Accessibility links

"Біліктілігін растаған ұстаз үстеме ақы алады"


Бастауыш сынып мұғалімі шәкірттерімен. (Көрнекі сурет.)
Бастауыш сынып мұғалімі шәкірттерімен. (Көрнекі сурет.)

Үкімет жаңартылған білім беру мазмұны бойынша сабақ беретін мұғалімдерге үстеме ақы қосылғанын жариялады. Білім және ғылым министрлігі ұстаздың біліктілік деңгейін анықтайтын ұлттық тест әзірлеп жатыр. Жаңа бағдарламамен оқытатындар қағаз толтыру жұмысы көбейгенін айтады.

"ЖҰМЫС ЕКІ ЕСЕГЕ КӨБЕЙДІ"

Алматы облысы Талғар ауданындағы орта мектептің мұғалімі Гүлжанат өткен жылы облыс орталығынан білім берудің жаңартылған мазмұны бойынша үш ай арнайы курста оқып келген. Ол қазір 8-ші және 9-сыныптарға алгебра пәнінен сабақ беріп жүр.

- 5-сыныптан бастап өзім оқытып келе жатқан шәкірттерімді 11-сыныпқа дейін жеткізсем деймін, оларды жол ортасында қалдырғым келмейді. Және өзге мұғалімдер де өз сыныптарын маған оңайлықпен бере қоймайды, - дейді ол.

Білім және ғылым министрінің орынбасары Бибігүл Асылова өткен аптада Астанадағы баспасөз мәслихатында білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен 1-ші, 2-ші, 5-ші және 7-ші сынып мұғалімдерінің лауазымдық жалақысы 2018 жылдың қаңтарынан бастап өседі деп мәлімдеген. Оның сөзінше, биылғы қыркүйектен бастап 3-ші, 6-шы және 8-ші сынып ұстаздарының, 2019 жылдың қыркүйегінде 4-ші, 9-шы және 10-шы сыныпқа сабақ беретіндердің, ал 2020 жылы – 11-сынып мұғалімдерінің лауазымды жалақысына үстеме ақы қосылады.

Талғар ауданындағы орта мектептегі математика сабағы. Алматы облысы, 16 наурыз 2016 жыл.
Талғар ауданындағы орта мектептегі математика сабағы. Алматы облысы, 16 наурыз 2016 жыл.

Министрлік өкілінің сөзінен кейін Гүлжанат жаңартылған білім беру мазмұны бойынша оқытып жүрген сыныптары үшін өзіне үстеме ақы 2019 жылдың қыркүйегінен бастап қана қосылады деп ойлайды.

Алматы облысы Қарасай ауданы Жаңатұрмыс ауылындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айман Сағидулла білім берудің жаңартылған мазмұны бойынша 14 сағаты барын айтады. Оның сөзінше, бұрынғымен салыстырғанда толтыратын қағаз жұмысы екі есеге дейін көбейген, сабаққа өз пәндері ғана емес, өзге пәндер бойынша дайындалуға тура келеді.

- Мысалы, бүгін қазақ тілі пәнінен "Әлеуметтік желі және интернет" деген тақырыпта сабақ өттім. Бұған дейін "Климат" немесе "Сазсырнай" деген тақырыптар да болды. Бұрынғыдай тек қазақ тілінің грамматикасын өтіп қана қоймаймыз, мүлде басқа пәндерді қоса оқытуға тура келеді. Мұғалімнің жұмысы екі есеге көбейді. Сондықтан үстеме ақы төлеу – өте дұрыс деп есептеймін, - дейді ауыл мұғалімі.

Бұрынғыдай тек қазақ тілінің грамматикасын өтіп қана қоймаймыз, мүлде басқа пәндерді қоса оқытуға тура келеді. Мұғалімнің жұмысы екі есеге көбейді

Айман Сағидулла биылғы оқу жылының алғашқы тоқсанында жаңа бағдарлама бойынша оқитын екі сыныпқа арнап әрбірі 1500 теңге тұратын бес қорап қағаз сатып алғанын да айтты.

Алматы облысы Жамбыл ауданындағы мектептердің бірінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін Айгүл Жанат "мұғалім жалақысы өседі" дегенді естігенімен әлі толық түсінбей жүргендердің бірі.

- Сосын, білім берудің жаңартылған мазмұны бойынша курстан өтпеген мұғалімдер де сабақ беріп жүр. Олар да үстеме ақы алады ма? – деп сұрайды ол.

Азаттық тілшісі сөйлескен білім берудің жаңартылған мазмұны бойынша сабақ беретін мұғалімдердің басым бөлігі қанша үстеме ақша қосылғанын білу үшін қаңтар айының жалақысын күтіп жүргендерін айтты. Алматы облысындағы бірнеше мектеп директорлары аудандық білім бөлімінің рұқсатынсыз жауап бере алмайтындарын алға тартып, мұғалімдер лауазымдық жалақысына қосылатын үстеме ақы жайлы сауалға жауап беруден бас тартты.

- Арнайы курстан өтіп келген мұғалімдер ғана жаңа бағдарлама бойынша сабақ бере алады. Қазір білім берудің жаңартылған мазмұны бойынша курстан өтпеген оқытушылар некен-саяқ, - дейді өзі аты-жөнін атамауды сұраған мектеп директорларының бірі.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 304 мың мектеп мұғалімі бар. Олардың жартысынан астамы қалалық жерде жұмыс істейді. Ауыл мектептерінде еңбек ететін ұстаздардың жалақысына үстеме ақша қосылады.

ҰЛТТЫҚ БІЛІКТІЛІК ТЕСТІ

Білім және ғылым министрінің орынбасары Бибігүл Асылова қаңтардың 15-і күні Астанадағы баспасөз мәслихатында биыл елдегі барлық мұғалімдердің 66 пайызының жалақысына үстеме ақша қосылады деп хабарлады. Шенеунік білім берудің жаңартылған мазмұны бойынша жұмыс істеп жатқан мектеп ұстаздарына үстеме ақы ынталандыру мақсатымен қосылып отырғанын айтады. Жаңа бағдарлама бойынша оқытатын мұғалімдер сабаққа дайындалу үшін қосымша уақыт жұмсаумен қатар түрлі формаларды толтырады. "Олар өздерінің бұрынғы педагогикалық әдіс-тәсілдерін өзгертіп, жаңаша мазмұнмен жұмыс жасайды" дейді министрлік өкілі.

Бибігүл Асылованың сөзінше, осы кезге дейін санаты жоқ, үш жылдық еңбек өтілі бар мұғалімге орташа есеппен 56 мың теңге лауазымдық жалақысына дәптер тексеру, сынып жетекшілігі, кабинет меңгерушісі тәрізді жұмыстары үшін қосымша 22 мың теңге – жиыны 78 мың теңге төленіп келген.

"Білім берудің жаңартылған мазмұны бойынша қалада мұғалімнің алып жүрген жалақысына 16 мың, ауылды жерде – 21 мың теңге үстеме ақы қосылады. Яғни, орташа есеппен қала мектебі ұстазының айлығы – 96 мың теңге, ауыл мұғалімінің жалақысы – 115 мың теңге болады", - дейді Бибігүл Асылова.

Ал 25 жылдан астам уақыт еңбек етіп жүрген жоғары санатты ұстаз 83 мың теңге лауазымдық жалақы мен 25 мың теңге шамасындағы қосымша ақшамен бірге енді білім берудің жаңартылған мазмұнына байланысты 24 мың теңге үстеме ақы қосып алады дейді вице-министр. Үстеме ақы мөлшеріне мұғалмнің біліктілік санаты мен жұмыс істейтін мектебінің қайда орналасқандығы да әсер етпек.

Ұлттық біліктілік тестін тапсырып, білім деңгейін растаған мұғалімнің жалақысына жиырмадан елу пайызға дейін үстеме ақы қосылады

"Мәселен, қала мектебінде толық жүктеме сағатпен сабақ беретін 15 жылдық еңбек өтілі бар бірінші санаттағы ұстаз жалақысына 24 мың теңге, дәл сондай еңбек өтілі бар бірінші санаттағы ауыл мұғаліміне – 25 860 теңге қосылады", - деді Бибігүл Асылова.

Білім және ғылым вице-министрі бұған қоса биыл елде өз білім санатын ұлттық біліктілік тесті арқылы қорғаған мұғалімдерге үстеме ақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілетіні туралы хабарлады.

Қазақстан Білім және ғылым министрінің орынбасары Бибігүл Асылова.
Қазақстан Білім және ғылым министрінің орынбасары Бибігүл Асылова.

- Қазіргі уақытта ұлттық біліктілік тестін дайындап жатырмыз. Оны тапсырып, біліктілік деңгейін растаған мұғалімнің жалақысына жиырмадан елу пайызға дейін үстеме ақы қосылады, - дейді ол.

Бұған дейін мұғалімдердің біліктілік санаты мектеп пен аудандық білім бөлімінде жинақталған құжаттар негізінде тағайындалып келсе, жаңа жүйе бойынша біліктілік тестінің қорытындысы арқылы анықталмақ. Министрлік өкілі ұлттық біліктілік тесті жыл ортасына қарай дайын болады деп сендіреді.

Биылғы жыл сайынғы дәстүрлі жолдауында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев үкіметке елдегі білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен мұғалімдердің лауазымдық жалақысын қаңтардан бастап 30 пайызға көбейтуді және 2018 жылы ұстаздардың біліктілік деңгейін ескеретін санаттардың жаңа кестесін енгізуді тапсырған.

"Санаттарды бүкіл әлемде қолданылып жүрген ұлттық біліктілік тесті арқылы беру керек. Бұл педагогтарды өздерін ұдайы жетілдіруге ынталандыратын болады. Нәтижесінде, мұғалімдердің жалақысы біліктілігінің расталуына байланысты тұтастай алғанда 30 пайыздан 50 пайызға дейін өседі. Бұл үшін биыл қосымша 67 миллиард теңге бөлу қажет" делінген жолдауда.

Қазақстанда 2016 жылы бірінші сынып оқушылары жаңартылған білім беру бағдарламасымен оқи бастаған болатын. Ал 2017 жылғы қыркүйектен бастап 2-ші, 5-ші және 7-сынып оқушылары жаңартылған білім бағдарламасына көшкен.

ВИДЕО: Жаңа оқу жылындағы өзгерістер (31 тамыз 2017 жыл)

Жаңа оқу жылындағы өзгерістер
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:16 0:00

XS
SM
MD
LG