Accessibility links

Назарбаева мен Әлиевтің қымбат үйлеріне қатысты сотта не айтылды?


Ақпарат құралдарының жазуынша, Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі Нұрәлі Әлиевке тиесілі Лондондағы Бишопс авенюдегі үй. 10 наурыз 2020 жыл.
Ақпарат құралдарының жазуынша, Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі Нұрәлі Әлиевке тиесілі Лондондағы Бишопс авенюдегі үй. 10 наурыз 2020 жыл.

8 сәуірде Лондонның Жоғарғы соты Қазақстан сенатының спикері Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәли Әлиевтің Лондондағы қымбат үйлеріне қойылған ордердің күшін жойды. Ұлыбританияның қылмыспен күрес жөніндегі агенттігі (NCA) Назарбаева мен Әлиев Лондондағы екі зәулім үй мен қымбат пәтерді “шығу төркіні белгісіз байлыққа алды” деген күдікпен бұғаттау туралы ордер шығарған. Агенттік үй Назарбаеваның бұрынғы күйеуі, Нұрәли Әлиевтің әкесі Рахат Әлиевтің “қылмыстық жолмен тапқан ақшасына алынды” деп күдіктенген. Интернетке жарияланған сот шешімінде екі тараптың қандай дәлел ұсынғаны толық жазылған.

Судья Джастис Ланг (ханым) 8 сәуірдегі сот шешімін екі тарапқа коронавирус пандемиясына байланысты қашықтан таныстырды. Ол шешімінде Ұлыбританияның қылмыспен күрес жөніндегі агенттігі (NCA) Лондондағы екі зәулім үй мен қымбат пәтердің Рахат Әлиевтің “лас ақшасына” алынғанын дәлелдей алмағанын айтқан. Британия құқық қорғау органдарының айыптауы да осы “Рахат Әлиевтің лас ақшасына” құрылған еді.

Ал Лондон сотында мына үш қымбат үйге қойылған ордерлер қаралды:

  • Лондон қаласы Бишопс авеню, 33 мекенжайындағы (“миллиардерлер көшесі” деп те аталады) зәулім үй. Жылжымайтын мүлік Manrick Private Foundation және Alderton Investments компанияларына жазылған.
  • Лондон қаласы Денвуд-роуд 31 көшесіндегі зәулім үй. Villa Magna компаниясының атында.
  • Манреса-роуд, 21 көшесіндегі пәтер. Tropicana Assets Foundation компаниясына тіркелген.

Сот шешіміне сай, NCA бұл үйлердің барлығы “Рахат Әлиевтің заңсыз жолмен тапқан ақшасына алынғанын” мәлімдеген. Агенттік ордер арқылы үйдің қалай алынғанын, қаржы көзін және шынайы қожайынын анықтамақ болған.

Британия құқық қорғау органдары бұл үйлердің иесі саналатын офшор компанияларын Рахат Әлиев құрған деп күдіктенген. Сотта осы істі тергеген А. Келли (ханым) есімді тергеуші “Әлиев мемлекеттік қызметте істеп жүргенде және одан кейін үлкен қылмыстар жасаған, ал оның отбасы Рахат Әлиев тірі кезінде және өмірден өткеннен кейін бұл ақшаларды өзіне алып отырған” деді.

Келли сотта бұл үйлердің Назарбаева мен Әлиевтің отбасына тікелей қатысы барын айтып, бірнеше дерек ұсынды. Оның мәлімдеуінше, Денвуд-роуд мекенжайындағы үй Рахат Әлиевтің “бұрынғы әйелінің” және “қызының” Harrods универмагындағы аккаунтында көрсетілген. Тергеудің ақпаратына сай, бұл отбасының аккаунттарына “сенімді өкілдерінің” де қаытсы болған. Келлидің сөзінше, “бұл активтердің сатып алынуы және басқарылуы шым-шытырық және құпияға толы, сондықтан күмән тудырады”.

ДЕНВУД-РОУДТАҒЫ ЗӘУЛІМ ҮЙ

Судья Джастис Ланг NCA ұсынған барлық дерекпен келіспеді. Ол шығарған шешімінде, Дариға Назарбаева, Нұрәли Әлиев және үйдің құжатында көрсетілген компаниялар “Рахат Әлиевтің бұл жылжымайтын мүліктерге қатысы жоғын” айтып, 9 тамызда “толық ақпарат ұсынған”.

Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиев.
Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиев.

Сот материалдарына сай, Әлиев пен Назарбаева үш үйді қалай алғанын “толығырақ түсіндірген”. Сот құжаттарындағы мәліметте Денвуд-роудтағы зәулім үйді 2008 жылы Twingold Holding компаниясы 9,3 миллион фунт стерлингке алған. Кейін 2013 жылы панамалық Villa Magna компаниясына берілген.

Тергеуші Келли сотта “Villa Magna компаниясын Рахат Әлиевтен басқа адам құрмаған болуы керек, себебі Нұрәли Әлиев ол кезде 23 жаста еді және оқуын енді аяқтап жатқан” деді.

Нұрали Әлиев. Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің ұлы
Нұрали Әлиев. Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің ұлы

Судья Ланг тергеушінің Дариға Назарбаеваның атын атамағанына таңданысын білдіріп, “ Тергеу Назарбаева да бұл компанияны құруы мүмкін деп айтқан жоқ. Ал Назарбаева табысты бизнесвумен, 2013 жылы Қазақстандағы бай адамдардың бірі ретінде Fordes журналында есімі аталды. Оның табыстары ашық көздерден алынуы мүмкін” деген.

Судья “тергеу Рахат Әлиев пен Назарбаеваның 2007 жылы заңды түрде ажырасқанын ескермеген” деді. Лангтың пайымдауынша, Рахат Әлиев Назарбаеваға заңсыз тапқан ақшасын я активін бермеген. Ал Назарбаеваның өзінде “заңсыз тапқан ақшасы жоқ”. Сот мұндай қорытындыны “Нұрәли Әлиев, Дариға Назарбаева және оның заңгерлері ұсынған Қазақстан бас прокуратурасының хатына сүйене отырып шығарған”.

Назарбаева мен Әлиев Қазақстан бас прокуратурасының хатын да сотқа 9 тамызда ұсынған. Құжатта Назарбаеваның хаты да болған. Онда Дариға Назарбаева “Рахат Әлиевтің Эльнара Шоразовамен қарым-қатынасы белгілі болған соң ажырасқанын, осыдан кейін өзіне отбасының ортақ активтерінің 50 пайыздан әлдеқайда аз мөлшері тигенін, оның ішінде шетелдегі мүлік болмағанын” жазған. Назарбаева хатында “ажырасқан соң ұлы екеуі Рахат Әлиевпен байланыспағанын көрсеткен”.

Хатта Назарбаева қант өндірісі, банк саласы, медиа және жылжымайтын мүлік саласындағы табысты кәсіпкер ретінде көрсетілген. Құжатта Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызының қазір сенат спикері екені, мемлекеттік қызметте жүргенде оның кәсіптерін “трест басқаратынын” айтылған.

Хатта Денвуд-роудтағы зәулім үйді алған Villa Magna компаниясын Назарбаеваның өзі құрғаны айтылады. Құжатта Назарбаева Қазақстан қор биржасында (KASE) өзін тиесілі “Кант” компаниясының акциясын сатып, соның ақшасына Лондонда үй алғанын көрсеткен. Назарбаева “Кант” компаниясын “Әлиевпен ажырасқан соң алған активтерінің бірі ретінде атаған. Оның пайымдауынша, бұл компанияны Қазақстан билігі “Әлиевтің заңсыз жолмен тапқан байлығы деп қарастырмаған”.

Құжатта “Кант” компаниясының бір бөлігін 2007 және 2008 жылы үш транш компания – Beatrice Alliance, Gas Development және Money Experts – алғаны айтылады. Хатта “Кант” үлесінен түскен 46 миллион долларды “Нұрбанк” есепшотынан Кипрдегі Hellenic Bank есепшотына аударғаны көрсетілген.

Назарбаева хатында бұл зәулім үйде 2008 жылы “бір жылдай” қызы Венерамен тұрғанын, сол кезде қызы мектепке барғанын, өзі ағылшын тілі курсында оқығанын жазған.

БИШОПС-АВЕНЮДЕГІ ҚЫМБАТ ҮЙ

Сот материалдары бойынша, бұл үйді 2008 жылы тамызда Riviera Alliance компаниясы 39 миллион фунт-стрелингке сатып алып, 2013 жылғы наурызда оны Кюрасаода тіркелген Manrick Private Foundation компаниясына тапсырған. 2014 жылы Ангилья аралында тіркелген Alderton Investments компаниясы үйді бірлесіп пайдалану құқығына ие болған.

Сотта ұлттық агенттік (NCA) Manrick Private Foundation компаниясының бастапқы капиталы болмағанын, табыс көзін көрсетпегенін және оның артында да Рахат Әлиев тұруы мүмкін деген күдігі бар екенін айтқан. Дәлел ретінде Әлиевтің бұрынғы әйелі мен балаларының және басқа да сенімді адамдарының осы үймен тығыз байланыста болғаны көрсетілген.

Сот шешіміндегі дерекке сай, Нұрәли Әлиев пен Назарбаева 9 тамызда сотқа өткізген құжаттар пакетінде бұл жылжымайтын мүліктің “заңды ақшаға алынғаны” айтылған.

Құжатта Нұрәли Әлиевтің “жөндеуден өткен” соң осы үй орналасқан мекенжайға “отбасымен қоныстанғаны” айтылады. Әлиевтің сөзінше, ол “өзіне тиесілі” Terra Holding компаниясы арқылы “Нұрбанктен” 65 миллион доллар несие алып, сол ақшаны үйге жұмсаған. Сот шешіміне сенсек, несие алу фактісін “Нұрбанк” берген хаттың ресми аудармасы дәлелдейді. Құжаттарға қарағанда, бұл ақша Кипрдегі Hellenic Bank банкіндегі Triumph Alliance Inc компаниясының есепшотына түскен. Оның соңғы бенефициары Нұрәли Әлиев болған.

Сот құжаттарына қарағанда, Triumph Alliance үйдің 4 миллион фунт-стерлинг көлеміндегі алғашқы төлемін жасаған. Ол ақша 2007 жылғы 14 қарашада “Нұртранссервис” компаниясы арқылы Нұрәли Әлиевке тиесілі болған “Шахар” телерадиокомпаниясының 40 пайыз акциясын сатудан түскен.

Нұрәли Әлиев.
Нұрәли Әлиев.

“Шахардың” акцияларын Logic Systems компаниясы сатып алды делінеді. Құжаттарға жүгінсек, мәміле құны 1,1 миллиард теңге (4,5 миллион фунт немее 9,2 миллион доллар) болған, оны “сенімді өкіл” Тимур Сегізбаев алып, Кипрға салып жіберген. Үйдің қалған құнын Әлиев “Нұрбанктен” “65 миллион доллар несиенің” ақшасымен төлеген.

Судья Ланг Әлиевтің байлығын LinkedIn әлеуметтік желісіндегі аккаунтында көрсетілген қызметтік лауазымдары негізінде сараптаған. Онда Әлиевтің “инвестор әрі бизнесмен” екендігі, “25 компаниядан тұратын әртараптандырылған портфолионы басқаратын” “Капитал” холдингінің “негізін қалаушы әрі үлес иесі” екені жазылған” делінген сот құжатында.

Судья Лангтың тұжырымы бойынша, бұл ақпарат “Әлиевтің 2008 жылы ата-анасынан тәуелсіз, өз бетінше үй сатып алатындай дәрежеде болғанын” айғақтайды. Судьяның пікірі бойынша, несиені рәсімдеу кезінде оны берген банк ірі шетелдік фирмалардың “тәуелсіз аудитынан” өткен. Сонымен бірге, судья NCA ұсынған үйді сатып алуға Рахат Әлиевтің “заңсыз ақшасын” пайдаланды деген “долбарын” “сенімсіз” деп тапқан және ақшаның “банктен алынған заңды несие” екенін айтқан.

ЧЕЛСИДЕГІ ПӘТЕРЛЕР

Бұл мүлік 2010 жылы қыркүйекте 32 миллион фунтқа сатып алынған. Қазір оның қағаз жүзіндегі қожайыны – Панамада тіркелген Tropicana Assets Foundation. NCA бұл компанияның негізін қалаған адам әрі “кіріс көзі” Рахат Әлиев деп болжаған.

Сот шешімінде бұл мүлікке қатысты өте аз айтылған. Тергеудің уәжін жоққа шығарған судья Ланг агенттіктің “Дариға Назарбаеваны фирманың ықтимал негізін қалаушы деп қарастырмағанын” айтқан, ал берілген құжаттарда оның фирманың негізін қалаушы екені көрсетіледі.

Нұрәли Әлиев пен Назарбаева тарабының айтуынша, олар мүлікті “Нұрбанк” “акцияларын сатудан түскен” ақшаға алған, ал акцияларды Назарбаева “2002-2009 жылдар аралығында сатып алған”. Сотқа ұсынылған құжаттарға сенсек, Назарбаева 2010 жылғы 13 мамырда “барлық акцияны” София Сәрсенова есімді адамға сатқан, мұны “Нұрбанктің” хаты” дәлелдейді. Акцияларды сату арқылы Назарбаева “118 миллион фунттан астам” (шамамен 175 миллион доллар) ақша тауып, сол қаржыға “элиталық пәтерлерді алған”.

КІМ, НЕ, ҚАЙДА, ҚАШАН

“Шығу төркіні белгісіз байлық” ордері – британ құқығында 2018 жылы қаңтарда енгізілген жаңа құрал, ол қылмыстық жолмен табылған капиталды Ұлыбритания аумағында заңдастыруға тосқауыл қою үшін қабылдаған. Құқық қорғау органдары бұл ордерді белгілі бір активтің шын иесін анықтау үшін қолданады. Ордерге “кінәсіздік презумпциясы” жүрмейді, яғни мүлікті заңды ақшаға алғанын оның иесі дәлелдеуі тиіс. Уәжді сенімсіз деп тапса, сот мүлікті тәркілеу туралы шешім шығаруы ықтимал.

Әлиев пен Назарбаеваның жоғарыда аталған дүние-мүлкі 2019 жылдың мамырында түгел бұғатталған. Сол кезде Ұлыбритания құқық қорғау органдары бұл ордерді екінші рет қолданған. Мұның алдында мемлекеттік банктің қаржысын ұрлады деген айыппен өз елінде 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілген әзербайжандық банкир Жахангир Гаджиевтің әйелі Замира Гаджиеваның мүлкі бұғатталған еді.

Дариға Назарбаева – Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы, парламент сенатының спикері, яғни мемлекетті басқарушылар иерархиясындағы екінші адам. Отыз жылға жуық ел басқарып, былтыр өз еркімен орнынан кеткен әкесі әлі де билік тетіктерін қолында ұстап отыр. Басқа лауазымдарын айтпағанда, Назарбаев аса ықпалды Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметін атқарады.

Рахат Әлиев – Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы әрі Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі. 2007 жылы қазақстандық екі банкирді өлтірді деген күдікке ілінген ол 2015 жылы Австрия түрмесінде жұмбақ жағдайда қаза болған.

Нұрәли Әлиев – Рахат Әлиев пен Дариға Назарбаеваның тұңғыш ұлы, мемлекеттік қызметте болған, бизнес құрылымдарында ірі лауазымдарда отырған, 2016 жылы әйгілі адамдар мен саясаткерлердің офшор шоттары туралы құжаттар жария болған “Панама архивінде” шешесі екеуінің есімі аталады.

Ұлыбританияның қылмыспен күрес жөніндегі ұлттық агенттігі Назарбаева мен Нұрәли Әлиевтің мүлкіне қатысты іс бойынша аппеляция бермек. Агенттік жанындағы экономикалық қылмыс бойынша ұлттық орталық басшысы Грэм Биггар “ордерді пайдалану кезінде “үлкен құқықтық қиындықтар” боларын болжағанбыз” дейді. Оның айтуынша, агенттік батыл әрекет етуге ниетті, себебі бұл тыңдаулар құқықтық прецедентке айналып кетуі мүмкін және “болашақта қабылданатын шешімдердің бәрі соған сүйеніп кетуі ықтимал”.

“Біз үшін жеңіске жету ауадай қажет. Біз заңсыз деп санайтын капиталды анықтау үшін қолымыздағы барлық құқықтық негізді толық қолданатынымызды бұрыннан ашық айтып келеміз” деді Биггар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG