2019 жылы 1 мамырда Нұр-Cұлтанда өткен наразылық жиынына қатысқаннан кейін әскер қатарына шақыртылған белсенді Әлімжан Ізбасаров Жамбыл облысындағы психоневрологиялық диспансерде жатыр. Бұл мәліметті диспансер басшылығы растады.
Облыстық психоневрологиялық диспансер бас дәрігерінің орынбасары Гүлмира Кәрімованың сөзінше, Әлімжан Ізбасаров психдиспансерге 5 сәуірде түскен. «Ол өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Қазір емделіп жатыр», - деді Азаттық тілшісіне телефон арқылы.
Дәрігердің айтуынша, «диспансерге түскенде жазбаша келісімі берген. Қазір жағдайы бірқалыпты, анасына дәрігерлерге шағымым жоқ деген». Ізбасаровтың диспансерден қашан шығарылатыны белгісіз.
Осыған дейін анасы Жауһаз Ізбасарова әлеуметтік желідегі парақшасында Әлімжанның әскери бөлімде қысым көріп, психикалық диспансерге түскенін жазған еді.
«Әскери қызметі басталғалы өзгелерге қарағанда өзіне ерекше психологиялық қысым жасалатынын, әрдайым «қорғануға» тура келетінін айтатын. Кейде бұрынғы белсенділігіне байланысты арандату, намысына тию және басқа әрекеттер жасалған», - деп жазды ол фейсбуктегі ресми парақшасында.
Оның әпкесі Әлия Ізбасарова Vlast-ке берген сұхбатында Әлімжанның психдиспансерге түскеннен кейін хабарласқанын айтады.
- Соңғы кездері оны арандатқысы келетін әрекеттер болған. Әскерде жыл соңына дейін қалуың мүмкін деген, - деді ол. Әлияның сөзінше телефонмен сөйлескенде Әлімжанның дауысы өте бәсең шыққан.
Әлімжан Ізбасаров қызмет ететін Тараздағы 5513 әскери бөлімшесі командирінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Дамир Қасымов оның «медициналық тексерістен өтіп жатқанын» растады. Басқа ақпарат анасы мен әпкесіне берілгенін айтып, сөйлесуден бас тартты. Сөзінше, Әлімжанның әскер қатарындағы келісім-шарты маусымда аяқталады.
Әлімжан Ізбасаров 14 сәуірде адвокаты Ғабит Пірмағамбетовпен психдиспансерде кездескен. Бірақ адвокат «журналистермен сөйлесу үшін анасының рұқсаты керектігін» айтып, пікірін білдіргісі келмеді.
23 жастағы Әлімжан Ізбасаров 2019 жылы 1 мамырдағы наразылық жиынына қатысқан белсенді жастардың бірі. Ол жиын кезінде әлеуметтік желідегі парақшасына тікелей эфирге шыққан. Эфирде «полиция резеңке таяқпен адамдарды ұрғанын» айтып, жиында ұсталғандарды босатуды талап еткен.
2019 жылы 1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық жиынына шыққандар «Біздің өз таңдауымыз бар!», «Тоқаев біздің президент емес!», «Дариға спикер емес!», «Нұр-Сұлтан астанамыз емес!», «АЭС-ке қарсымыз!», «Халық пікірімен санасыңдар», «Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!», «Шындықтан қашып құтылмайсың!», «Шал, кет!» деп ұрандатқан. Жиын барысында шамамен 80 адамның ұсталып, бір тобы әкімшілік жазаға тартылған.
ПІКІРЛЕР