Accessibility links

Қазақстанда 5,5 долларға күні қарап отырғандар саны өскен


Ақша санап тұрған адам. Көрнекі сурет.
Ақша санап тұрған адам. Көрнекі сурет.

17 қазан - Дүниежүзілік кедейлікпен күрес күні. Әлем елдеріндегі кедейшілік деңгейіне зерттеу жүргізіп отыратын Дүниежүзілік банк Қазақстанда кедейлік деңгейі төмендегенін, бірақ кедейлікпен күресте бұрынғы қарқын бәсеңдегенін айтады. Сарапшылар елдегі кедейлікті жою үшін Қазақстан билігі жұмыс және әлеуметтік мәселелерді шешуі тиіс деп санайды.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КЕДЕЙШІЛІК

Дүниежүзілік банктің есебінше, қазір Қазақстанда күніне 1,9 долларға өмір сүретін тақыр кедей жоқтың қасы. Ал кедейлік шебінің ең жоғарғы көрсеткішімен (күніне 5,5 доллар – 2100 теңге) есептегенде ел халқының 8,6 пайызы, яғни 1,2 миллион адам кедейлік шебінде күн көреді.

"Күніне 5,5 долларға күн кешетіндер санымен есептесек, Қазақстанда 2001 жылы кедейлер саны 65 пайыз болса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 8,5 пайызға дейін төмендеген. Бірақ Қазақстанда көптеген мәселе әлі шешімін таппады. Сондықтан экономикада қандай да бір теріс өзгеріс болса, елде кедейлер саны қайта көтеріледі" деп жазылған есепте.

Дүниежүзілік банк түзген шкалада Қазақстанда күніне 5,5 долларға күн көретін адамдар саны 2012-2015 жылдары 5-6 пайыз болғанын, бірақ 2015 жылдан кейін қайта көтерілгенін байқауға болады. Ұйым есебінде "шын мәнінде, кедейлік шегінің ең жоғары шамасымен есептесек, Қазақстан 2013 жылы жеткен деңгейіне әлі қайта шыға алған жоқ" деп жазылған.

Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша экономисі Уильям Зейтц соңғы уақытта Қазақстанда күніне 5,5 долларға өмір сүретіндердің санының өскенін екі себеппен түсіндіреді.

Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша маманы Уильям Зейтц.
Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша маманы Уильям Зейтц.

- Біріншіден, Қазақстанда экономика өскенімен тұрғындардың айлығы өспеген. Орташа айлық та өспеді. Екіншіден, осы кезеңде (2015-2017 жылдарды айтады – ред.) әлем бойынша экономика аса қарқынды дамыған жоқ. Жалпы Қазақстан экономикасы әлем экономикасындағы өзгерістерге төтеп бере алмайды. Қандай да бір өзгеріс болса, экономика қатты соққы алады, - дейді ол.

БИЛІКТІҢ ЕСЕБІ ӨЗГЕШЕ

Қазақстан статистика комитетінің дерегі Дүниежүзілік банктің есебінен өзгеше. Ресми статистика бойынша, елдегі кедейшілік деңгейі – 4,7 пайыз (504 мың адам). Экономист Мақсат Халық Қазақстан билігі кедейшілік деңгейін басқаша есептейтінін айтады.

Экономист Мақсат Халық.
Экономист Мақсат Халық.

- Бізде кедейшілік деңгейі ең төменгі күнкөріс деңгейімен есептеледі. Ал ең төменгі күн көріс деңгейі – 29 мың 698 теңге (76 доллар – ред.). Яғни, Қазақстанда бір адам осы сомаға бір ай өмір сүре алады деп мақұлданған. Сонда күндік шығын шамамен мың теңгеге (шамамен 2,5 доллар) жетпейді. Ал бұл ең төменгі тұтынушылық себетпен есептеледі. Себетке адамның өміріне ең қажетті азық-түлік пен тауарлар кіреді. Яғни мың теңгеге жетер-жетпес ақшаға сіз таңғы, түскі және кешкі асыңызда ішіп-жейтін ет, балық, жеміс-жидек пен жарма өнімдерін сыйдырып қойған. Бұл күлкілі. Еуропа елдерінде бұл себетке кіретін тауардың саны 250-ден асады, ал Қазақстанда тек 50 тауар енген, - дейді экономист.

Ал "Қоғамдық проблемаларды талдау орталығы" қорының сарапшысы, экономист Меруерт Махмұтова Дүниежүзілік банктің келтірген 8,6 пайызы тұрғындардың табысымен есептелгенін, бірақ Қазақстанда табысы білім алуына, жақсы жерде емделуіне, демалыс орындарына баруына жетпейтіндер көп деп санайды

- Кедейлік деңгейін анықтағанда табысын ғана емес, адамның білім алу, денсаулық сақтау қызметі мен демалуға кететін қаржысын да ескеру керек. Қазақстанда жұмыссыздардан бөлек, жұмыс істеп жатқандардың өзінің табысы төмен. Олардың білім алуы, денсаулық сақтау мен демалу сияқты қарапайым қажеттіліктерге қолы жетпейді. Яғни, осы азаматтарды да кедейлер қатарына қосу керек. Менің есебім бойынша, Қазақстанда кедейлердің саны екі миллионнан асып жығылады, - дейді Махмұтова.

Жер асты өткелінде қайыр сұрап отырған әйел. Шымкент, 9 қазан 2019 жыл.
Жер асты өткелінде қайыр сұрап отырған әйел. Шымкент, 9 қазан 2019 жыл.

Экономист Мақсат Халық адам басына шаққандағы ЖІӨ бойынша Қазақстан әлі де кедей елдер қатарында екенін айтады.

- Экономикада елдің жалпы ішкі өнімін (ЖІӨ) сонда тұрып жатқан халық санына бөліп есептейтін әлемдік стандарт бар. Біздегі 149 миллиард долларды шамамен 18 миллионнан аса халыққа бөлсек жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім шамамен 9 мың доллар болып тұр. Әлемдік стандарт бойынша, осы ЖІӨ егер 10 мың доллардан болса табысы орташа елдер деп саналады. Ал 10 мың доллардан аз болса кедей ел болып саналады. Ал екі мың доллардан болса өте кедей ел деп есептеледі. Осы стандарт бойынша біз әлі де кедей халықпыз, - дейді экономист.

КЕДЕЙЛІКТІ ҚАЛАЙ ЖОЮҒА БОЛАДЫ?

Қазақстандық сарапшылар "билік елдегі 5,5 долларға күн көретіндердің санын толық жою үшін жалақының өсуіне ықпал етіп, баспана мәселесін шешіп, тұрмысы төмендерге, жастарға, әйелдерге қолдау көрсетуі керек" деп санайды.

Экономист Меруерт Махмұтова.
Экономист Меруерт Махмұтова.

- Билік кедейлікпен күресте биыл "жоспарламаған" бірнеше қадам жасады. Оның бірі – тұрмысы төмен адамдардың несиелерін кешіру. Бірақ бұл мәселені шешпейді. Бұл – әлеуметтік қиындықтарға қатты ашынып отырған азаматтардың көңілін уақытша басу ғана. Бұл бір реттік шара болды, енді екінші рет қайталанғанын қаламаймын. Түрлі бір реттік көмектердің орнына кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашып, халықты жұмыспен қамту - әлдеқайда тиімді, - дейді Мақсат Халық.

Меруерт Махмұтова "кедейлікті азайтып, халық жағдайын көтеру үшін елде жұмыс мәселесі жүйелі түрде шешілуі керек" деп есептейді.

- Жұмыс болып жатса адам әрі қарай нанын табады. Бұл – бір. Екіншіден, көп балалы әйелдерге, мүгедек баласы бар және асыраушысынан айырылған отбасыларға арнайы әлеуметтік көмек әр кісі басына елдегі жалақының ең төменгi мөлшерiне – 42 500 теңгеге (109 доллар) тең болу керек, - дейді ол.

Ал экономист, техника ғылымдарының кандидаты Петр Своик "Қазақстан даму моделін өзгертуі керек" деп санайды.

Экономист Петр Своик.
Экономист Петр Своик.

- Нұрсұлтан Назарбаев (Қазақстанның бұрынғы президенті – ред.) "алдымен экономика, одан кейін саясат" деді ғой. Ол 90 жылдардың соңында сыртқы экономикаға сүйенген модель құрды. Бұл модель 2000 жылдың басында, экономикалық дағдарысқа дейін жақсы нәтиже берді. Одан кейін баға өсті. Билік бірден "Қазақстан-2030" бағдарламасы орындалғанын жариялап, "Қазақстан-2050" бағдарламасына өтті. Кейін Кедендік одақ, Еуразия экономикалық одағы құрылды. Одан соң Украина мен Қырымдағы жағдайдан соң Ресейге санкция салынды, мұнай арзандады, рубль құнсызданды, теңге де әлсіреді. Сондықтан соңғы уақытта билік елде өсім бар деп көрсетіп қойып, экономикадағы құлдырауды тоқтатуға тырысып жатыр, - дейді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG