Азаттық: Қазақстанда төтеше жағдай режимі енгізіліп, үкімет бірқатар шараларды қолға алатынын жариялады. Мұны қалай бағалайсыз?
Қасымхан Қаппаров: Үкіметтің бұл шараларды өте шұғыл қабылдағаны байқалады. Яғни бұл ең әуелі әрекет жасау шарасы. Үкіметтің бюджеттен қаржы іздеп жатқанын көріп отырмыз. Бизнестің "жол картасына" 300 миллиард теңге және "қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасына 400 миллиард теңге бөлінетіні айтылды. Мұны бюджет ақшасын қайта бөліп тапқанға ұқсайды, өйткені Ұлттық қордан ақша бөлінетіні туралы мәлімдеме болған жоқ.
Бұл шаралар қазір туындаған проблемаларды шешуге арналған. Бірақ мен үкіметтен бүгінгі емес, осы жағдай сақталатын болса, екі немесе үш айдан кейін туындайтын проблемаларды шешетін жоспар күткен едім. Бізде отыз жылда алғаш рет төтенше жағдай жарияланып отыр. Бұл жағдай бірден экономиканың жартысын құрайтын қызмет көрсету саласына кері әсерін тигізді, бізде елдің негізгі бөлігі – жартысынан астамы қызмет көрсету саласында еңбек етеді. Жағдай осылай қала берсе бір-екі айдан соң бізде жұмыссыздық күрт көбейері сөзсіз. Халық үшін, бизнес үшін осындай маңызды сұраққа жауап естімедім.
Азаттық: Қызмет көрсету секторы нақты қандай проблемаға кезігуі мүмкін?
Қасымхан Қаппаров: Қазірдің өзінде әуе компаниялары, туристік агенттіктер мен операторлар, қонақ үй тәрізді шығынға батып жатқан бизнес түрлері бар. Кешеден бері бұл тізімге мейрамхана, кафе, тамақтан басқа заттар сататын дүкен, ойын-сауық кешені мен кинотеатр сияқты бизнес нысандары қосылды. Бұл – қазіргі жағдай. Ал бір айдан кейін қиындықтар еселене түсетінін ескеру керек. Мысалы, бір ай қимылсыз тұрғаннан кейін несиесін, жалға алып отырған орны үшін ақша, жұмысшыларына жалақы төлейтін уақыт келеді. Сол кезде тұтас қызмет көрсету саласының жағдайы мүлде қиындап, проблеманың ауқымы да ұлғая түседі.
Азаттық: Үкімет несиесін уақытында төлей алмағандарға айыппұл салмауға, шағын бизнесті салықтан босатуға уәде берді емес пе?
Қасымхан Қаппаров: Салыққа келсек, биыл онсыз да қаңтардың 1-інен елдегі шағын және орта бизнесті үш жылға дейін салықтан босатқан. Сондықтан бұл шешімді түбегейлі шара деу артық. Жабылуға шақ тұрған я қызметкерлерін жұмыстан қысқартуға мәжбүр болып отырған бизнес үшін бұл шара шешуші роль атқармайды. Егер үкімет осындай бизнесті қолдау үшін пайызсыз несие берген болса, жағдай басқа болар еді.
Ал банктерге келсек, тұтыну несиесін төлей алмаған жеке тұлғаларға 90 күнге дейін өсім не айыппұл есептелмейтіні айтылды. Бірақ бұл тізімге автонесие мен ипотекаға үй алғандар неге енбей қалды? Елдегі экономиканың жалпы төмендеуі олардың да табысына кесірін тигізетіні анық қой. Мысалы, ипотекасын төлей алмаған адам баспанасынан айырылуы мүмкін. Сондықтан әлеуметтік тыныштықты сақтау үшін бұл санаттағыларды да жеңілдік тізіміне қосқан жөн деп ойлаймын.
Азаттық: Үкімет уәде еткен 920 миллион доллар ел экономикасын қолдауға қаншалықты тиімді болмақ?
Қасымхан Қаппаров: 400 миллиард теңгені "қарапайым заттар экономикасына" және Қазақстанда қазірдің өзінде тапшылық сезіліп отырған салаларға бөлу көзделген. Импортты алмастыратын тауарға және азық-түлік қауіпсіздігіне басымдық беріледі. Қазір Қытаймен шекара жабылды, Ресей де шектеулер енгізіп жатыр. Ал бұлар Қазақстанға импорт келетін негізгі мемлекеттер. Үкімет біздегі жиналған қордың азайғанын байқап, жақын болашақта оның тапшы болатынын сезіп отырғанға ұқсайды, сондықтан осы саладағы бизнесті дамытуды қаржыландыру үшін тездетіп ақша іздеп жатыр. Оның жай-жапсарын үкімет әлі де айта жатар, бұл мәжбүрлі болса да қажетті шара деп ойлаймын.
Азаттық: Бұл шара күткендегідей нәтиже бере ме?
Қасымхан Қаппаров: Әрине, мәселе уақытқа тіреледі. Кәсіпкерлердің бұл несиені тездетіп алып, қажетті құрал-жабдығын қойып, өндірісті жылдам іске қосуы екіталай. Сондықтан қор таусылып, өндірісті іске қосып үлгермейтін жағдайда үкіметтің балама жоспары болғаны абзал. Қазірдің өзінде мемлекеттік деңгейде көрші елдермен сатып алу туралы келіссөздер жүргізе берген артық болмас.
Азаттық: Аталған қаржы мен күшті қалай жұмсаған жөн болар еді?
Қасымхан Қаппаров: Ұлттық қор сияқты қорымыздың болғаны жақсы, әрине. Бірақ экономикадағы қазіргі ерекше жағдайды ескеру керек. Және оның әлі қанша уақытқа созылатыны белгісіз. Коронавирус алты ай, тіпті бір жылға дейін жалғасуы мүмкін деген болжам бар. Ал оның барлығы мұнай бағасына әсер етері сөзсіз. Қазақстан үшін бұл – Ұлттық қордың қаржысы жұмсалады дегенді білдіреді. Есебім бойынша, егер бір баррель мұнайдың бағасы 30 доллардан аспаса – Ұлттық қорға ақша түспейді.
Қазақстан Ұлттық қоры
2000 жылы құрылған Ұлттық қорға қазба байлықтардан түсетін қаражат жинақталады. Қазақстан қор қаржысын бюджет бағдарламаларын орындауға жиі пайдаланады. Америкалық Wall Street Journal басылымының мәліметінше, Қазақстан 2000 жылдан 2016 жылға дейінгі аралықта Ұлттық қордан 83 миллиард долларды жұмсаған. 2014 жылы мұнай бағасы құлдырағанға дейін қорда 77 миллиард доллар болған. Елде президент сайлауы өткен 2015 жылы (Совет одағы тарағаннан бері билікте болып, 2019 наурызда президенттік өкілетін доғарған, бірақ билікке ықпалын әлі жоғалтпаған Нұрсұлтан Назарбаев соңғы рет қатысқан сайлау) билік теңге бағамын ұстап тұруға миллиардтаған доллар жұмсады. Сайлаудан кейін Назарбаев теңге бағамын ұстап тұруға 28 миллиард доллар жұмсалғанын айтқан.
Біздегі мұнайдың салықпен қоса алғанда өзіндік құны 30 доллар. Егер мұнай бағасы кемінде жарты жыл бойы 40 доллардан төмен болатын болса, Қазақстанның жағдайы мүшкіл болайын деп тұр. Ондай жағдайда Ұлттық қордың ақшасы тез жұмсалатын болады. Яғни үкіметке әуелі халқына, онан соң бизнеске, сосын банктерге, бұдан кейін егіс егу жұмыстарына жәрдем беруге тура келеді, өйткені бұл істе мемлекеттен басқа ешкімнен қайыр болмайды. Сондықтан қазірдің өзінде бюджет пен Ұлттық қор қаржысын алдымен қай салаға жұмсау керегін мықтап ойланған жөн.
Азаттық: Кез-келген дағдарыс жаңа мүмкіндікке жол ашады деген пікір де бар ғой?
Қасымхан Қаппаров: Иә, экономистер солай дейді және ең алдымен үкімет үшін күрделі реформаны жұрт сенімін ақтайтындай етіп жүргізуге берілетін зор мүмкіндік. Қазір біздің үкіметке құрылымдық реформалар жасауға мүмкіндік туды. Мысалы, 2015 жылғы девальвациядан кейін бізде билік жекешелендіру туралы көп айта бастаған, мұнай бағасы қолайлы қалыпқа келгеннен кейін ол әңгімені мүлде ұмытты.
Соңғы девальвациядан кейін бес жыл өтсе де біз келесі девальвацияға еш дайындықсыз келдік. 2017 жылы ЕХРО-2017 көрмесін өткізіп, кейін тұрғын үй құрылысына белсенді түрде инвестиция салдық. Осылайша бар қаржыны қосымша кіріс әкелмейтін салаларға жұмсап, өндірісті дамытуға көңіл бөлмедік. Қазір үкімет қай салаға басымдық беруді қайта ойлануы керек. Қыруар ақша тұрғын үй құрылысына кетіп жатыр, егер алдағы алты ай я бір жылға дейін жұмыс тоқтап, жұмыссыздық көбейсе ол үйлерді сатып алатын адам болмайды. Сондықтан бюджет қаржысын алдымен қайда жұмсау керегін жақсылап ойланған жөн.
Азаттық: Қазіргі жағдайға байланысты Қазақстанды алда қандай қауіп күтіп тұр?
Қасымхан Қаппаров: Қазақстан халқы мен үкіметінің алдында негізгі үш сынақ бар. Біріншісі – инфляция. Яғни бағаның қымбаттауы. Наурыздағы статистикаға қарасақ қазірдің өзінде алты пайызға көтерілген, бірақ оның өзі әлі өзгереді деп ойлаймын. Өйткені соңғы девальвация мен нарық жағдайын ескерсек, сәуірде инфляция бұдан да жоғарылайтыны анық. Екіншісі – жұмыссыздық. Егер төтенше жағдай режимі созылса қызмет көрсету секторында жұмыссыздық өседі. Бұл, әрине, соңғы 15 жылда экономиканың біресе көтеріліп, біресе құлдырағанына қарамай "біздегі жұмыссыздық бес пайыздан аспайды" деп келген статистика комитеті үшін сын болары сөзсіз. Және үшіншісі – девальвация. Бізде әзірге теңгені құнсыздынудан сақтайтын сыртқы факторлар жоқтың қасы. Мұнай бағасы әлі де арзандап жатыр. Ал Ұлттық банк қорындағы қаржы теңге бағамын ұстап тұруға жетпейді. Сондықтан Ұлттық банктің "айырбастау бағамын еркін айналымға жіберетіні" жайлы хабарламасын жиі еститін боламыз. Егер мұнай бағасы әлі екі-үш ай дәл осы деңгейде тұратын болса, бір АҚШ доллары 500 теңгеге жетуі әбден мүмкін.
Азаттық: Сұқбатыңызға рахмет.
ПІКІРЛЕР