Accessibility links

Қарағанды қаласында өрт орнынан екі баланың денесі табылды


Өрт сөндіруші
Өрт сөндіруші

Қарағандыда өрт орнынан екі баланың денесі табылды деп хабарлады жергілікті төтенше жағдай департаменті. Бұл жөнінде Informburo жазды.

Ақпаратқа қарағанда, 9 қаңтарға қараған түні Пришахтинск көшесінде екі пәтерден тұратын тұрғын үй өртенген. Өрт сөндірушілер жеткенге дейін мектеп жасындағы екі бала өртенген үйден шығып кете алған.

Өрт сөндірушілер үйден 2020 және 2022 жылғы екі баланың денесін тапқан. Бұған қоса, олар үйде тірі қалған 60 жастағы әйелді сыртқа алып шыққан. Ыспен уланған оның денесін күйік шалған. Ол ауруханаға жеткізілген. Құтқарушылар ыспен уланған, бірақ сыртқа шығып кете алған екі баланы да ауруханаға жеткізген. Құтқарушылардың пікірінше, тоқ сымдарынан от шығып, үй өртенген болуы мүмкін.

Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, сараптама тағайындалған.

Қазақстанда өрттен қаза болған балалар жайлы ақпарат жиі шығады. 17 қарашада Астанадағы жеке үйлердің бірінде өрт шығып, 13, 9, 3, 2 жастағы төрт бала көз жұмған. Былтыр қазанда Қостанай облысы Жітіқара қаласында жеке үйде өрт болып, бес бала өлі табылған. Ақпанда Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Талды ауылында жеке үйден өрт шығып, төрт бала көз жұмған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG