Accessibility links

 
HRW Еуропа одағын Орталық Азиямен байланыста адам құқығын ескеруге шақырды

HRW Еуропа одағын Орталық Азиямен байланыста адам құқығын ескеруге шақырды


Қанды Қаңтар оқиғасында қаза тапқандарды еске алуға жиналған адамдар. Алматы, 5 қаңтар, 2024 жыл.
Қанды Қаңтар оқиғасында қаза тапқандарды еске алуға жиналған адамдар. Алматы, 5 қаңтар, 2024 жыл.

Human Rights Watch (HRW) халықаралық ұйымы Еуропа одағын Орталық Азиямен байланысты адам құқығын ортаға қоюға шақырды. Ұйым бұл мәлімдемесін 3-4 сәуірде Самарқанда өтетін ЕО-Орталық Азия саммитінің қарсаңында жасады.

Бас штаб-пәтері АҚШ-та орналасқан Human Rights Watch ұйымы "Орталық Азия елдері үкіметтерінің адам хақысын, оның ішінде сөз еркіндігі мен бейбіт жиналу құқығын сақтамағаны аймақтағы тұрақсыздыққа себеп болды" дейді. HRW бұған дәлел ретінде Қазақстанда 2022 жылы болған қанды Қаңтар оқиғасын, 2021 жылы Тәжікстанда болған Таулы-Бадахшан автономды облысындағы наразылықты, 2022 жылы шілдеде Өзбекстан үкіметі басып жаншыған Қарақалпақстандағы көтерілісті келтірген.

"АДАМ ҚҰҚЫҒЫ КЕЛІССӨЗДЕ АЙТЫЛУЫ ТИІС"

Ұйым Орталық Азиядағы сөз еркіндігінің ахуалына да алаңдайды.

"Қазақстанның 2024 жылы маусымда қабылданған БАҚ туралы заңы сайттарға елде тіркеліп, ел ішінде жұмыс істеуді міндеттейді. Бұл заң үкіметке елде жұмыс істейтін шетелдік БАҚ журналистеріне аккредитация бермеуге жол ашты. Елдегі соттар тәуелсіз журналистерге күдікті істер қозғап, түрмеге қамады" деп жазылған мәлімдемеде.

Ұйым "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) ұйымына қатысы бар" деген айыппен 7 жылға сотталған Думан Мұхаммедкәрім мен "жалған ақпарат" таратты деп төрт жарым жылға түрмеге қамалған Данияр Әділбековтің ісін "күдікті" деп атаған.

Журналист Данияр Әділбеков сотта отыр. 16 қазан, 2024 жыл.
Журналист Данияр Әділбеков сотта отыр. 16 қазан, 2024 жыл.

HRW Өзбекстан билікті сынап жүрген блогер Уалижон Калоновтың 2021 жылы желтоқсанда күштеп психиатрлық ауруханаға жатқызылғанын, қарақалпақ блогері Дәулетмұрат Тәжімұратовтың көтеріліс үшін 16 жылға сотталғанын да мәлімдемесінде көрсеткен.

Қырғызстанда 2024 жылы қаңтарда Temirov Live сайтының 11 журналисінің "жаппай наразылық ұйымдастырмақ болды" деген айыппен сотталғаны, соттың Kloop Media сайтын "билікті басып алуға шақырды" деп жабылғаны мәлімдемеде сөз еркіндігін шектеу ретінде айтылған.

HRW Тәжікстанда Таулы-Бадахшан автономиялық облысындағы көтеріліс жайлы жазған жеті журналистің сотталғанына, Түркіменстанда үкімет ақпарат кеңістігін толық бақылауда ұстап, интернетті шектеп отырғанына да алаңдайды.

"Еуропа одағының Орталық Азиямен жоғары деңгейде қарым-қатынас орнатып жатқаны жақсы жаңалық. Бірақ бұл қадам нәтижелі болу үшін Орталық Азиядағы адам құқығының мәселелері келіссөзде айтылуы керек. Билікті сынағандар мен белсенділерді түрмеге қамау, азаматтық қоғам мен тәуелсіз медианы шектеу ЕО ұмтылған нәтижеге себеп болмауы мүмкін" деді ұйымның Орталық Азия және Еуропадағы адам құқығын қорғау бойынша директоры Искра Кирова.

"ОА ЕЛДЕРІН РЕПРЕССИЯЛЫҚ ЗАҢДАРЫН ЖОЮҒА ШАҚЫРУ КЕРЕК"

HRW Орталық Азия елдері үкіметтік емес ұйымдар мен тәуелсіз белсенділердің құқығын шектейтін заң қабылдағанын айтады.

"Қазақстан экстремизм туралы екіұшты заңды белсенділерді ұзақ уақыт түрмеге қамауға пайдаланады" дейді құқық қорғау ұйымы. Мәлімдемеде тіркелмеген "Алға, Қазақстан" ұйымының лидері Марат Жыланбаевтың осы баппен 7 жылға сотталғаны, Қазақстанның "шетел агенті" стиліндегі заң қабылдау мүмкіндігін қарастырып жатқаны айтылады.

Ұйым Қырғызстан шетел қаржыландыратын ұйымдарды "шетел өкілі" деп тіркеуді міндеттегенін; Түркіменстанда азаматтық қоғамда тәуелсіздік жоғын; Өзбекстан құқық қорғау белсенділерін "негізсіз" қылмыстық істер қозғап қудалап, тәуелсіз құқық қорғау ұйымдарын тіркемей отырғанын; Тәжікстан құқық қорғаушыларды, саясаткерлерді, белсенділерді ұзақ мерзімге соттап жатқанын айтады.

"Еуропа одағы Орталық Азия елдерінің биліктерін заңды әрекеттері үшін қамалған құқық қорғаушылар мен журналистерді босатуға, репрессиялық заңдарын жоюға шақыруы керек" дейді Human Rights Watch.

Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен. Брюссель, 4 наурыз, 2025 жыл.
Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен. Брюссель, 4 наурыз, 2025 жыл.

3-4 сәуірде Самарқанда өтетін ЕО-Орталық Азия саммитіне Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен мен Еуропа кеңесінің басшысы Антониу Кошта қатыспақ. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов те қатысады.

Бұл – "Еуропа+Орталық Азия" форматында өтетін алғашқы саммит. Бұған дейін мұндай форматтағы саммит АҚШ, Қытай, Ресеймен болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG