның басынан өткен жоқ. Өкінішке қарай, өзгеріп кетуі де мүмкін. Әзірге статистикада үш табысты оқиға бар (Аммосов, Балтатарова, Наталья Нарская), Павел Владимиров пен Евгений Наказненко әлі қамауда отыр. Соңғысының қамауда отырғанын да бірнеше айдан кейін ғана білдік.
Балтатарова соғысқа қарсы белсенділердің қамауға алынғаны туралы айтылмауына Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі халықаралық бюроны кінәлайды.
– Бұл шартты түрде тәуелсіз, барлық шетел мемлекеті адам құқығын, сотталғандар құқығын қорғаумен айналысатын ұйым ретінде мойындаған құрылым болып саналады. Соған қарамастан, бюроның іске деген көзқарасы түсініксіз. Олардың жұмысын құнсыздандырғым келмейді, бірақ қазір ғана Павел туралы біліп, бір ашуланып алдым. Бюродағылардың пайымдауынша, изолятор мен түрменің ішіндегі құқық бұзу мен ұстау туралы ешқандай мәліметті жариялауға болмайды. Олар нақты ресейліктерге қатысты мәселеде үнсіз қалу керек деп есептейді екен. "Неғұрлым шу көтермесек, оларға соғұрлым жақсы қарайды. Ең бастысы, Қазақстанның да, Ресейдің де билігінің жынына тимеу керек" деген ойда. Мұны қамаудағылардың мүддесі үшін деп түсіндіреді, – деді Евгения Балтатарова.
Бір кездері қазақстандық құқық қорғаушылардың ойы дұрыс болып көрінген, алайда артынан ойы өзгеріпті.
– Өз елінің билігін жақсы біледі ғой деп ойладым. Алайда, кейін Наталья Нарскаяның ісі мәлім болды: жазда қамауға алынған, ал біз оның тергеу изоляторында отырғанын шамамен қазан айында, онда да қазақстандық тұтқындардан білдік. Саяси белсенді болып жүрген таныс қыздарым бар еді, олар бірге отырыпты. "Изоляторда Ресейден бір қыз отыр, азаптауға ұшырап жүр ме, мекемені басына көтеріп айғайлайды. Карцерге қамап қойса, күні бойы айғайлайды. Ол қызды изоляторда ұстауға болмайды, емдету керек" деді. Наталья туралы осылай білдім, – деді Евгения.
Соғысты сынап сұхбат берген Ресей азаматы Қазақстан абақтысында отыр (26 қыркүйек 2023 ж.)
Балтатарова сол кезде Адам құқығын сақтау жөніндегі қазақстандық бюро Нарскаяның қамауға алынғаны туралы алғашқы күннен хабардар екенін білген.
– Бірінші күннен-ақ бойжеткеннің денсаулығында кінәрат барын білген. Қамауға жаздыгүні бір қабат көйлекпен түскен, не ақшасы, не киімі жоқ. Ал күзде изолятордың іші қақап тұрады, жылу жоқ, – деді белсенді. – Біз барынша шу көтердік: Натальяны изоляторда қалдыруға болмайды, оған емделу керек. Екіншіден, бір түйір жылы киімі жоқ, не шұлығы, не іш киімі жоқ. Қазақстанда ешкімі жоқ қыз. Шақыртқан кезде ұстайды деп ойламаған, өзінің үстінен қылмыстық іс қозғалғанынан да хабарсыз болған. Еш жамандық ойламастан кішігірім сөмкесімен "құжатын тексертуге" жетіп барған да, бір қабат көйлекпен, жаздық тәпішкемен тергеу изоляторына түскен. Бюродағылар мұны бес саусақтай білсе де, еш әрекет жасамаған.
Күзде "Точка невозврата" коммерциялық емес ұйымы Ресей мен Украинадан келген мигранттарға көмек көрсету мақсатында ақша жинаған. Қараша айында Нарская баспана іздеп жүрген тұлға ретінде куәлік алып, соның арқасында Ресейге экстрадиция жасаудан аман қалған.
– Осылай ақша жинауға не кедергі болды? Олар грант алады, өздерінде де азды-көпті қаражат бар, науқас адамға бір көмек көрсетуге болар еді ғой. Көмегі жоғы былай тұрсын, ешкімге тіс жармай, үнсіз отыруын қалай түсінуге болады? – деді Балтатарова ашуын баса алмай.
Евгения Балтатарованың бұл сөзіне Қазақстандағы адам құқығын сақтау бюросы келіспейді. Бюро директоры Денис Дживаганың айтуынша, олар Нарскаяға ұсталған кезде көмектесіп, кейін Францияға кетуін ұйымдастырған.
– Бұл жөнінде ешқандай түсініктеме бергім де келмейді. Ұйымның қалай жұмыс істейтінін талқыға салып, еш көмегі тимесе де, елден кеткен адамдардың оқиғасын өз еңбегі сияқты етіп көрсетуді түсінбеймін. Бәрін сол адамның ар-ұятына қалдырайық. "Бірнеше" адамның аман-есен шыққанын айтады. Ал шын мәнінде кеткендер [басқа елдерге] әлдеқайда көп. Біз оны еш жерде айғайлап айтып жүрген жоқпыз, пиар жасаумен айналыспаймыз, – деді Денис Дживага. – Біз шынымен де "шу көтермейміз". Өйткені адам қауіпсіздігі дегенді түсінеміз. Балтатарова сияқтыларға да, басқаларға да көмектесуді жалғастыра береміз. Қазақстан негізінен елден шығып кетуге мүмкіндік береді. Кейде ол жұмыс істемеуі мүмкін, мысалы, Жилиннің оқиғасы. Әйтсе де, осы жағдайдың өзінде де Қазақстан билігі Жилиннің отбасын Ресейге берген жоқ, әйелінің қауіпсіз жерге, үшінші елге аман-сау шығып кетуіне көмектесті. Біз ешкімге хабар беруге міндетті емеспіз. Павел Владимиров туралы да білеміз, бірінші күннен оны біздің адвокатымыз қорғап жүр. Бірінші кезекте біз заңгерміз, заңнама мен конвенция үнемі орындала бермейтінін түсінеміз. Ресейліктерді ұстау, беру мәселесінің бәрі де дипломатиялық келіссөз аясында шешіліп жатыр. Әзірге, Құдайға шүкір, жұмыс істеп тұр. Наталья Нарскаяны да алғашқы сәттен қорғауымызға алдық. Біз дәрігер емеспіз, изоляторға кіре алмаймыз, ондағы адамға медициналық көмек көрсететін мүмкіндігіміз жоқ. Жағдайынан толық хабардар болдық. Бірақ, экстрадиция туралы сұрауды жіберетін Ресей болғандықтан, біздің прокуратура органдары мұндай жағдайда ұсталғандарға ештеңе істей алмайды. Біздің көмегімізбен Наталья Қазақстаннан аман-есен шығып кетті.
Вокалдан сабақ беретін, Ресейден Қазақстанға көшіп келген 29 жастағы Наталья Нарская Ресей армиясына және соғысқа қарсы сөздері үшін "экстремизмге шақырды" деген айыппен үстінен қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынған. Қазан айының басында Нарскаяға "ВКонтакте" желісіндегі жазбалары мен Ресей әскерінің іс-әрекетін айыптап, Люберцы қаласының әкімшілігіне жазған хаты үшін "экстремистік ұйымның жұмысын ұйымдастырды" деген айып тағылғаны белгілі болды. Осыдан кейін жергілікті депутаттар полицияға Нарскаяның үстінен арыз түсірген.
Қазір Наталья бостандықта, бірақ нақты қай елде екенінен құқық қорғаушылар хабарсыз.
Ресейлік анархист Денис Козак та Қазақстанда ұсталды, 2018 жылы Архангельск федералдық қауіпсіздік қызметінің жанында Михаил Жлобицкийдің өзін өзі жарып жіберуіне орай комментарий жазғаны үшін оның үстінен "терроризмді ақтады" деген айыппен қылмыстық іс қозғалды. Бір жыл қамауда отырғаннан кейін Козак босап шығып, Еуропаға кеткен болатын.
– Қазақстандағы адам құқығын сақтау бюросы БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссарының Қазақстандағы басқармасымен серіктес. Олар кезінде Қазақстан ратификация жасаған БҰҰ-ның декларацияларына құдайдай сенеді. Онда босқындар құқығына байланысты мынадай бап бар: егер әлдебір адам баспана сұраса, комиссия шешім қабылдағанға дейін оны депортация жасауға, экстрадициялауға және т.б. болмайды. Алайда бұл талап федералдық күзет қызметінің майоры Михаил Жилинге келгенде жұмыс істемеді. Ісі апелляцияда қаралып жатқан уақытта оны изолятордан алып кетті. Касимовке де көмектеспеді. Бұл басқаларды дереу депортация жасаудан құтқарды ма, жоқ па, айту қиын. Себебі ақпарат жоқ, тағы да қайталап айтайын, олардың тактикасы үндемеу, – деді Евгения Балтатарова.
2023 жылдың желтоқсан айында Қазақстан соғыстан қашқаны үшін ресейлік күзет қызметінің майоры Михаил Жилинді Ресейдің сұрауымен депортация жасады. Ол Қазақстан шекарасын кесіп өткеннің ертесіне-ақ саяси баспана сұраған болатын. Заң бойынша, бұл шекараны заңсыз кесіп өткені үшін деген айыптаудан босатады. Қазақстан заңы адамдарды заңсыз жолмен келген елдің аумағына қайтаруға да тыйым салады. Алайда, 2 желтоқсан күні сот Жилинді Ресейге депортация жасау туралы шешім шығарды. 2024 жылы Ресей соты Жилинді әскерге жұмылдыру кезінде қашып кеткені және шекараны заңсыз кесіп өткені үшін кінәлі деп танып, алты жарым жылға қатаң режимдегі түрмеге жапты. Жилиннің туыстары Ресейде оны ауыр азаптау күтіп тұр деп мәлімдеді.
Келісімшарт бойынша әскери қызмет атқарған 23 жастағы Камил Касимов 2023 жылдың мамыр айында қызмет демалысын алып, Ресейден Қазақстанға кеткен. Қазақстан мен Ресейдің күш құрылымдары оны бір жылға жетпейтін уақытта ұстады. Сол күні-ақ Касимовті Қазақстанның Приозерск қаласында орналасқан ресейлік әскери бөлімге жеткізіп, 496-әскери тергеу бөліміне берген. Артынан Касимовті Омбыға жеткізген. 2024 жылдың қыркүйек айында Омбы соты оны қашқын деген айыппен алты жарым жылға бас еркіндігінен айырды.
Кейіннен Қазақстанның ішкі істер министрлігі Касимов Ресейге депортация жасауды өзі сұрады деп мәлімдеді. Ресми жолмен оны Қазақстаннан шығару мүмкін емес еді, себебі әскери қылмыс экстрадицияға жатпайды. Әрі Касимов те елден саяси баспана сұраған. Депортация туралы хабар Касимов түрмеге жабылғаннан кейін шықты. Көші-қон заңын бұзғаны туралы сот қашан және қандай жағдайда өткені беймәлім күйі қалды.
Ресейлік Евгений Наказненконың тағдыры да беймәлім күйі қалып отыр. Ол 2024 жылдың қыркүйек айында Алматының әуежайында ұсталды. Ресейде Наказненкоға қарсы "әскер туралы фейк таратты" және "терроризмге шақырды" деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалған. Азаттық радиосының жазуына қарағанда, Наказненко әлеуметтік желіге соғысқа қарсы бейнероликтер салғаны үшін жазықты болып отыр. Ресей билігі оны халықаралық іздеуге берген. Қазір Наказненкоға да экстрадиция қаупі төніп тұр.
Ресей азаматы Евгений Наказненконың ұлты – украин. 2007 жылдан бастап Қазақстанда тұрып келді, шет тілін үйрететін Oxford Team мектебін ашқан. Адвокат Диас Кентайұлы Ахметов BES.media арнасына берген сұхбатында Наказненконың Қазақстанның Өскемен қаласында дүниеге келгенін, сол жерде орта мектепті бітіргенін нақтылады. Ресейде университетте оқып, тәмамдағаннан кейін Қазақстанға оралған. Адвокаты Диас Кентайұлы Ахметов "Агенттік" басылымына Евгенийді бір жылға дейін қамауда ұстауы мүмкін деп хабарлады.
"ДҰРЫС ЕЛДІҢ ПАТРИОТЫ"
Павел Владимировтің ісіне қатысты ешкім нақты болжам айта алмай отыр, Қазақстан билігінің қандай шешім қабылдары белгісіз.
– Олардың не ойлайтынын түсіну қиын. Жилин шекараны жаяу заңсыз кесіп өткен, әрі ол қатардағы әскери қызметші емес, федералдық күзет қызметінде істеген адам. Ал Касимов Бурятиядан шыққан артиллерист, федералдық қызметте істемеген, оны неге экстрадициялағаны түсініксіз, – деді Евгения Балтатарова. – Оны ұстау тәсілінің өзі түсініксіз: Қарағандыдағы әскери бөлімнен әлдебір ресейліктер келіп, жұмыс орнынан алып кеткен. Шын мәнінде оны басқа елдің аумағында ұстап отыр. Тіпті өз бөлімшелерінің аумағында да емес!
Павелдің туыстары мен қызы Ольга да осыдан қорқады.
– Ол бар болғаны Украинада тұратын қызына бармақшы болды. Соғысқа қарсы болса, ол мұндай көзқарастағы жалғыз адам емес. Сонда қалай, соғысты қолдамайтын Ресей азаматтарының бәрін қамауға алу керек пе? Ресей билігінің саясатын қолдамайтын азаматтар дереу террористке айналып шыға келе ме? Оның террорист екеніне де, "анархиялық қызметпен айналысқанына" да ешқандай дәлел жоқ, – деді Ольга. – Ал соғысқа қарсы болуы дені сау адам үшін қалыпты жағдай. Оның үстіне, тарихқа қызығатын адам. Ол басқа бір елге шабуыл жасайтын елдің емес, дұрыс елдің патриоты. Орыстарға қарсы емес, осындай саясатқа қарсы. Соғысқа қарсылық ешқандай да терроризм емес. Адамдардың бейбіт өмірді аңсауы – қалыпты жағдай.
Ресейдегі орынсыз ұйымдар туралы заң бойынша қудалауға ұшырау қаупі болғандықтан, бұл мақаланың авторын ашық көрсетпейміз.
ПІКІРЛЕР