Accessibility links

Мақсат Халық: Үкіметтің бағаны бақылауға күші жетпейді


Алматы базарында көкөніс сатып алып жатқан зейнеткер. Көрнекі сурет.
Алматы базарында көкөніс сатып алып жатқан зейнеткер. Көрнекі сурет.

Наурыздың 9-ы күні теңгенің долларға шаққандағы құны әлсіреп, ақша айырбастау орындарында 1 АҚШ долларының бағасы 400 теңгеге жуықтады. Қазақстан үкіметі мен Ұлттық банк теңге тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жедел шара қабылдайтыны туралы мәлімдеме жасады. GSB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат Халық Азаттыққа теңге құнсыздануының салдары, үкімет бағаны бақылау мүмкіндігі, Ұлттық банк қабылдаған шараның пайдасы мен зияны туралы айтып берді.

Азаттық: Мұнай бағасының күрт құлдырауының әсері теңгені құнсыздандырды. Бұл жағдайдың Қазақстан экономикасына қандай ықпалы бар?

Мақсат Халық: Өткен аптадағы ОПЕК+ келісімінен нәтиже шықпаған соң бұл қиындық бары түсінікті болды. Сауд Арабиясы мен Ресей келісімге келе алмады. Бірақ оның себебінің бір шеті Қытайдан шыққан коронавируста жатыр. Ауру өршіп, халықаралық қатынас пен алыс-беріс азайды. Салдарынан өндіріс көлемі кеміп, оның ішінде минералды ресурстарға сұраныс кеміді. Мұнайдың бағасы да құлдырай бастады. Жыл басынан бері мұнай бағасы біртіндеп төмендеп келген. Наурыздың 9-ы күні мұнай бағасының құлдырауы бірден мұнайлы елдердің экономикасы мен валютасына кері әсер етті.

Экономист: Үкіметтің бағаны бақылаймыз дегені ештеңені шешпейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:45 0:00

Біздің халық тұтыну, өндіріс және техникалық тауарларды шетелден сатып алады. Ол тауарлар шетел валютасымен келгендіктен сөзсіз қымбаттайды. Бұл жағдай халықтың төлем қабілеттігіне соққы боп тиеді. Себебі елдің қолындағы қаражат құнсызданады. Оның арты инфляцияға айналуы мүмкін. Бүгін енді-енді өсіп келе жатқан елдің жалақысы қайта құнсызданады дегенге саяды. Халық үшін бұл оңайға соқпайды. Бұған дейін ел ішінде "девальвация долларға қатысты, біз нанды теңгеге сатып аламыз" деген пікір болған. Бірақ біз қарапайым тұрмыстық химия заттарынан бастап тіршілікке қажетті тауардың көбін шетелден әкелеміз. Олардың да бағасы қымбаттайды деген сөз.

Азаттық: Қазақстан үкіметі мен Ұлттық банк теңге тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жедел шара қабылдайтынын айтып, мәлімдеме жасады. Бағаны қадағалаймыз дейді. Бірақ нарықты бақылау қаншалықты мүмкін нәрсе?

Мақсат Халық: Әрине, үкімет бағаны қадағалауға әрекет жасайды. Бірақ бағаны тұрақтандыруға күш салу - өте әлсіз тәсіл. Мәселен, шенеуніктер базарды бір айналып шыққанда тұрақтылық байқалар. Алайда келесі күні-ақ баға өседі. Бағаны тұрақтандырудың негізгі жолы - елде қосымша зауыт, фабрикалар, тауар өндірісі іске қосылуы тиіс. Мұны қарапайым заттар экономикасы дейміз. Шеттен келіп жатқан тауарлардың орнын басатын өндіріс жасау ғана теңгені нығайтады. Сонда ғана инфляция жоғары болмайды. Ұлттық банк инфляцияны ұстап тұруды 4,6 пайыз шегінде бекіткен. Былтыр бұл жоғарғы шекке жақындап, 5,6 пайызды көрсетті. Қазақстанда кешегі мұнай бағасының құлдырап, доллардың қымбаттауына дейін де инфляция жүріп жатты. Сондықтан үкіметтің "бағаны қадағалап, бақылауда ұстаймыз" дегені ештеңені шешпейді. Оған күші жетпейді.

Алматыдағы ақша айырбастау орындарының біріндегі валюта бағамы. 10 наурыз 2020 жыл.
Алматыдағы ақша айырбастау орындарының біріндегі валюта бағамы. 10 наурыз 2020 жыл.

Азаттық: Доллар бағамын бір деңгейде ұстап тұруға үкімет мен Ұлттық банктің қажетті ресурсқа ие екені де айтылды. Бұл ресурс деп отырғаны Ұлттық қор болса, долларды қымбаттатпауға жасалған операциялар орасан шығын әкеледі. Солай ма?

Мақсат Халық: Ұлттық банк валюта нарығындағы жағдайды реттеуге әрекет жасайды. Оның қолында екі маңызды "инструмент" бар. Біріншісі, пайыздық мөлшерлеме (БПМ) арқылы ықпал ету. Екіншісі, валюта резервтері, ұлттық қордан қаражат бөлу арқылы теңгені нығайту, яғни, интервенция жасау. Ұлттық банк соның біріншісін таңдап, пайыздық мөлшерлемені 12 пайызға көтерді. Бұл бұған дейінгілермен салыстырғанда өте көп. Бұрын 0,25 немесе 0,5 пайыз ғана қосып келсе, осы жолы бірден 3 пайыз қосты. Теңгенің өзге шетел валюталарына қарағанда құнын арттыру деген сөз. Ұлттық валютаның АҚШ долларына шаққандағы құны 400 теңгеден асып кетпеуі үшін Ұлттық банктің жасағаны. 400 теңге деген Қазақстан халқы үшін психологиялық тұрғыда шек болып тұр. Егер одан асса, ел арасында наразылық көбейетіні белгілі. Екінші қадам - Ұлттық қор қаражатын бөлу. Бірінші, БПМ-ны көтеріп, одан нәтиже шықпай жатса, Ұлттық қорға жүгіну дұрыс тактикалық шешім.

Қазақстан Ұлттық қоры

2000 жылы құрылған Ұлттық қорға қазба байлықтардан түсетін қаражат жинақталады. Қазақстан қор қаржысын бюджет бағдарламаларын орындауға жиі пайдаланады. Америкалық Wall Street Journal басылымының мәліметінше, Қазақстан 2000 жылдан 2016 жылға дейінгі аралықта Ұлттық қордан 83 миллиард долларды жұмсаған. 2014 жылы мұнай бағасы құлдырағанға дейін қорда 77 миллиард доллар болған. Елде президент сайлауы өткен 2015 жылы (Совет одағы тарағаннан бері билікте болып, 2019 наурызда президенттік өкілетін доғарған, бірақ билікке ықпалын әлі жоғалтпаған Нұрсұлтан Назарбаев соңғы рет қатысқан сайлау) билік теңге бағамын ұстап тұруға миллиардтаған доллар жұмсады. Сайлаудан кейін Назарбаев теңге бағамын ұстап тұруға 28 миллиард доллар жұмсалғанын айтқан.

Бірақ тағы бір мәселе бар. Базалық пайыздық мөлшерлемені арттырудың артықшылығы мен кемшілігі бар. Бұл инвесторлар мен жинаған қаражаты бар азаматтар үшін тиімді. Өйткені депозит салымының пайызы көтеріледі. Ұлттық банк теңгені басып шығарады да екінші деңгейлі банктерге базалық пайызбен береді. Базалық пайыз инфляциядан жоғары және Ұлттық банктің өзіне кіріс әкелуі керек. Екінші деңгей банктері жоғары пайызбен алған кредитті халыққа тағы да үстеме пайызбен қосып береді. Енді банктен кредит алып, кәсіппен айналысамын, жаңа жоба бастаймын дегендердің "арманы желге ұшты десек" болады.

Азаттық: Мұнайдан бөлек, батыс санкциясында отырған Ресей рублі құнсызданса да теңгеге осылай әсер етеді. Теңгенің алдағы уақытта нығаюына негіз бар ма?

Мақсат Халық: Теңгенің рубльге байлануы, біріншіден, одақтық (Еуразия экономикалық одағы – ред.) саясаттың салдары. Жалпы Ұлттық банк теңге бағамын реттеуде қажетсіз әрекет жасайды. Кеңірек түсіндірсем. Ресейдің валюта нарығы қатты дамыған. Олардың орталық банкі қандай әрекет жасамасын, алдымен рубльдің бүкіл әлем валюталарына қатысты курсын бағамдайды. Қазақстан ұлттық банкі бұл процесті дербес жүргізбейді. Бірден рубльді есепке алып, соның ізімен өзгеріс жасайды. Рубль құнсызданып жатқанда теңге нығаяды деп айта алмаймыз.

Жоғарыда айтқан базалық пайыздық мөлшерлемені арттыру теңгенің рубльге шаққандағы құнын да арттыру болып саналады. Ол әрекет Ресей-Қазақстан арасындағы байланыс үшін қатты залал әкелмегенмен, Қазақстанның Ресей алдындағы бәсекелестігін төмендетеді. Өйткені біздің тауар неғұрлым құнсыз болса, ол – Ресей нарығы үшін қызығырақ болады.

Ресейдің тұрақтандыру қоры "жеткілікті қаражат бар, мұнай бағасы 20 долларға дейін құласа да оған төтеп бере аламыз" деп отыр. Осы жайт Ресейдің ОПЕК+ келісімінде жеке мүддесі барын байқатты. Алдын ала дайындалғанын көрсетті. Ал Қазақстан бұл сценарийге дайын болып үлгермеді. Қазақстанда да резерв бар. Алтын қоры артқан. Шамамен 5 жылға жететін қор бар. Бірақ қор бар деп қарап қалуға болмайды.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG