Сәрсенбі күні Ресей әскері Украинаның Запорожье қаласындағы өнеркәсіп нысандарына соққы жасап, нәтижесінде 13 адам қаза болды, ондаған адам жараланды. Бұл жөнінде облыс әкімшілігінің жетекшісі Иван Федоров хабарлады.
Мемлекеттік құтқару қызметінің соңғы мәліметі бойынша, 63 адам жараланған. Іздеу-құтқару жұмыстары аяқталған.
Федоров соққы тиген нысаннан сурет пен видео жариялады. Онда ғимараттың жанып жатқаны, қаза болғандар мен жараланғандар да көрінеді.
Бірнеше көлік өртеніп, трамвай мен трамвай жолы бүлінген.
Бұған қоса, соққы жасалған сәттен де видео жарияланды. Онан соққы қаланың көп халық тұратын бөлігіне жасалғаны байқалады.
"Қарапайым бейбіт тұрғындар зардап шегетінін біле тұра, қаланы әуеден бомбалаудан асқан жауыздық жоқ" деп мәлімдеді Украина президенті Владимир Зеленский.
Украина бас прокуратура мәліметінше, көп қабатты тұрғын үйлер, өнеркәсіп нысандары мен қаланың өзге де инфрақұрылым орындары қираған.
Запорожьеде қаралы күн жарияланды.
Бұған дейін Запорожьеде әуе дабылы іске қосылып, билік басқарылатын авиабомба немесе баллистикалық ракетамен шабуыл жасалуы мүмкін екенін ескерткен. Федоровтің сөзінше, соққы басқарылатын авиабомбамен жасалған. Мұны ресейлік әскери блогерлер де жазды. Олар Ресей әскері "Запорожьедегі ең ірі кәсіпорындардың бірі Мотор-Сичті" атқылауды көздеген болуы мүмкін деп санайды. Ресей әскері шабуылға түсініктеме берген жоқ.
Майдан сызығына жақын тұрған Запорожьеге Ресей әскері жиі соққы жасайды. Жаңа жыл түні де Ресей әскері оны атқылаған. Кейінгі кезде басқарылатын авиабомба жиі қолданыла бастаған. Нәтижесінде талай адам қаза болып, жараланды. Инфрақұрылым нысандары қирады.