Accessibility links

Теңге құнсызданғанда жалақы өспей тұр


Дүкенде жүрген тұрғындар. Орал, 4 қараша 2015 жыл.
Дүкенде жүрген тұрғындар. Орал, 4 қараша 2015 жыл.

Тамыз девальвациясынан кейін елде тамақ өнімдері, тұрмыстық техника, киім-кешек және аяқ киім бағасы күрт қымбаттағаны байқалады. Ал жалақы негізінен бұрынғы деңгейде қалған.

31 жастағы алматылық Сәуле Жұмағалиева туристік компанияда менеджер болып жұмыс істейді. Ол 65 мың теңге (қазіргі бағамға шаққанда – шамамен 210 доллар, тамызға дейін 350 долларға жуық болған) жалақы тиетінін айтады. Жас келіншектің айтуынша, қызы екеуінің күнкөрісіне бұл ақша жетпейді.

– Екі жасар қызымды жалғыз өсіріп отырмын, өзімді ғана емес, оны да асырауым керек. Жалақым жолақы, жөргек, ойыншықтан артылмайды, бұған қоса киінуіміз керек, ішім-жеміміз тағы бар. Айына 50 мың теңге төлеу керек болған соң қызымды балабақшаға да бере алмай, анам қарап отыр. Бізде тіпті сыйақы да жоқ, – дейді Сәуле Жұмағалиева Азаттыққа.

Алматылық Сәуле Жұмағалиева.
Алматылық Сәуле Жұмағалиева.

Сәуле биыл тамызда теңге күрт құнсызданып, оған ілесе баға да тез қымбаттаған соң қалтасы біраз жұқарған қарапайым азаматтардың біріне айналған. HeadHunter Қазақстан зерттеу тобының хабарлауынша, тамыз девальвациясынан кейін ел азаматтарының 3,6 пайызының ғана жалақысы көбейген.

Әлеуметтік сауалнамаға бір жарым мың қазақстандық қатысқан. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, сауалнамаға қатысқан әр бесінші адам жұмыс берушінің бонус пен сыйақы төлеуді тоқтатқанын, 14,4 пайызы үстеме төлемдердің азайғанын хабарлаған. Азаматтардың 12,2 пайызы ғана жалақымыз биыл көбейеді деп болжайды, ал 19,3 пайызы келесі жылы өседі деп үміттенеді, қалған 68,4 пайызы жалақысы көбейеді деп ойламайды.

Кей азаматтар жалақыны көбейтуді тежеу инфляцияның шарықтап кетуіне жол бермей, бағаны бақылауда ұстауға мүмкіндік береді деп санайды. Оның үстіне билік азық-түлік базарларындағы бағаны бақылауда ұстап, мемлекеттің азық-түлік қорының бір бөлігін арзанырақ бағамен сатуға шығару сияқты әкімшілік шаралар арқылы да бағаның күрт қымбаттауына жол бермеуге тырысып жатыр.

Макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры Олжас Құдайбергенов.
Макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры Олжас Құдайбергенов.

Макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры Олжас Құдайбергенов Азаттықтың «Макроэкономикалық тұрғыдан алғанда жалақыны көбейтпеудің тиімділігі бар ма?» деген сұрағына:

– Халықтың төлем қабілеті төмендеген кезде ішкі нарықтағы сауда көлемі азаяды, ал экспорт бағаның қаншалықты қымбаттағанына тәуелді. Қазір баға 20-30 пайызға қымбаттады, ал девальвация 65-70 пайызды құрады. Сондықтан тауарымыз арзан, ал шикізат экспортының көлемі азайып кетті. Мүмкін, экспорттың жағдайы түзелер, бірақ жақсарған күннің өзінде оның әсерін ішкі нарықтағы сауданың төмен деңгейі басып кетеді, – деп жауап берді.

Олжас Құдайбергеновтің айтуынша, баға тоқтаусыз қымбаттап, ал девальвация бағаға ілессе, бұл да бағаны шарықтатып жіберіп, жағдайды тіпті ушықтырады. Бір жағынан жалақы көбейсе, инфляция өседі, ал жалақы өспесе, ішкі нарықтағы сауда көлемі түседі.

Алдағы алты айда көрсеткіштердің көбінің құлдырауы байқалатын сияқты, ары қарай не боларын көреміз.
Олжас Құдайбергенов.

– Меніңше, алдағы алты ай ішінде көрсеткіштердің көбінің құлдырауы байқалатын сияқты, ал ары қарай не боларын көреміз. Халықтың әл-ауқатының артуы – макроэкономикалық саясат күресетін параметрлердің бірі. Егер жалақыны көбейтсе, баға қазіргіден де шарықтап кетеді, – дейді Олжас Құдайбергенов.

Әзірше жалақы жаппай көбейеді деген болжам жоқ. Әлеуметтік желілерде жұрт көбінесе қымбатшылықты, әсіресе азық-түліктің бағасын талқылайды. Бағаға қатысты күлкілі жайттар да болып жатыр, мысалы, қымбат дүкенде француздың элиталық қызанағының бір килограмының бағасы 10 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін, ал кәдімгі базарда қызанақтың бір килограмы 300 теңгеден 350 теңге дейін қымбаттаған.

Мақала кейіпкері Сәуле Жұмағалиева «Туристік жолдамалар жақсы сатылып, ақша айналымы доллармен болса да, турфирма басшылығы жалақыны көбейтуге уәде бермейді» дейді. Небәрі үш қызметкері бар туристік компания дүйсенбіден жұмаға дейін таңғы сағат 10-нан кешкі 7-ге дейін жұмыс істейді, сенбі – жарты жұмыс күні.

Tengrinews агенттігі келер жылы бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы көбейетінін хабарлады. Бірақ бюджет қызметкерлерінің бәрінің жалақысы емес, ішінара ғана көбеймек. Әуелі жоғары білікті мамандардың жалақысын көбейтуге уәде етілген. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, қызметкердің жалақысын есептегенде білімі мен біліктілік деңгейі және стажы ескеріледі.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG