Accessibility links

Музыка мектептерінде жалақы дауы шықты


Қазақстандағы музыка мектептерінің біріндегі оқушылар. (Көрнекі сурет)
Қазақстандағы музыка мектептерінің біріндегі оқушылар. (Көрнекі сурет)

Алматыдағы №1 балалар музыкалық хор мектебінде биыл мұғалімдер жалақысына қосылған үстемақының «қайта қысқартылуына» байланысты дау шықты. Қаладағы өзге музыка мектептерінің де ұстаздары еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін түсінбей жатқандарын айтады.

Алматы қаласындағы №1 балалар музыкалық хор мектебінде жалақы дауы шықты. Кей мұғалімдер биыл жалақыларына үстемақы қосылғанын, бірақ «мамыр айында ол үстемақының қайта қысқарғанын» айтады. Олардың наразылығын мектеп әкімшілігінің «алдыңғы айларда берілген ұстемақыны мамыр айы жалақысынан ұстап қаламыз» деген сөзі ұлғайта түскен.

Азаттық тілшісі мұғалімдерге хабарласқанда көбі «қудалаудан қорқатындарын» айтып, сұхбат беруден қашқақтады. Бұл жағдайды өзін сол мектепте істейтін мұғалімнің «туысы» ретінде таныстырған Тамара Кумарова (аты-жөнін өзгертуді өтінді):

- Мектепке Азаттық тілшісі хабарласа бастағалы басшылық мұғалімдерді жинап, кімнің журналистерге интервью бергенін тергеп, қысым жасаған, - деп сипаттады.

ЖАЛАҚЫ ДАУЫ

Тамар Кумарова «Қаңтардан бастап, осы мектеп мұғалімдері айлығын 20-30 пайыз көбейтті. Соны төлеп келіп, енді «жалақы дұрыс есептелмеген, үстемақы қосылмайтын болды, бұрынғы төленгенін қайтарып алады» деп, мамырда жалақысыз қалатындарын айтқан. «Министрліктен келді» деп бір бұйрықты көрсеткен. Олар жалақысыз қалай өмір сүреді?» дейді.

Ол «осыған дейін берілген үстемақы барлық мұғалімдердің жалақысынан емес, тек кейбір мұғалімдердің еңбекақысынан қысқартылатыны хабарланғанын» айтып, «мұның себебін түсінбейтінін» мәлімдеді.

Қазақстандағы музыка мектептерінің бірінің бөлмесі. (Көрнекі сурет)
Қазақстандағы музыка мектептерінің бірінің бөлмесі. (Көрнекі сурет)

Кейінгі екі-үш күн бедерінде Алматыдағы музыка мектебіндегі бұл дау әлеуметтік желілерге де жетті. Мәселен, Facebook желісіне Marina Raiskina атпен тіркелген аккаунт мамырдың 25-і күні музыка мектебі мұғалімдерінің үстемақыларынан айрылғанын естіп, «есеңгіреп отырғанын» жазған.

Ол «Бүгін оларға (мұғалімдерге – ред.) білім министрлігінен құжат келгенін айтып, үстемақылары жойылғанын хабарлады. Бұған қоса, қаңтардан бері алған үстемақыларын қайтарады. Яғни, мамыр айында олар жалақысыз қалады. Себебі, жеті жылдық музыкалық білімді министрліктегі бір шенеунік үйірмеге айналдырып тастаған. Өте өкінішті, бірақ [мұғалімдер] ештеңе істей алмайды. Ресми жазылған хаттар құмға сіңгендей жоқ» деп жазған.

Азаттық тілшісі №1 музыкалық хор мектебі басшылығына хабарласты. Өзін «директор орынбасары Марина Абаевна» деп таныстырған қызметкер:

- Жоқ, олай емес. Үстемақыны жойған жоқ. Тек блоктарды өзгертіп жатыр. Бірақ бұл - біздің бұйрық емес, жоғарыдан келген бұйрық, - деді.

Ол Азаттық тілшісінің мәселенің мән-жайын егжей-тегжейлі анықтау үшін қойған сауалдарына жауап бермей, «уақытының аз екенін» мәлімдеді.

«БУХГАЛТЕРИЯ ТҮСІНДІРМЕЙДІ»

Еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі қаладағы өзге музыка мектептері ұстаздарын да наразы етіп отыр.

Үстемақы дауы Алматыдағы №3 балалар музыкалық мектебінде де басталған. Осы мектеп директоры informburo.kz сайтына мәселенің мән-жайын «Біз реестрге мұғалім ретінде тіркеліп келгенбіз. Министрлік (білім министрлігін айтады – ред.) енді бізді тәрбиешілердің, жүзіп үйрететін нұсқаушылар қатарына ауыстырып жіберген... Біз үйірме немесе қандай да бір студия емеспіз. Бұл - министрлік қызметкерлерінің сауатсыздығынан кеткен қате шығар...» деп түсіндіреді. Сайт мектептің кей мұғалімдерінің мемлекетке алған үстемақыларын қайтару үшін 70 мың теңгедей қарыз болып қалғанын жазған.

Гитара үйреніп отырған оқушылар. (Көрнекі сурет)
Гитара үйреніп отырған оқушылар. (Көрнекі сурет)

Ал Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебі мұғалімдері «жаңа жылдан бастап жалақымыз қалай есептелетінін білмейміз, бухгалтерия түсіндірмейді» дейді. Мұғалімдердің бірінің айтуынша, «бухгалтериядан жалақы қалай есептелетінін түсіндіруді олар бірнеше рет талап еткен».

Осы мектептің Әлия есімді ұстазы «Жалақы жаңа жылдан бастап 30-40 пайыз көбейеді деді. Әркімде әрқалай болып жатыр. Кімге 40 пайыз, кімге 1 пайыз. Бәріне бірдей емес. Маған мәселен, 7 мың қосылды. Қалай есептегенін білмеймін. Біреуге 12 мың, біреуге 4 мың қосылған. Кей адамдардың тәжірибелері бірдей, жалақылары әртүрлі. Түсініксіз» дейді.

Аты-жөнін көрсетуді қаламаған бір мұғалім «12 жылдық тәжірибесі бола тұра жалақысына небәрі 10 мың теңге қосылғанын» айтты.

- Үстемақысы қымбаттап кеткен азық-түлік бағасымен сәйкес келмейді. Ешкім түсінбейді, - деді ол.

Ал мектеп бухгалтериясының аты-жөнін атамаған өкілі «мұғалімдер жалақысы еңбекақы төлеу жүйесіне сәйкес олардың тәжірибесі мен категориясына қарай есептелетінін» айтты.

Азаттық тілшісі әлеуметтік қорғау министрлігіне хабарласуға тырысқан еді. Өзін «министрлік экономисі Дариға Қарабалина» деп таныстырған қызметкер «бұл мәселеге баға беру үшін қосымша ақпарат алуы қажет» екенін айтып, «оны анықтау үшін білім министрі блогына сауал жолдауға немесе аймақтық еңбек инспекцияларына хабарласуға» кеңес берді.

Министрлік қызметкерлеріне бұл мәселені зерттеп, тиісті шаралар қолдану тапсырмасы берілді.

Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінің өкілі Мерей Әлімқұлова «Министрлік қызметкерлеріне бұл мәселені зерттеп, тиісті шаралар қолдану тапсырмасы берілді» дейді.

2016 жылдан бастап Қазақстанда еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі іске қосылған. Былтыр күзде әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова азаматтық және бюджет саласы қызметкерлері жалақысы біліктіліктеріне қарай «денсаулық сақтау саласында - 7 пайыздан 28 пайызға дейін, білім беру саласында - 15 пайыздан 29 пайызға дейін, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт және өзге салаларда - 15 пайыздан 40 пайызға дейін көбейетінін» хабарлаған еді.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG