Accessibility links

Германия, Франция, АҚШ және Ұлыбритания Асад режимін жауапқа тартуды талап етті


Сириядағы соғыс (архив, 2019 жыл)
Сириядағы соғыс (архив, 2019 жыл)

Сирияда азамат соғысының басталғанына 9 жыл толды. 15 наурыз, жексенбіде Германия, Франция, АҚШ және Ұлыбритания Асад режимін жауапқа тартуды талап еткен бірлескен мәлімдеме жасады. Бұл туралы "Немецкая волна" ақпарат агенттігі хабарлады. Мәлімдемеде "Ресей мен Иран қолдауына сүйенген Сирия режимінің әскери шабуылдары халықты онан сайын қайғы-қасіретке батырып, гуманитарлық апатқа жеткізіп жатыр" делінген.

Германия, Франция, АҚШ және Ұлыбритания Сирия басшылығына БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің 2254-ші резолюциясын орындау жөнінде талап қойған. Бұл резолюцияда жалпыұлттық бітім жариялау, конституциялық реформа жүргізу, заңсыз қамауға алынғандарды босатып, еркін сайлау өткізу жөнінде айтылған.

Сириядағы конфликтіні реттеу процесінің донор елдері "сенімді нақты саяси процесс" басталған соң ғана Сирияны қалпына келтіруге гуманитарлық қолдау көрсету мәселесін қарастыруға дайын екенін айтады.

Мәлімдемеде Асад режимін сақтап қалу үшін күресте Сирия халқының жартысына жуығы – 11 миллион адам босып кеткені, бір жарым миллион адам өлгені баяндалған.

"Араб көктемінің" толқынымен 2011 жылы наурызда басталған үкіметке қарсы шерулер жазға қарай қарулы қақтығыстарға ұласқан. Оппозиция 1962 жылы жарияланған төтенше жағдай режимін тоқтатып, президент Башар Асадтан қызметтен кетуді, Сирияда демократиялық өзгерістер жасауды талап еткен.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG