Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кеше премьер-министр Кәрім Мәсімовты қабылдады. Қабылдау кезінде елдің «әлеуметтік-экономикалық даму» жай-күйі айтылып, үкіметке тапсырмалар берілді. «Энергия тасымалдаушы өнімдер бағасының төмендеуі себепті ел бюджетіне түсетін кірістер 40 пайызға қысқарғанын» айтқан президент «елдегі жұмыс орындарының қысқару ықтималдығына» да мән берген.
- Кәсіпорындар мемлекет қаражатпен қамтамасыз етеді деп күтпеуі тиіс. Ұлттық қордың ақшасын жаңа нысандар құрылысына, сондай-ақ нашар жұмыс істейтін кәсіпорындарды қолдауға, субсидиялауға пайдалануға тыйым саламын. Бұл жағдайда қандай өндіріс тиімді, қайсысы тиімсіз жұмыс істейтіні бірден көрінеді. Сондай-ақ, біз барынша тиімді менеджемент тарту үшін жекешелендіру жүргіземіз, - деді президент Нұрсұлтан Назарбаев.
ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ
Саясаттанушы Досым Сәтбаев «үкімет жекешелендіруден ойлағандай қаржы үнемдей алмайды" деп санайды. Себебі, «жекешелендіретін кәсіпорындардың дені - әу бастан пайдасыз мекемелер».
- Бір жағынан бұл «тазалыққа» жақсы. Мемлекет ұлттық компаниялардың айналасында пайда болған ЖШС (жауапкершілігі шектеулі серіктестік) түріндегі артық-ауыс «жүктен» құтылғысы келеді. Мұны «экономикалық клизма» дейікші. Бірақ екінші жағынан бізде идеялар жақсы да, оларды іске асыру жағы ақсап жатады. Бар гәп бюрократтар аппаратында болып тұр. Айналасына көптеген пайдасыз экономикалық «ойыншыларды» жинап алған осы аппарат қой. Әдеттегідей жекешелендіру үшін жауапкершілікті де ешкім мойнына алмайтын болады, - дейді саясаттанушы Досым Сәтбаев.
Саясаттанушы жекешелендірудің әділ өтетініне күмәнмен қарайды.
- Жекешелендіру «Самрұқ-Қазына» әл-ауқат қоры, «Бәйтерек» желісі және ауыл шаруашылығына қатысты құрылымдарда жүргізіледі. Әңгіме жартылай мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдар бақылауындағы профилдік емес активтерде болып отыр. Активтердің ең табысты, «тәттілерін» элиталық топтар алады да «дәмсіз», табыссыз компаниялар сатылымға түсуі мүмкін, - дейді саясаттанушы Досым Сәтбаев.
Үкімет мәселелерді уақтылы және адекватты түрде шеше алуы керек. Күшпен емес, қаншалықты диалогқа барып, сауатты сараптама жасай алса, халықтың билікке деген сенімі да соншалықты болмақ.Досым Сәтбаев.
Оның пікірінше, билік жекешелендіру емес, жұмыс орындарын қысқарту, кәсіпорындарды қолдау мен субсидияға тыйым салу, салықты күшейту сияқты халықтың өмір сүру деңгейіне жағымсыз әсер ететін қадамдармен дағдарыстан өткісі келеді. Бірақ бұл әрекеттер әлеуметтік тұрақтылықтың беріктігін де сынайтынын ұмытпау керек.
- Сонымен бірге Қазақстанның тау-кен, мұнай сынды өндірістеріндегі ірі кәсіпорындардағы жағдайды байқап отыру керек. Үкімет мәселелерді уақтылы және адекватты түрде шеше алуы керек. Күшпен емес, қаншалықты диалогқа барып, сауатты сараптама жасай алса, халықтың билікке деген сенімі да соншалықты болмақ, -дейді Досым Сәтбаев
«ЖАНАРМАЙЫ ТАУСЫЛҒАН КӨЛІКТЕГІ ӘБІГЕР»
Экономист Петр Своик «Қазақстан экономикасы жүйелі дағдарыспен бетпе-бет келіп отыр» деп санайды. Оның пікірінше, «табысының көбі шикізат сатудан түсетін Қазақстан экономикасы тұйыққа тірелген».
- Кәрім Мәсімов бастаған үкімет жағдайды реттеудің орнына соның жетегінде кетіп қалды. Біздегі дағдарыс әдепкі цикл сайын келетін уақытша тоқырау емес, жүйелі дағдарыс. Оған жауап қату керек. Біздің экономика экспорт болсын, импорт болсын - сыртқы тәуелділіктің салдарынан дағдарысқа түсті. Экспорттық-валюталық кірістің азаюы Қазақстан экономикасының басты пролемаларын тудырып отыр. Сондықтан теңге нарығындағы кез келген қимыл жанармайы таусылған көліктің ішіндегі әбігерге ұқсайды, - дейді Петр Своик.
Петр Своик Қазақстан экономикасын дағдарыстан шығару үшін өзге даму ресурстарын табу керек екенін айтады.
- Әрине, жекешелендіру жүргізіп, шығын мөлшерін қысқарту амалдарын жасауға болады. Бірақ одан сырттан келетін экономикалық ресурс мөлшері азаюын тоқтатпайды. Оны басқа даму ресурстарымен алмастыру қажет. Үкімет өзге даму көздерін жасауға келгенде бедеу күйде қалып отыр, - дейді ол.
«ДАҒДАРЫСТА ЖАҢА ИДЕЯЛАР ПАЙДА БОЛАДЫ»
Саясаттанушы Ерлан Сайыровтың пікірінше, «жекешелендіру - құптарлық жайт».
- Мемлекет - нашар менеджер. Сондықтан осындай дағдарыс заманында биліктің ең бірінші қолға алатыны - жекешелендіру. Менің ойымша, соңғы бес жылдың ішінде мемлекеттің экономикаға араласуы көбейіп кетті,-дейді ол.
Ерлан Сайыровтың пікірінше, дағдарыстан шығып, қиындықтарды жеңу үшін ең бастысы экономиканы диверсификациялау қажет.
- Мұнай өнімінен басқа инновациялық экономика мен ауыл шаруашылығын дамыту қажет. 25 жыл мұнайға сеніп, адамдарға ойлануды талап етпедік. Дағдарыс азаматтық қоғамға ойланып, өз басымен ақша табуға әкеп тірейді. Дағдарыс – дүниеге көзқарасты өзгертудің тетігі. Өйткені жаңа идеялар, жаңа пікірлер пайда болады, - дейді Ерлан Сайыров.