Украина әскері 5 қаңтарда Ресейдің Курск облысында жаңа шабуылға шықты. Бұл туралы Украина шенеуніктері мен Ресейдің z-блогерлері жазып жатыр. Қазір Курск облысындағы ахуал қандай? Украина неге Курск облысында қайта шабуылға шықты?
КУРСК ОБЛЫСЫНДА ҚАЗІРГІ АХУАЛ
Украина кеңсесінің басшысы Андрей Ермак 6 қаңтарда "Курск облысынан жақсы жаңалық, Ресей сазайын тартып жатыр" деп жазды. Ал Украина ұлттық қауіпсіздік қызметінің жалған ақпаратпен күрес орталығының жетекшісі Андрей Коваленко Курск облысында бірнеше бағытта шабуыл жүріп жатқанын айтты.
Z-каналдардың жазуынша, қазір шайқас Пушкарное, Леонидово және Тёткино ауылында жүріп жатыр. Бұл ауылдар Украинаның бақылауындағы Суджа қаласына жақын орналасқан. Кремльшіл блогерлер Курск облысында кетіп бара жатқан украиналық колонна деген видеолар мен фотолар да жариялады.
Ал Курск облыс басшысының міндетін атқарушы Александр Хинштейн шабуыл жайлы ештеңе жазбауды, тек қорғаныс министрлігінің ақпаратына сенуге шақырды. Бірақ Ресей қорғаныс министрлігі Курск облысындағы жаңа шабуыл жайлы 7 қаңтарға дейін ешқандай мәлімдеме жасамады. Хинштейн Украинаның шабуылдаушы тобының бетін қайтардық дейді. Курск облысында соғысып жүрген "Ахмат" тобының командирі Апти Алаудинов та Украинаның шабуылына тойтарыс бердік деп отыр.
"Қазірге дейін Суджа бағытында үш шабуыл болды. Үш шабуылға қолданылған техникалардың 13-і бір күнде жойылды. Олардың арасында төрт танк бар, басқалары айтуға тұрмайтын техникалар" дейді Алаудинов.
Украина президенті Владимир Зеленский 6 қаңтарда Курскідегі шайқасқа бес ай толғанын айтып, бұл майдандағы "Ресейдің шығыны көп екенін" мәлімдеді.
– Курск облысындағы буфер аймақты ұстап, Ресейдің әскери потенциалын жойып жатырмыз. Курск операциясы басталғалы бұл бағытта жауымыз 38 мың солдатынан айырылды, оның ішінде 15 мың солдат өлтірілді, – деді ол.
Соғыс уақытында тараптардың мәлімдемелерін тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.
Украинаның Курск облысында жаңа шабуыл басталған соң Ресейдің Харьков облысындағы қарқыны азайған. Бұл туралы Харьков аймағында соғысып жүрген украиналық әскерилер Reuters агенттігіне айтқан.
– Қазір жағдай өзгерді, атыс азайды. Бұған Курск операциясы себеп деп ойлаймын. Украина қарулы күштері Курск облысында шабуылға шыққан соң жаудың артиллерия және ракетамен атқылауы желтоқсанмен салыстырғанда қысқарды, – дейді "Гефест" (лақап аты) деген украиналық әскери.
"РЕСЕЙ ҮШІН КҮТПЕГЕН ШАБУЫЛ"
Украинадағы соғысты тәуелсіз бақылап отырған ресейлік әскери сарапшы Ян Матвеев "бұл Ресей үшін айтарлықтай күтпеген шабуыл болды" деп топшылайды.
– Себебі Курск облысында біраз тыныш еді, ол жақтағы майдан да үлкен емес. Бұған қоса Украина әскерінде адам мен техника тапшы болып жатты. Сондықтан Украинадан белсенді шабуылды ешкім күтпегені анық. Осы тұста біз алдын ала дайындалған, көп техникамен тұтқиылдан ірі шабуылды көріп отырмыз. Демек Украинаның мақсаты да маңызды болғаны, – дейді әскери сарапшы "Настоящее время" телеарнасына.
Ал израильдік әскери сарапшы Давид Гендельман Азаттықтың Украин қызметіне "Украинаның бұл шабуылына бірнеше себеп болуы мүмкін" дейді.
– Қазір Украинаның әскерінің алдында Курск облысындағы платцдармды ұстап тұру тапсырмасы бар. Ал басып алған жерлерді тек қорғаныспен ұстап тұру қиын. Күзде Украина әскерінің Курск облысында бақылауға алған жерлерінің біразы Ресейге қайтты. Сондықтан бұл бағытта қайта шабуылға шығуды түсінуге болады. Бұл Ресей әскерінің назарын бұру тактикасы да болуы мүмкін. Ал негізгі шабуыл басқа бағытта болып қалуы да мүмкін. Украина әскерінің бас командирі Сырский жыл соңында қарымта шабуыл болады деген. Бәлкім қазір көріп отырғанымыз сол қарымта шабуыл болуы мүмкін.
Украина Ресейдің Курск облысына 6 тамызда шабуыл бастап, қыркүйектің басына дейін шамамен мың шаршы шақырым жерді басып алған. Кейін Ресей қарымта шабуылға шығып, Украина бақылауындағы жердің жартысын қайтарған еді. Ресей негізгі әскерін Украинаның Донбасс аймағына салып, Курск облысына Солтүстік Кореядан әскерилер алып келгені айтылған.
Зеленский қаңтардың басында Курск облысында Солтүстік Кореяның 3800 солдаты жараланды я қаза тапты деген. АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Сеулге келгенде Курск облысында Солтүстік Кореяның мыңнан аса әскериі қаза тапты не жараланды деп мәлімдеген.
Блинкен "Украина қарулы күштерінің Курск облысындағы позициясы маңызды, себебі бұл 2025 жылы болуы мүмкін келіссөзде сөзсіз есепке алынады" дейді.
ПІКІРЛЕР