Accessibility links

Мәжіліс партия тіркеуге қажетті "төменгі шекті" 40 мыңнан 20 мыңға қысқартуға келісті


Әділет министрі Марат Бекетаев парламент мәжілісінің жалпы отырысында "Саяси партиялар туралы" заңға өзгерістер енгізу туралы хабарлама жасап тұр. Нұр-Сұлтан, 22 сәуір 2020 жыл.
Әділет министрі Марат Бекетаев парламент мәжілісінің жалпы отырысында "Саяси партиялар туралы" заңға өзгерістер енгізу туралы хабарлама жасап тұр. Нұр-Сұлтан, 22 сәуір 2020 жыл.

22 сәуірде парламенттің төменгі палатасы "Сайлау" және "Саяси партиялар" туралы конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобаларын мақұлдады.

Оған сәйкес, саяси партияларды тіркеу үшін бұрынғыдай 40 мың емес, 20 мың мүшесінің болғаны жеткілікті.

Бұған қоса, құжат партияларды мәжіліс және мәслихат депутаттарына кандидаттардың тізімін жасақтау кезінде әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота қарастыруды міндеттейді.

Мәжілісте баяндама жасаған әділет министрі Марат Бекетаев заң жобаларын әзірлеген кезде халықаралық тәжірибе ескерілгенін айтты.

"Халықаралық тәжірибе аясында ұсынылып отырған жаңа нормалар әйелдер мен жастарды елдің қоғамдық-саяси процестеріне белсенді тартуға мүмкіндік береді" деді ол.

Министрдің айтуынша, партия съезінде тізімді бекіту кезінде және тізімді тіркеу кезінде осы міндеттің орындалғаны-орындалмағаны тексеріледі.

Қазіргі заңнама бойынша партияны ресми түрде тіркеу үшін 40 мың мүшесі болуы керек. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 20 желтоқсанда "ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің" отырысында партия құруға қажетті адамдар санын 40 мыңнан 20 мыңға азайту қажеттігін айтқан.

Қазақстанда партия құрғысы келетін азаматтар тіркеу кезіндегі бюрократиялық кедергілерден бөлек қуғындалатынын айтып, жиі шағымданады. Былтыр қазан айында Жанболат Мамай бастаған белсенділер "Демократиялық партия" құратындарын, құрылтай съезін өткізетінін жариялаған. Кейінірек "Демпартия" жақтастарына қысым жасалғандықтан съезді өткізбейтінін хабарлады.

Оқи отырыңыз: Съезден бас тарту және Ұлттық кеңес мүшелерінің сыны

Азаматтық белсенді Санавар Закирова да 2019 жылдың басынан "Наше право" партиясын құратынын мәлімдеп, кейінірек "билік партияға құруға кедергі келтірді" деп шағымданған. Бұл мәлімдемеден кейін "Нұр Отан" мүшелері бірнеше белсендіні сотқа берді.

Қазіргі кезде Қазақстанда ресми тіркелген алты партия бар. Парламентте үш партияның өкілдері отыр: бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" партиясы, билікшіл "Ақ жол" және "Коммунистік халықтық партиясы".


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG