Accessibility links

Метапневмовирус деген не? Одан қауіп бар ма? Түсіндіреміз


Әлеуметтік желіде адам метапневмовирусы жайлы әртүрлі дерек, алыпқашпа сөз тарап жатыр. Бірақ арасында шындыққа жанаспайтыны көп дейді дәрігерлер. Үкімет Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына сілтеп, алаңдауға негіз жоғын айтты. Метапневмовирус деген не? Одан қауіп бар ма? Азаттық жауап іздеп көрді.

Метапневмовирус – ғылымға бұрыннан белгілі респираторлық инфекция, оның симптомдары тұмауға ұқсас және жұқтырған адам оны әдетте жеңіл өткереді, бірақ иммунитет әлсіз болса, асқынуы да ықтимал деп ескертеді мамандар. Қазақстан үкіметі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына сілтеп, алаңдауға негіз жоқ деп хабарлады.

"МЕТАПНЕВМОВИРС БҰРЫННАН БОЛҒАН"

Әлеуметтік желіде "Қытайда жаңа вирус тағы өршіді", "Қауіпті вирус тарап жатыр" деген сарында видеолар көбейді. Ақпаратты бұрмалап, фейк дерек таратып жатқандар да аз емес деп ескертеді мамандар.

Мәселен TikTok желісінде тараған мына видеода "Қытай вирусы" Қазақстанға да жетті. Денсаулық сақтау министрлігі отыздан астам жағдай анықталғанын растады" деп түсіндіреді. Тағы біреуінде "метапневмовирусты емдеуге негізделген нақты дәрі болмағандықтан бұл қауіпті" деген нарративті жеткізеді.

Адам метапневмовирусы деген не? Одан қауіп бар ма? Азаттық осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Дәріханадан дәрі-дәрмек алып тұрған адамдар. Азаттық архивіндегі фото.
Дәріханадан дәрі-дәрмек алып тұрған адамдар. Азаттық архивіндегі фото.

Денсаулық сақтау министрлігі метапневмовирус штаммы Қазақстанда бұрыннан барын айтты. Ресми мәліметке сүйенсек, жұқпалы дерт маусымы кезінде 8360 тест үлгісі алынған, оның 22 пайызында вирус бары анықталған. Риновирус, аденовирус, коронавирус, парагрипп және бокавирус секілді респираторлық инфекция түрлері жиі кездескен. Ал метапневмовирус небәрі 1,6 пайызында, яғни 30 адамда анықталған.

Метапневмовирус ауа арқылы жұғады деп хабарлады министрлік. Инфекцияның негізгі белгілері – жөтел, мұрыннан су ағу, ентігу, бас ауруы.

Метапневмовирус ғылымға бұрыннан белгілі болғандықтан оны жаңа вирус не оның жаңа мутациясы деуге келмейді деді мамандар. Ол – тұмау, пневмонияға ұқсас респираторлық вирустық инфекция. Алғаш рет 2001 жылы Голландияда анықталған, көбіне күн суық қыс мезгілінде ауа арқылы тарайды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Маргарет Харрис
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Маргарет Харрис

Биыл 7 қаңтарда Женевада өткен баспасөз брифингінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Маргарет Харрис метапневмовирустың таралуы "қыс мезгілінде жиі болатын үрдіс" деді.

"Қытайдың ауруды бақылау және алдын алу орталығының дерегі бойынша, назарға іліккен инфекция патогендері бұрыннан белгілі. Олардың қатарында тұмау, респираторлық-синцитиалды вирус және метапневмовирус бар. Сондай-ақ пандемияға жеткізген Sars COV-2 вирусы да бар. Қытайдың ресми дерегіне сәйкес, маусымдық тұмау – ең жиі кездесетін инфекция", – деді Харрис.

Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова 8 қаңтарда өткен үкімет брифингінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдемесіне сүйеніп, жұртты алаңдамауға шақырды.

Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова
Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова

"Әрине, денсаулық сақтау министрлігі алдын алу іс-шараларын жасап жатыр. Бірақ жалпы бұл қалыпты жағдай, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына сілтеп айтсам, бұдан да жұмылып өтіп кетуіміз керек", – деп мәлімдеді Дүйсенова.

Австралиядағы Флиндерс университетінің лекторы, эпидемиолог Жаклин Стивенстің айтуынша, метапневмовирус симптомдары тұмаудікіне ұқсайды, оны жұқтырған жағдайда, COVID-19 не пневмония секілді респираторлық инфекциялардың ауыр түрлеріне қарағанда жеңіл өтеді. Сондықтан медицинада оны емдеудің өзгеше бір әдісі қарастырылмаған.

"Қоғамда жиі кездесетін респираторлық инфекцияларды көп адам жұқтыратындықтан, ол туралы аса көп айтылмайды. Бірнеше күн өзімізді нашар сезінеміз, бірақ бір-екі күннен кейін өз-өзімізге келіп, сауығып кетеміз" – деді дәрігер The Guardian басылымына берген сұхбатында.

ҚОҒАМ НАЗАРЫ НЕГЕ АУДЫ?

Метапневмовирус туралы алыпқашпа деректерді Үндістанда тіркелген ағылшын тіліндегі ресурстар көбірек таратты. Мысалы, YouTube-та тараған мына видеода журналист сөзін "Қытайдың денсаулық сақтау саласында жаңа дағдарыс болып жатыр" деп бастайды. Ал мына жаңалықтар легінде метапневмовирусты COVID-19 дертімен салыстырады.

Батыс елдерінде Қытайдың солтүстігіндегі жағдайды әсірелеп көрсетуге тырысқандар арасында британдық сарыжағал басылым Daily Mail алдымен көзге түсті. Әлдебір жолмен жеткен хабардың анық-қанығын тексеруге, оның рас екеніне көз жеткізуге мән бермейтін қауым британдық таблоид ресурстың контентін көп бөлісті. Ал журналистика стандарттарын сақтауға тырысатын медиа ресурстарда "Қытайдағы вирус қаупі күшті" дейтін ақпарат болған жоқ.

"Меніңше, [COVID-19 пандемиясынан кейін] біз эпидемиядан көбірек сақтана бастаған сияқтымыз. Кез келген адам қазір мұқият болуға үйренген. Содан "адам метапневмовирусы" термині адамдарға үрейлі естілетін сияқты", – деді эпидемиолог Жаклин Стивенс.

Қытайдың ауруды бақылау және алдын алу орталығы "емханаларда орын тапшы" деген дерекке сенбеуге, жеке бастың гигиенасын сақтап жүруге шақырды. Ал Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі "респираторлық инфекциялар жыл сайын қыста көбейетін үрдісі бар" деді.

Ханчжоу қаласындағы аурухананың балалар бөліміне науқас баласын әкелген отбасы. Қытайдың шығысындағы Чжэцзян провинциясы, 6 қаңтар, 2025 жыл.
Ханчжоу қаласындағы аурухананың балалар бөліміне науқас баласын әкелген отбасы. Қытайдың шығысындағы Чжэцзян провинциясы, 6 қаңтар, 2025 жыл.

Былтыр желтоқсан айының аяғында Қытайдың ауруды бақылау және алдын алу орталығы елдің солтүстігінде респираторлық инфекция жұқтырғандар көбейгенін, патогендерді анықтауға күш салып жатқанын мәлімдеген. Ресми дерекке сәйкес, 2023 жылға қарағанда, осы жолы 14 жасқа дейінгі балалар риновирус пен адам метапневмовирусын көбірек жұқтыра бастаған. Бірақ респираторлық вирустық инфекциялар арасында тұмау жиілегенін айтқан.

Адам метапневмовирусы қарттарға және балаларға, сондай-ақ иммунитеті төмен азаматтарға қауіптірек болуы мүмкін дейді мамандар. Бұл вирусқа қарсы арнайы шығарылған вакцина жоқ.

Ғалымдар бұл вируспен күресте тұмау және пневмонияға қарсы вакциналар тиімді болуы мүмкін дейді. Бірақ әзірге нақты оң әсері барын анықтаған зерттеу жоқ. Метапневмовирусты емдеудің нақты жолы қарастырылмаған. Дәрігерлер иммунитетті күшейтетін тамақ ішуге кеңес береді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG