Accessibility links

HRW әйелдер маршына қатысқан белсенділерді жазаламауды талап етті


Әйелдер маршы. Алматы, 8 наурыз 2020 жыл.
Әйелдер маршы. Алматы, 8 наурыз 2020 жыл.

Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы 18 наурызда Қазақстан билігінен әйелдер маршына қатысып, айыппұл салынған екі белсендіге тағайындалған жазаның күшін жоюды талап етті. Ұйымның мәлімдемесінде белсенділер "бейбіт түрде пікірін айтқаны" үшін қудаланды деп жазылған.

8 наурызда Алматыда бірнеше феминистік топ акция ұйымдастырған еді. Оған шамамен 200 адам қатысты. Маршқа келгендер Қазақстандағы әйелдер құқығының ахуалы мен тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесін айтып, биліктен тұрмыстағы зорлық-зомбылық жазасын күшейтуді талап етті.

11 наурызда кешке қарай Алматы әкімшілік соты Арина Осиновская және Фариза Оспанды марш кезінде гүл шоғын өртегені үшін "бұзақылық жасады" деп айыптап, айыппұл салған.

HRW ұйымының Еуропа және Орталық Азия жөніндегі директоры Хью Уильямсон "азаматтардың негізгі бостандығын қорғаудың орнына Қазақстан билігі белсенділерді қудалау үшін сот жүйесін пайдаланды" деп сынады. Ол биліктен белсенділерді қудалауды тоқтатуды, сот шешімінің күшін жоюды талап етті. Билік заңды пайдаланып, бейбіт жиналу және пікір айту құқығын таптамауы қажет деді.

Қазақстанда халық қандай да бір бейбіт шеру, митингіге шығатын болса, жергілікті әкімдіктен алдын ала рұқсат алуы тиіс. Билік рұқсат берілмеген митингінің бәрін "заңсыз" деп тауып, қатысушыларын ұстайды және жауапқа тартады.

Халықаралық қауымдастық Қазақстан билігінен "Бейбіт жиын өткізу туралы" заңды қайта қарап, халыққа өз ойын еркін айтуға кедергі келтірмеуді талап етіп келеді. HRW 18 наурыз күнгі мәлімдемесінде қазір мәжілісте қаралып жатқан бейбіт жиын туралы заң жобасын да сынады.

Оқи отырыңыз: Қоғамда дау туғызған "Бейбіт жиындар туралы" заң жобасы мәжіліске түсті

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG