Қанды Қаңтар оқиғасына байланысты сот процестерінің жалғасып жатқанына үш жылға жуық уақыт болды. Осы уақыт аралығында оқ атып, ұсталғандарды азаптады деп айыпталған ондаған күштік құрылым өкілі, "мемлекетке сатқындық жасады" немесе "билік өкілетін асыра пайдаланды" деп айыпталған бірнеше лауазымды тұлға және "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" және өзге де айыптар бойынша жүздеген тұрғын, белсенді сотталды. айыпталған жүздеген тұрғын, белсенді сотталды. Дегенмен үш жылға жуық уақыт өтсе де, азаптау шағымдарының басым бөлігі сол күйі қаралмаған. Адам өліміне қатысты істер де "жабулы қазан жабулы күйде" қалған. Биліктің Қаңтар туралы мәліметі барған сайын жұтаңданып барады. Азаттық ақпарат құралдарында шыққан Қаңтар соттарына шолу жасап, цифрлар мен деректерді анықтаған. Кейбірін карта, инфографикаға түсіріп көрген еді.
Кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасынан кейін билік "әрбір адам өлімі мұқият тергеліп, ашылады, адам азаптағандар жазаға тартылады" деп уәде еткен. Қантөгістен бері үш жыл уақыт өтті, құқық қорғаушылар 238 адам қазасының тек санаулысы ғана "ашылғанын" айтады. Ал ұсталғандарды азаптаған немесе оқ атқан, "билік өкілетін асырғаны" үшін жазаланған күштік құрылым өкілдерінің саны 50-ге де жетпейді.
2024 жылдың басындағы ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасынан соң 5300 қылмыстық іс тіркелген. 1419 адам сотқа тартылып, оның ішінде 1396 адам сотталған. Жеті адам ақталған, 16 адамның ісі тоқталған. 1200-ге жуық адам амнистияға ілінген. Бұған дейін билік Қаңтар бойынша сотталғандардың басым бөлігіне шектеу жазасы берілгенін айтқан еді.
Қаңтар бойынша ондаған іс ақпарат құралдарының назарында болды (preview-мен көруге болады).
ҚАНША АДАМНЫҢ ҚАЗАСЫНА ҚАТЫСТЫ СОТ ӨТТІ?
Әзірге, кемінде 15 адамның өліміне қатысты сот өткені белгілі:
- Талдықорғандағы малшы Ерназар Қырықбаевтың өлімі;
- 4 жасар Айкөркемнің оққа ұшуы;
- Изоляторда азапталған Жасұлан Анафияев, Алмас Мұқашев, Ербол Өтепбаев, Жандос Жотабаев, Елдос Қалиевтің қазасы;
- Елнар Қансейіттің өлімі;
- сарбаз Мадияр Қайсаровтың қазасы;
- ҰҚК полковнигі Дастан Әділбайдың өлімі;
- Талдықорғанда қаза болған бір отбасының үш мүшесінің оққа ұшуы
- Археолог Ерлан Жағыпаров және Әуес Қапсалановтың өліміне қатысты сот өтті.
Қаңтарда опат болған 238 адамның қаншасының өлімінің жай-жапсары белгілі болды? Олардың өліміне қатысты қанша сот өтті? Кінәлілер жазаланды ма? Неге адам өліміне қатысты істердің басым бөлігі жабылды?
Азаттық 2024 жылдың соңында осы сұрақтарды Бас прокуратура, ішкі істер министрлігіне жолдаған. Алайда ресми органдардан мардымды жауап болмады.
Билік Қаңтарда опат болғандарды бірнеше топқа бөліп қарастырады:
- 6 адам – азаптаудан көз жұмған;
- 143 адам - "төтенше жағдай режимін бұзғандар" (22-сі кездейсоқ оқ тиіп, қаза болған немесе жол апатынан мерт болған);
- 66 адам – "жаппай тәртіпсіздікке қатысу" ісі бойынша күдікті танылған;
- 19 адам – күштік құрылым өкілі;
- 4 адам – "өзге қылмыс жасау кезінде қаза болды".
Қаңтарда оққа ұшып, қаза болса да сот кінәлі деп танып, қайтыс болуына байланысты жазадан босатылғандар:
- Думан Қанатбек (Алматы);
- Серік Керімов (Алматы);
- Қанат Әубәкіров (Алматы);
- Нұрболат Қасымжанов (Алматы);
- Аслан Уәлиев (Алматы);
- Шыңғыс Тастанбеков (Алматы);
- Ержан Байжанов (Тараз);
- Райс Рысбеков (Тараз);
- Тоқтар Ошақбай (Тараз);
- Исатай Донбаев (Тараз);
- Фархат Омаров (Қызылорда);
- Андрей Опушиев (Тараз).
Қаңтарда қаза болғандардың туыстары бұған дейін сотта соттардың біржақты өткенін айтып, үкіммен келіспей, жақындарын ақтауды талап еткен.
ҚАНША КҮШТІК ҚҰРЫЛЫМ ӨКІЛІ СОТТАЛДЫ?
Азаттық Қаңтар оқиғасы бойынша сотталған күштік құрылым өкілдерінің тізімін жасап шықты.
"Билік өкілетін асыра пайдалану" бабы бойынша сотталғандар:
- Арман Жұман – 7 жылға бас бостандығынан айырылды;
- Марк Злуняев – 6 жыл түрмеге кесілді;
- Серікбол Мұратхан - 6,5 жыл түрме;
- Данияр Егембаев – 7 жыл түрме;
- Айтжан Әубәкіров (соты әлі жүріп жатыр).
"Адам азаптау" бабы бойынша сотталғандар
- Аян Елубеков - 10 жылға бас бостандығынан айырылды;
- Махамбет Шынжырбаев - 10 жылға бас бостандығынан айырылды;
- Закир Ибрагимов – 9 жылға бас бостандығынан айырылды;
- Нұрлан Торыбаев – 8 жылға бас бостандығынан айырылды;
- Ардақ Әзімбеков – 8 жылға бас бостандығынан айырылды;
- Бейбіт Жақыпбаев – 8 жылға бас бостандығынан айырылды;
- Арнат Мирадилов – 5 жылға бас бостандығынан айырылды;
Талдықорғанда "үтікпен адам азаптау" ісі бойынша сотталғандар:
- Айдын Кенжебаев – 4 жылға бас бостандығынан айырылды;
- Нұртаза Жанбақытұлы – 4 жылға бас бостандығынан айырылды;
- Сапармұрат Тоқташ – 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды;
- Ермек Жұмашев – 3 жылға бас бостандығынан айырылды;
- Алмас Боқанов – 3 жылға бас бостандығынан айырылды;
Семейде "Азаптау" және "Билік өкілетін асыра пайдалану" бабы бойынша сотталған полицейлер:
Айдын Азанбаев – 6 жылға бас бостандығынан айырылды;
Әлішер Қанақынов - 4 жыл шартты жаза алды;
Ерсұлтан Ағзамов – 4 жыл шартты жаза алды
Семейде "Салғырттық" бабы бойынша сотталған полиция қызметкерлері:
- Арайлым Ақылбекова – 3 жылға бас бостандығы шектелді;
- Қайрат Әнуарбеков – 3 жылға бас бостандығы шектелді;
Талдықорғанда азаптау бойынша сотталған ҰҚК қызметкерлері:
- Әнет Байтұрсынов – 10 жылға бас бостандығынан айырылды;
- Андрей Сорокин - 4 жылға бас бостандығы шектелді;
БҰҰ өкілдері биыл мамырда Қазақстан билігіне жолдаған сауалында Қаңтар кезінде ресми мәлімет бойынша, азаптауға қатысты 329 шағым түскенін, 236-сы тоқтатылғанын жазып, азаптау істерінің дұрыс зерттелмей жатқанына алаңдаушылық білдірген еді. Қазақстан бас прокуроры Берік Асылов 2023 жылы Қаңтар қатысты парламент алдындағы есебінде де 329 шағым түскенін айтып, 34 күштік құрылым өкіліне қатысты іспен арнайы прокурорлар айналысатынын айтқан еді. Былтыр 5 қаңтарда сол кездегі сыбалайлас жемқорлыққа қарсы күрес іс-қимыл агенттігінің жетекшісі Олжас Бектенов те өзі жетекшілік ететін ведомство Қаңтар оқиғасына қатысты “заңсыз тергеу әдісіне қатысты” 432 шағымды қарап, 347-і “қылмыс құрамы болмағандықтан” жабылып қалғанын айтқан.
Бұған дейін адам құқығын қорғаушылар "құқық қорғау орган өкілдерінің негізгі бөлігі, өкінішке қарай, наразыларға күш қолданып, мыңдаған бейбіт демонстрантты күштеп ұстағаны үшін жазаланған жоқ" деп жазған. Олар жағдай қазір де өзгермегенін айтады.
Қаңтар бойынша ең үлкен жаза – 16-18 жаза. Он жылдан астам түрме жазасын бірнеше адам алған.
ҚАҢТАР БОЙЫНША СОТТАЛҒАН БЕЛСЕНДІЛЕР МЕН ТҰРҒЫНДАР
Қарапайым азаматтар мен белсенділер арасында ең ұзақ жаза алған азаматтардың профайлын көріңіз:
ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫ БОЙЫНША СОТТАЛҒАН ЖОҒАРЫ ЛАУАЗЫМДЫ ТҰЛҒАЛАР
Бас прокуратураның Азаттыққа жіберген жазбаша жауабына қарағанда, Қаңтар оқиғасы бойынша елде 10 жоғары лауазымды тұлға сотталған. Олардың ісінің барлығы "құпияланған".
Ресми жауапта тек олардың аты-жөні мен баптары ғана жазылған.
- Бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Бектанов – 12 жылға бас бостандығынан айырылған (451-бап);
- ҰҚК-ның бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов – 18 жыл түрме (жауапта бабы нақты көрсетілмеген);
- Мәсімовтің орынбасарлары болған Әнуар Садықұлов – 16 жылға, Дәулет Ерғожин – 15 жылға, Марат Өсіпов - 3 жылға сотталды;
- Бұрынғы ішкі істер министрі – Ерлан Тұрғымбаев - 5 жыл шартты жаза (362-бап);
- ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Самат Әбіш – 8 жыл шартты жаза (362-бап).
- ҰҚК Алматы облысы департаментінің бұрынғы басшысы Сәбит Құрманалиев – 6 жыл түрме жазасы (362-бап);
- ҰҚК Алматы қаласы департаментінің бұрынғы басшысы Нұрлан Мажилов – 6 жыл түрме жазасы (362-бап);
- Алматы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің бұрынғы бастығы Талғат Талипов – 6 жыл түрме жазасы (362-бап);
- Алматы облыстық полицияның бұрынғы бастығы Серік Күдебаев – 10 жыл (362, 146-баптар).
Қаңтар қырғыны туралы тәуелсіз баяндама әзірлеген құқық қорғаушылар ұзақ мерзімге сотталған азаматтардың ісінде дискриминация көп болғанын жазды. Құқық қорғаушылар Қаңтар оқиғасы кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "ескертусіз оқ ату" туралы берген бұйрығы азаматтардың өмір сүру құқығын бұзды дейді. Бұған қоса Қаңтарға байланысты айып тағылғандардың тергеу және сот ісінде "кінәсіздік презумпциясы принципі бұзылды, прокурорлармен салыстырғанда қорғаушылардың көп өтініші кері қайтарылды, істер бір жақты тергеліп, айыптау сарынында үкім шықты, судьяға сенімсіздік білдіргендердің өтініші ешқашан қабылданған жоқ және судьялар сотталушылардың азапталғанын елеусіз қалдырды" деп сынады. Билік орындары бұл тұжырымға келіспейді.
Қазақстандық құқық қорғаушылар Қаңтар оқиғасы бойынша ұзақ мерзімге сотталған адамдарды "саяси тұтқындар" қатарына қосқан. Үкімет "елде саяси тұтқындар жоғын" айтады. Ресми Астана Қаңтар оқиғасын тәуелсіз зерттеуге бірнеше мәрте шақырған халықаралық құқық қорғау ұйымдарының ұсынысын қабылдамады.
ПІКІРЛЕР