Accessibility links

Президент жолдауында не жаңалық бар?


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жолдауын оқып отыр. 9 қаңтар 2018 жыл
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жолдауын оқып отыр. 9 қаңтар 2018 жыл

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдауы туралы пікір айтқан кейбір мамандар аграрлық саланың аталғанына қуанса, бірқатары «іспен қабыспайтын құр қайталау сөз» деп бағалады.

Қаңтардың 10-ында жазба нұсқасы толық жарияланған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауында «алдыңғы қатарлы дамыған 30 елдің қатарына сенімді түрде кіруді қамтамасыз етеді» деген «10 міндет» көрсетілген. Сарапшылардың кейбірі жаңа міндеттердің қосылғанына қуанса, басқалары жолдаудан «жаңа ештеңе көре алмаған».

Жолдау жарияланбастан бір күн бұрын – қаңтардың 9-ында мемлекеттік телеарналарда президент Назарбаев жасаған «маңызды мәлімдемедегі» «он міндет» жазбаша жолдауда түгел сипатталған.

Көре отырыңыз: "Кетеді деп күтіп еді, жолдау болып шықты"

"Кетеді деп күтіп еді, жолдау боп шықты"
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:39 0:00

Мәтінде өндірістік процестерді цифрландыру, ресурстық потенциалды тиімді пайдалану, агроөнеркәсіп кешенін жаңа технологиялық деңгейге көтеру, транспорт пен логистикалық инфрақұрылымды одан ары дамыту, жаңа технологияларды құрылыс пен коммуналдық тұрғын-үй шаруашылығына енгізу, қаржы секторын оңалту, адам капиталының сапасын арттыру, тиімді мемлекеттік басқару, заңның үстемдік етуі мен сыбайлас жемқорлықпен күресу және «Смарт Сити» технологиясын енгізу тәрізді «он міндет» көрсетілген. Азаттық сөйлескен сарапшылар жолдауды әртүрлі бағалайды.

«ПРЕЗИДЕНТТІҢ ӨЗІ ОСЫЛАЙ ДЕГЕН»

Назарбаев жолдауының «үшінші міндеті» «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі» деп аталады. Бұл бөлімде «шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығу қажеттігі», «аграрлық ғылымды дамыту мәселесі басты назарда болуға тиістігі» жазылады. Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты аналитика, консалтинг және коммерцияландыру бөлімінің меңгерушісі Біржан Рахымжанов «бұл мәселенің он міндет қатарына кіргеніне қуанып жатқандарын» жеткізді.

Біржан Рахымжанов
Біржан Рахымжанов

- Бұған дейінгі жолдауларда ол (аграрлық сала – ред.) тек сөз арасында қысқаша айтылып жүретін. Бізде салалық бағдарламаларда да аграрлық ғылымға дұрыс мән берілмейді, - дейді маман.

Ғалым «Қазақстанда президент мемлекеттің айқындаушы тұлғасы болғандықтан, Назарбаевтың «аграрлық ғылымды дамыту мәселесі басты назарда болуға тиіс» деген сөзін жақсы жаңалық деп қабылдайтынын» жеткізді.

- Енді министрлікке жоба дайындап өткізгенде, президенттің өзі осылай деген деп айта алатын болдық, - дейді ғалым.

Мәселен, бізге бір доллар 150-180 теңге тұрған 2015 жылдары 4,2 млрд теңге бөлінетін, 2018 жылы доллар екі есе қымбаттағанда да сол 4,2 млрд теңге қарастырылды.

Маман аграрлық ғылымды ерекше атап өтудің артында құзырлы министрліктің бастамасы мен ұсыныстары, нақты жоспары тұр деп үміттенеді.

- Аграрлық ғылымға қаржы бөлінбейтін. Сондықтан жас ғалымдар жұмысқа келіп, қаржы мәселесіне байланысты басқа жаққа ауысып кетеді. Мәселен, бізге бір доллар 150-180 теңге тұрған 2015 жылдары 4,2 млрд теңге бөлінетін, 2018 жылы доллар екі есе қымбаттағанда да сол 4,2 млрд теңге қарастырылды. Инфляция, девальвация болды. Олар ескерілген жоқ. Енді жақсаратын шығар. Президенттің аграрлық ғылымды дамытуды жеке міндет деп көрсетуі алғаш рет, - дейді Рахымжанов.

«ЛАС САЯСИ ТЕХНОЛОГИЯ»

Ал саясаткер Дос Көшім «жолдаудан жаңа, іліп алатын ештеңе көрмеген».

- Жолдауда ауыз толтырып айтатындай ештеңе жоқ. Индустриалды дамыту дегенді Кәрім Мәсімов бар кезде (Мәсімовтың премьер-министр кезінде – ред.) 10 жыл бұрын айтып жүрген. Негізі Назарбаевтың сөзін оқымайтын адаммын. Себебі оның алдағы 10-20 жылда не айтатыны белгілі, - дейді ол Азаттыққа.

Жолдауда «мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерінің барлығын толықтай орындайды», ал «мұғалімдердің жалақысы біліктілігінің расталуына байланысты тұтастай алғанда 30 проценттен 50 процентке дейін өседі» деп жазылған. Бірақ Дос Көшім мұғалімдердің жалақысы тұтастай өсетініне күмәнданады.

Дос Көшім
Дос Көшім

- Мұнда барлық емес, «тек санатын дәлелдеген мұғалімдердің ғана жалақысы өседі» деп жазылған. Халыққа «мұғалімдердің айлығы 50 пайызға көбейетін болды» деп айтады, мұғалімдер «тамаша екен» деп ойлайды. Бұл – өте лас саяси технология. «Мұғалімдердің жалақысы 50 пайызға артады» деп жазған басылымдарды «дақпырт таратты» деп соттау керек. Бұл – халықты алдау, - дейді саясаттанушы.

«Мұғалімдердің жалақысы 50 пайызға артады» деп жазған басылымдарды «дақпырт таратты» деп соттау керек. Бұл – халықты алдау.

«Ағартушы» қоғамдық қозғалысының мүшесі, Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақмектеп ауылында жұмыс істейтін Мейіржан Темірбек Дос Көшімнің сөзін құптайды. Бүгін жарияланған жолдауда «категорияларды бүкіл әлемде қолданылып жүрген ұлттық біліктілік тест арқылы беру керек» деп, жалақыны да «біліктілігінің расталуына байланысты өсіру керек» деп жазылған. Мұғалім президент Назарбаев міндеттегелі жатқан тесті қазір «санатын өсіру үшін кезектен тыс аттестациядан өтетін мұғалімдер ғана тапсырып жүргенін» айтады.

- Тесте педагогика-психология, заң және өз пәніне қатысты сұрақтар болады. Мұғалімдер заңнамаларды күнде оқи бермейді ғой, оның үстіне олар жиі өзгереді. Негізі мұғалімдер тест тапсырмауға тырысады. Ал тесті міндеттесе, мұғалімдер квалификациясын дәлелдей алмауы мүмкін. Себебі 30-40 адам тапсырған тестен 2 адам ғана өтеді. Заңды тапсырып шықсаң, пәннен құлайсың. Сұрақтары күрделі, - дейді мұғалім.

Таратпа материалдардың бәрін өз ақшамыздан шығарамыз, оған ақша бөлінбейді.

Одан бөлек, жолдауда «жаңартылған мазмұн – мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар» деп сипатталып, оған «2021 жылдың соңына дейін көшу міндеті қойылғаны» туралы жазылады. Оқушыларды жаңартылған мазмұн бойынша оқытуға қатысты сұраққа Мейіржан Темірбек «бұл бағдарлама қағазбастылықты көбейтіп жіберді» деп жауап берді.

- Мектептерге бұған ақша бөлінбейді. Жұмыс көбейді: сабағың бар, оның үстіне күнде таратпа материалдар шығарып беруің керек, сабақ сайын жиынтық бағалау қойып отыруың керек. Таратпа материалдардың бәрін өз ақшамыздан шығарамыз, оған ақша бөлінбейді, - дейді мұғалім.

«СӨЗ БЕН ІС ҚАБЫСПАЙДЫ»

Жолдауға қатысты Азаттыққа пікір білдірген және бір сарапшы Досым Сәтпаев та «соңғы жылдары Назарбаевтың жолдауы бірін-бірі қайталап жатыр» деп санайды.

- Бұл жолдауда отыздыққа кіру үшін төртінші индустриалдық революция жасау туралы жиі айтылыпты. Бұл қазір «сәнді» тақырып болғанымен, Қазақстанда бұл туралы 1990 жылдардан бері айтылып келе жатыр. 2030, 2050, 2025 жылдарға арналған бағдарламаларда да осы туралы жазылды. Оның үстіне, отыздыққа кірген, индустриалды дамуға жеткен елдерге қарасақ, көбі негізінен демократиялық елдер. Сондықтан бізде мұның іске асатынына күмәнданамын, - дейді ол.

Досым Сатпаев
Досым Сатпаев

Жолдаудағы «алтыншы міндет» «қаржы секторын «қайта жаңғырту» деп аталады. Онда Назарбаев «банк портфельдерін «нашар» несиеден арылту ісін аяқтау қажет» деп жазған. Бірақ саясаттанушының сөзінше, билік банктермен еншілес болғандықтан, үкімет оларға қауіп төнгенде банктерді мемлекеттің ақшасынан, Ұлттық қор есебінен болса да құтқарып қалуға тырысады.

- Назарбаев соңғы жолдауында «банктерді құтқаруды қою керек» деді. Бірақ президент бұлай деп 2009 жылғы дағдарыстан кейін де айтқан. Алайда артынша «Қазкомды» құтқарды, банктерге көмектесуге ақша бөлді. Яғни оның сөзі мен ісі қабыспайтынын көрдік, - дейді Сәтпаев.

«ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН ІРІКТЕМЕЛІ КҮРЕС»

Назарбаев жолдауында «тоғызыншы міндет» - «жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі». Ол елде «жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрес жалғаса беретінін, бұл бағытта «көп жұмыс істеліп жатқанын» жазады. Досым Сәтпаев «Қазақстанда жемқорлықпен күресте саяси астар бар» екенін айтады.

- Қазақстанда жемқорлықпен күрес – элиталар арасында келіспеушіліктен болады және ол іріктемелі сипатта жүреді, - дейді ол.

Жолдаудағы «соңғы үш жылда ғана жоғары лауазымды шенеуніктер мен мемлекеттік компаниялардың басшыларын қоса алғанда, жемқорлығы үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталды» деген тұсына қатысты пікір айтқан саясаттанушы «жемқорлықпен күрес қанша адамның сотталғанымен емес, сананың қаншалықты өзгергенімен өлшенетінін» ескертеді.

Қазақстанда жемқорлықпен күрес – элиталар арасында келіспеушіліктен болады және ол іріктемелі сипатта жүреді.

- Мемлекеттің соңғы жылдары экономикаға араласуының күшеюі «барлық ақша - мемлекеттің қолында» деген түсінік қалыптастырды, ал азаматтар мемлекеттік қызметті «ақшалы астау» деп қабылдап, «сонда қызметке барғанда «ресурстарға» қол жеткізуге болады» деп ойлайды. Бұл – әлі коррупциялық сана бар екенінің дәлелі, - дейді ол.

Досым Сәтпаев «мемлекет аппараты өзгермей жатып, ешқандай «жаңғыру» болмайды, жас кадрлар «жас ағашкаларға» айнала бастайды деп есептейді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы халыққа жолдауықаңтардың 10-ында баспасөзде жарияланды. Назарбаев екінші жыл қатарынан жолдауды тұтас өзі оқымай, бір күн бұрын орталық телеарналардан қысқаша мәлімдеме жасап қана жүр.

XS
SM
MD
LG