Accessibility links

Бұрынғы күйеуінен зорлық көрген әйелдің мұңы


Айнагүл Бекенова Азаттық тілшісіне сұхбат беріп отыр. Ақтөбе, 4 сәуір 2020 жыл.
Айнагүл Бекенова Азаттық тілшісіне сұхбат беріп отыр. Ақтөбе, 4 сәуір 2020 жыл.

Ақтөбе тұрғыны Айнагүл Бекенованы бұрынғы күйеуі өлімші етіп сабап, бетін пышақпен тіліп тастаған. Қазір қол көтерген еркектің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Ал ауыр жарақаттанған Айнагүл әлі күнге үрей үстінде отыр. Зорлықтан кейінгі фотосуреті әлеуметтік желіде жарияланған соң, 21 күннен кейін ғана бұрынғы күйеуі қамауға алынған. Құқық қорғаушы тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткендерді қатаң жазалау керек деп санайды.

ҮРЕЙ

Ауруханадан шыққалы бері Айнагүлдің жанында әпкесі Меруерт мен құрбысы Гүлназ отырады. Олар үйден себепсіз шықпауға тырысады. Үшінші қабаттағы пәтердің терезесіне қалың перде тұтылған. Айнагүл терезеге жақындауға да қорқады. Оқыс дыбыстардан қол-аяғы қалтырап, жүрегі аузына тығылады.

- Ваннаға кіріп, шомылатын болса да жанында отырамын. Жалғыз қалуға қорқады. Айнагүл әбден ұйықтағанша жатпаймыз. Бір уыс болып бүрісіп ұйықтайды. Көзімді жұмсам, тас төбемде ол тұрғандай болады дейді. Ұйықтап жатып, еңкілдеп жылап, шошып оянады, - дейді Айнагүлдің бала күннен бірге өскен құрбысы Гүлназ.

Бізбен кездесуге келісім берген Айнагүлдің қабағы салыңқы. Ауыр күрсініп, екі беті мен қабағындағы тыртықты шашымен көлегейлей береді.

- Ауруханаға түскен соң телефонымның нөмірін ауыстырып тастадым. Ол әлеуметтік желідегі парақшама қайта-қайта хат жолдаумен болды. Біресе кешірім сұрайды, біресе қорқытады. Қамауға алынғанға дейін «бүгін сен адвокатпен кездестің», «құрбыңмен аллеяда жүрдің» деп қимыл-қозғалысымның бәрін біліп отырды, - дейді Айнагүл.

ЗОРЛЫҚПЕН ОРАМАЛ САЛУ

Қоғам назарын аударған оқиға наурыздың 13-інен 14-іне қараған түні Айнагүлдің жұмыс орны - Ақтөбенің шеткері ауданындағы сыра сататын дүкен-кафеде болған. Дүкенге бұрынғы күйеуі келіп, Айнагүлді өлімші етіп сабап, бетін асқан қатыгездікпен тілгілеген.

Биыл 28-ге шыққан Айнагүл күдіктінің екінші әйелі. Бұрынғы некесінде бір баласы бар күдікті өзінен 9 жас кіші Айнагүлді 2013 жылы үйіне қонаққа келгенде күшпен алып қалған.

- Оған күйеуге шығатын ойым болған емес. Ортақ достарымыз бар болатын. Кейде бірге қыдыратынбыз. 2013 жылы желтоқсанда оның үйінде қонақта болдық. Сол күні анасы қарсыласқаныма қарамай басыма орамал салды. Бұрын жастықпен алданып, аяғым ауырлап қалғанын, үйде үш жастағы қызымның күтіп отырғанын айттым. Сәбиіңді жатсынбаймыз, бауырымызға басамыз, ол сені ұнатады деп қоярда қоймай алып қалды, - дейді Айнагүл.

Айнагүл Бекенова Азаттық тілшісіне сұхбат беріп отыр. Ақтөбе, 4 сәуір 2020 жыл.
Айнагүл Бекенова Азаттық тілшісіне сұхбат беріп отыр. Ақтөбе, 4 сәуір 2020 жыл.

2018 жылы күйеуінен заңды түрде ажырасқан Айнагүл қызын ауылда тұратын өз шешесінің тәрбиесіне берген. Биыл онға толатын бала анасының азабынан бейхабар. Қызының оқу озаты екенін, әдемі ән салатынын айтқан кезде ғана Айнагүл болар-болмас жымияды. Басқа уақытта кеудесін қара тас басып тұрғандай ауыр күрсіне береді.

- Қызым - періштем ғой! Күйеуім етпетімнен жатқызып қойып, арқама отырып, бетімді пышақпен осып жатқанда өлердегі сөзімді айтып жалындым. Құлақ аспады. Сол сәтте құдай аузыма қызымның есімін салды. Баланы ойласаңшы? Ертең сенен «шешем қайда?» деп сұраса, не деп жауап бересің дегенімде тоқтай қалды. Жедел жәрдем шақырып, сырахана сатушысын белгісіз біреулер ұрып-соқты деп хабарлады,- дейді Айнагүл қыстыға жылап.

БОПСАЛАУ

Айнагүл бұрынғы күйеуінің ішімдік ішсе, мүлде өзге адамға айналатынын айтады. Сөзіне қарағанда, күдікті оны 2016 жылдан бері бірнеше мәрте соққыға жыққан. Бірде мұрнын сындырған, бірде миын шайқаған, енді бірде көлікте келе жатып, құлақ шекесінен салып қалады. «Содан бері құлағым шулайды да тұрады» деген Айнагүл бірде-бір рет полицияға шағымданбаған. Тіпті, отбасындағы ыдыс-аяқ сылдырынан екі жақтағы туыстары да бейхабар көрінеді.

Ерлі-зайыпты 2018 жылы заңды түрде ажырасқаннан кейін де біресе қосылып, біресе қайтадан бөлек тұрып жүрген. Айнагүлдің күйеуінен біржола кете алмауын құрбысы Гүлназ «еркектің бопсалағанынан» көреді.

- 2019 жылдың жазында ол менің жұмыс орныма келіп, құрбың менен кете алмайды. Кететін болса, мына видео мен фотоларды желіге саламын деді.Телефоны Айнагүл ұйықтап жатқан кезінде түсірілген интим фотоларға толы екен. Видеоға да түсіріпті. Соңына дейін көруге бетім шыдамады. «Нағыз жауыз екенсің!» деп қуып шықтым. Айнагүл өз күнін өзі көріп жүрген еңбекқор қыз. Әкесінен ерте қалған. Зейнет жасындағы анасы өте момын адам. Қорған болар әкесі, не ағасы жоқ екен деп қыз баланы осылай қорлауға бола ма?! - дейді Гүлназ.

Бұрынғы күйеуі ұрып - соғып, бетін пышақпен тілгілеп тастаған Айнагүл Бекеноваға қазақстандықтар әлеуметтік желіде жаппай қолдау білдіре бастады. Қолдаушылардың басым көпшілігі қыз-келіншектер. Олардың арасында күйеуінен зәбір көргенін ашық жазып жатқандар да бар.

Тұрмыста зорлық-зомбылық көрген қыз-келіншектер құқын қорғайтын «НеМолчиKZ» қорының жетекшісі Дина Смаилова Айнагүл Бекенованың бастан кешкені қоғамның зорлық-зомбылыққа деген көзқарасын өзгертуге септігін тигізеді үміттенеді.

- 9 сәуір күні Қазақстан парламенті «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңды қарайды. Біз заң талабын күшейтуді талап етеміз. Халық зорлық-зомбылыққа әдеттегі жағдай деп қарамауды үйренуі, әйел қауіпсіз қоғамда өмір сүруі тиіс, - дейді белсенді.

Дина Смаилова «полиция ерлі-зайыптыларға қатысты қылмыстарға жай ғана тұрмыстық жанжал ретінде қарайды» деп санайды. Смаилованың пікірінше, осы себепті полиция күдікті Бекеновті 72 сағат аралығында босатып жіберген, жәбірленушіні жеткілікті деңгейде қорғамаған.

- Адамның бет - әлпетін қалпына келмейтіндей етіп жарақаттаған соң қылмыстық іс бірден «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабымен қозғалуы керек еді. Бірақ полиция бұл іске тұрмыстағы зорлық-зомбылық ретінде қараған. Айнагүл бұрынғы күйеуінің «Мендік болмасаң, ешкімге де бұйырмайсың, өлтіремін!» дегенін айтады. Яғни, ол Айнагүлді өлтіруге оқталған,- дейді Дина Смаилова.

Күдіктінің өзімен тілдесу мүмкін болмады. Ал адвокаты Нұрболат Түкеев Азаттық тілшісіне «Мен бүгін сұқбат бере алмаймын. Ертең [7 сәуірде] хабарласыңыз» деді. Ал шешесі болса «Біз адвокатпен кеңесіп алмай, ештеңе де айта алмаймыз» деп қысқа қайырды.

Жәбірленуші Айнагүл Бекенованың өзі де тергеушілердің ауруханаға наурыздың 15-іне бір рет келіп, хабар-ошарсыз кеткенін айтады. Бұрынғы әйелін ауыр жарақаттағанына қарамастан ол 21 күннен кейін қамалды.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлауынша, күдіктінің үстінен бастапқыда «денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтірді» деген айыппен іс қозғалып, қолхатпен босатқан.

Ауыр жарақаттанған Айнагүл Бекенованың фотосуреті әлеуметік желілерге тарап, қоғам наразылығын тудырған соң, сәуірдің 3-і күні күдікті «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабымен қамауға алынғаны белгілі болды.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG