Accessibility links

Бюджет қызметкерлері қосымша жұмысқа мұқтаж


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Жалақысы аз бюджет саласының кейбір қызметкері негізгі міндетіне кері әсер етсе де, қосымша жұмыс істеуге мәжбүр. Заңгерлер еңбек келісім-шартында анық реттелмеген бұл құбылыстың заңға қайшы екенін ескертеді.

Алматы облысындағы бюджеттік мекемелердің бірінде (кейіпкер мекеме атын атамауды сұрады – ред.) ұзақ уақыт қызмет еткен Нұржан Сәдірбекұлы жақында жұмыстан шығуға мәжбүр болған. Өзі бұл шешіміне бірнеше жайт себеп болғанын айтады.

"ЖҰМЫС ОРНЫН БАЗАРҒА АЙНАЛДЫРАДЫ"

- Айлығымыз аз, 60-70 мың теңге және ол 2014 жылдан бері еш өзгермеді. Биыл ғана 500 теңге қосты. Сондықтан жеке кәсіпкер болсам көбірек табыс табатынымды түсіндім. Содан кейін күнделікті сағат 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейін бір жерде тапжылмай отыратын жұмыстан да жалықтым. Оның үстіне ешқандай қызметтік өсу деген де жоқ, - дейді Нұржан Сәдірбекұлы.

Оның айтуынша, бюджеттік мекемеде "тұрақты айлығы" үшін жұмыс істейтін, аз жалақыны қосымша табыспен көбейтуге тырысатындар аз емес.

- Көбі желілік маркетинг дегенге ұрынған, сол жерден қосымша ақша табамын деп ойлайды. Біреуі косметика, біреуі киім-кешек әкеледі, кейбірі ауылынан ет, я бал әкеліп сатады. Бұл тек бізде ғана емес, барлық бюджеттік мекемелердің "ішкі кухнясы" - осы. Сөйтіп өздері жұмыс істейтін жерді базарға айналдырады. Әйтпесе олардың барлығының жоғары білімі бар, кейбірінің тіпті екі бірдей жоғары білімі бар. Бірақ, өкінішке қарай, жетіспеушілік, жоқшылықтан осындайға барады. Бір-біріне қарыз беріп күнелтеді, - дейді бұрынғы бюджеттік мекеме қызметкері.

Оның сөзінше, бюджеттік мекеме қызметкерлерінің қосымша табыс табу мүмкіндігі келісім-шартта көрсетілмеген. Кейбір басшылық рұқсат берсе, басқалары ондайға қатаң тыйым салады.

Жол бойында шөп орып жүрген мектеп мұғалімдері. Алматы облысы, мамыр, 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)
Жол бойында шөп орып жүрген мектеп мұғалімдері. Алматы облысы, мамыр, 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

Бюджеттік мекеме қызметкерлеріне мемлекеттік қызметкерлер де жатады. Бірақ соңғыларына "Мемлекеттік қызмет туралы" заңның 10-бабы арқылы педагогикалық, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтi қоспағанда, басқа да ақылы қызметпен айналысуға шектеу қойылған.

Мемлекеттік қызметкерлер екіге бөлінеді: саяси және әкімшілік қызметкерлер. Саяси мемлекеттік қызметкердің тағайындалуында (сайлануы), қызметтен босатылуында және қызмет бабында айқындаушы саяси сипат бар. Бұлар саяси мақсат пен міндетті іске асыруға жауапты (мысалы, премьер-министр, министрлер, агенттіктер төрағалары, әкімдер – ред.).

Әкімшілік мемлекеттік қызметкер — мемлекеттік саяси қызметкерлер қатарына кірмейді, мемлекеттік органда тұрақты кәсіби негізде қызмет атқарады (мысалы, сот орындаушысы, сот мәжілісінің хатшысы, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі сияқты – ред.).

ЗАҢГЕРЛЕРДІҢ ЕСКЕРТУІ

Еңбек дауы бойынша заңгер Станислав Кручев мемлекеттік қызметкерлердің, оған қоса бюджеттік саладағы мұғалімдер мен дәрігерлердің де "желілік маркетинг, сауда-саттықпен айналысуы заңсыз" екенін айтады.

- Бұл ғылыми я педагогикалық жұмыс емес қой. Сондықтан ол (қосымша жұмыс істеу – ред.) – заңсыз. Егер жұмыс беруші біліп қойса, жұмыстан шығарып жіберуге құқылы. Бюджеттік қызметкерлер жекелеген серіктестіктерде де жұмыс істей алмайды, - дейді Станислав Кручев.

Мектептің алдында тұрған мұғалімдер. Ақтөбе, 14 қыркүйек 2018 жыл. (Көрнекі сурет.)
Мектептің алдында тұрған мұғалімдер. Ақтөбе, 14 қыркүйек 2018 жыл. (Көрнекі сурет.)

Заңгер Жақсылық Бүркітов те бюджеттік қызметкерлер өзінің негізгі мамандығынан өзге іспен айналыспағаны абзал деп санайды.

- Әрине, жалақысы аз мұғалім қосымша сабақ беріп, табыс таба алады. Бірақ оның өзі басшылықтың келісімі бойынша болса жөн. Ал егер іс сотқа жетіп жатса, мұғалім жеңілуі мүмкін. Сондықтан жұмыс беруші мен жұмыскер алдын ала келісім-шартта осы мәселенің ара-жігін ашып алғаны жөн. Егер келісім-шартта тыйым салынбаса, "рұқсат" деп қабылдауға да негіз бар, - дейді заңгер.


Мамандар қосымша табыс табудың заңсыз екенін айтқанымен бюджет қызметкерлері жалақының аздығын алға тартады. Биыл Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев бюджеттік қызметкерлердің ең төменгі еңбекақысын 1,5 есе өсіруге алдағы үш жылда 980 миллиард теңге жұмсалатынын хабарлаған.

"275 мың бюджеттік ұйым қызметкерлерінің еңбекақысы өседі. Олардың жалақысы орташа алғанда 35 пайызға көтеріледі. Бюджеттік дегеніміз - олар ұстаздар, дәрігерлер, құқық қорғау органдары, қорғаныс қызметкерлері және тағы басқалар. Бұл мақсатқа 2019-2020 жылдарға жыл сайын 96 миллиард теңгеден бөлу керек" деген Назарбаев.

Қадірлі оқырман, бюджеттік мекемеде қызмет атқара тұра қосымша жұмыс істеген кезіңіз болды ма? Осылай амалдауға мәжбүр таныстарыңыз бар ма? Бұл мәселені қайтіп оңтайлы түрде шешуге болады деп ойлайсыз? Төмендегі форумға пікір жазып, басыңыздан өткен хикаяны тілшімізге жолдауыңызға болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG