Accessibility links

Назарбаевтың жолдауында "қаржы үнемдеу" көп айтылды


Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа жолдауын оқуға келе жатқан сәті. Астана, 30 қараша 2015 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа жолдауын оқуға келе жатқан сәті. Астана, 30 қараша 2015 жыл.

Қазақстан президентінің биылғы жолдауында зейнетақы мен жалақыдан бастап Ресей-Түркия жанжалына дейінгі мәселелер сөз болды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Астанада жыл сайынғы халыққа арнаған жолдауын оқыды. Жолдауды тыңдауға үкімет мүшелері, парламент депутаттары, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері қатысты.

Биылғы жолдау негізінен дағдарыс кезінде экспортқа шығаратын шикізат бағалары арандаған тұстағы Қазақстанның іс-қимылына арналды.

Президент Назарбаев Қазақстанның мұнайдан "көл-көсір пайда түсетін" кезеңі өткенін, мемлекет "қолда бар қаржыға өмір сүруі қажет екенін", елдің "жаңа ғаламдық жағдайдағы" іс-қимыл стратегиясын жасауы тиіс екенін айтты. Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдары "мұнай бағасы барреліне 10 доллар болып тұрғанда да проблемаларын шешкенін" айтқан президент мұнай бағасы 30 не 20 доллар болған жағдайдағы Қазақстанның іс-қимыл жоспарлары дайындалғанын да хабарлады.

Нұрсұлтан Назарбаев бұған қоса шығындарды екшеп, "бір жылда 20 пайызға азайып кеткен" бюджетке түсетін табысты арттыру мүмкіндіктерін қарастыру керегін айтты.

Қазақстан президенті сонымен қоса ұлттық банк теңгеге деген сенімді қалпына келтіру керек екенін де айтты.

- Барлық керекті затты, киімді теңгемен аламыз. Доллар шетелде киінетіндерге немесе импорт тауар алатындарға керек. Депозитті, ақшаны теңгеде сақтау керек, пайызы көп болады. Лексиконда теңгені қолданып, теңгемен өмір сүру керек. Сонда тыныштық болады, - деді ол.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жолдауын оқып отыр. Астана, 30 қараша 2015 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жолдауын оқып отыр. Астана, 30 қараша 2015 жыл.

Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстанға қазір өсім, реформалар мен даму қажет" екенін де айтты. Оның пікірінше, алдағы реформаларды 1990 жылдары жүргізілген реформалармен салыстыруға болады. Президент Назарбаев қазір үкімет алдында салық саясатының ашықтығын жақсарту, жаңа жекешелендіру бағдарламасын даярлау міндеті тұрғанын сөз етті.

- Жекешелендіруге жатпайтын стратегиялық нысандар санын азайту керек. Мемлекеттік сектордағы кәсіпорындарды жекешелендіруге салынған шектеуді алып тастау қажет, - деді Назарбаев.

Оның сөзінше, қазір 7 мыңнан астам кәсіпорын мемлекет бақылауында, ал холдингтер оны "тиімді басқара алмай отыр".

Президент Назарбаев Қазақстан бизнесмендерді "аяқтан тұрғызып, ауқатты еткенін" айтып, оларды "шетелдегі қаржысын Қазақстанға әкелуге" және жекешелендіруге қатысуға шақырды.

Ұлттық басқарушы компаниялар туралы айтқан Назарбаев болашақта үш басқарушы компания үш ықшам ұйымға бірігуі тиіс екенін және олар "тиімсіз жұмыс жасаған жағдайда" жойылуы қажет екенін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы банкроттық процедурасын да сынап өтті.

- Шетелде банкроттық басқадай жүреді. АҚШ-та жылына мыңдаған кәсіпорын банкрот болып жатады. Бірақ одан сол сала тоқтап қалмайды. Бір кәсіпорын банкрот болса, орнына басқасы келеді, жұмысты ары қарай жалғастырып кетеді. Үкіметке банкроттық процедурасын қайта даярлауды тапсырамын, - деді ол.

Қазақстан президенті биылғы жолдауда зейнетақы қорына жиналған қаржыны бизнесті несиелендіруге жұмсауға болмайтынын, тек бюджет тапшылығын жабуға пайдалану қажет екенін айтты. Президент бұған қоса енді ұлттық қордағы қаржы теңге бағамын ұстап тұруға жұмсалмайтынын да айтты. Назарбаев ұлттық банктегі "институционалдық кемшілікті" жойып, "зейнетақы және проблемалық несиелер қорын оның бақылауынан шығару керек" деп мәлімдеді.

2016 жылы зейнетақы активтері қазақстандық жекеменшік немесе шетелдік компаниялар басқаруына берілуі тиіс.

- 2016 жылы зейнетақы активтері қазақстандық жекеменшік немесе шетелдік компаниялар басқаруына берілуі тиіс. Зейнетақы қаржысының табысын арттыру үшін зейнетақы қаржысын инвестициялау жолдарын қайта қарау керек. Ал бизнеске қаржы онсыз да жетеді. Оны бізге халықаралық қаржы институттары береді, - деді президент Назарбаев.

Ол ұлттық банкке екінші деңгейдегі банктердегі проблемалық несиелер көлемін анықтап, оның қорытындысы бойынша "шара қолдануды" тапсырды.

Назарбаев жолдауының соңында соңғы кезде ушыға бастаған Ресей мен Түркия арасындағы қарым-қатынасқа да тоқталды.

Ресей бомбалаушы ұшағы Түркияға шабуылдаған жоқ, ол терроршылармен соғысуға барған.

- Біз Ресей мен Түркия арасында болған оқиғаға қатысты өкініш білдіреміз. Ресей бомбалаушы ұшағы Түркияға шабуылдаған жоқ, ол терроршылармен соғысуға барған. Біз әзірге оқиғаның анық-қанығын білмейміз. Қандай қиындық болса да, тез арада мемлекетаралық комиссия құру керек. Тез арада кінәлілерді анықтап, жазалап, кеткен қателікті мойындап, қатынасты қалпына келтіру керек. Ресейдегі, Түркиядағы достарымызды осыған шақырамын, - деді Назарбаев.

Назарбаев: Ресей ұшағы Түркияға шабуылдаған жоқ
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:11 0:00

Нұрсұлтан Назарбаев жолдауында 2016 жылдан бастап бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы көбейетінін хабарлады. Назарбаевтың сөзінше, дәрігерлердің жалақысы орта есеппен 28 пайызға дейін, білім саласы қызметкерлерінің жалақысы 29 пайызға дейін, әлеуметтік жәрдемақы көлемі 40 пайызға дейін ұлғаяды. Назарбаев "Б" корпусындағы мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы 2016 жылдан бастап 30 пайызға көбейетінін де айтты. Зейнетақы көлемі де инфляция өсімінен екі пайызға жоғары болатын дәрежеде қайта есептеледі. Президенттің айтуынша, жалақыны көбейтуге қажет қаржы шығындарды екшегеннен кейін табылмақ.

Қазақстан президенті бұған қоса 2017 жылдан бастап елде кәсіптік-техникалық білім беру тегін болатынын да айтты.

XS
SM
MD
LG