Accessibility links

Қырғызстан билігі жемқорлығын әшкерелеген журналистерді қатаң жазалады


Қырғы журналистері Азамат Ишенбек (сол жақта) пен Махаббат Тәжібеккызының суреттерінен коллаж.
Қырғы журналистері Азамат Ишенбек (сол жақта) пен Махаббат Тәжібеккызының суреттерінен коллаж.

Өткен аптада қос қырғыз журналисі ұзақ мерзімге түрмеге жабылды. Олар өзгелердің батылы жетпеген тақырыпты қозғап, Садыр Жапаров режимінің непотизмін әшкерелеген еді. Бірақ президент пен оның серіктері де журналистерге тоқтау салу үшін ешнәрседен тайынбайтынын көрсетті.

Өткен аптада Қырғызстанда журналист Болот Теміровтің әйелі мен әріптесі көп жылға бас еркіндігінен айырылды. Теміров – елден қуылған зерттеуші журналист.

– Осы айдың басында үкімет мені өлтіру үшін қастандық ұйымдастырып жатыр деген ақпарат алдым. Ол кезде бұған аса мән бермеп едім. Биліктің не нәрсеге де баратыны енді белгілі болды, – деді журналист.

Қырғыз журналисі Болот Теміров. 22 қыркүйек, 2022 жыл.
Қырғыз журналисі Болот Теміров. 22 қыркүйек, 2022 жыл.

Теміров 2022 жылы Қырғызстан азаматтығынан айырылып, Ресейге қуылған. 10 қазанда Бішкек соты журналистің әйелі Махаббат Тәжібекқызы мен тілші Азамат Ишенбековты "ұйымдасқан қылмыстық топ құрды", "халықты жаппай тәртіпсіздікке шақырды" деген айыптармен 6 және 5 жыл мерзімге бостандығынан айырды. Екеуі де Теміровпен бірге жемқорлыққа қарсы Temirov Live зерттеу тобында істейтін.

Халықаралық баспасөз құқығын қорғаушы ұйымдар бұл үкімді "биліктің журналистер зерттеуіне жауабы" және "заңсыз шешім" деп бағалады. Бірақ Теміров "билік кез келген нәрсеге баруға дайын" дегенде бұл үкімді ғана меңзеп отырған жоқ.

Өйткені сот қатаң үкімнен бөлек, Болот пен Махаббаттың 12 жасар баласын жетімдер үйіне өткізу жөнінде қаулы шығарған.

Тәжібекқызының адвокаты бұл қаулының күші жоқ, өйткені ерлі-зайыптының Қырғызстанда басқа туыстары бар, баланы солардың қамқорлығына беруге болады дейді.

Солдан оңға қарай: журналистер Азамат Ишенбек, Махаббат Тәжібеккызы және Айке Бейшекеева сот залында тұр. Бішкек, 10 қазан, 2024 жыл.
Солдан оңға қарай: журналистер Азамат Ишенбек, Махаббат Тәжібеккызы және Айке Бейшекеева сот залында тұр. Бішкек, 10 қазан, 2024 жыл.

Осының бәрі – биліктің зерттеуші журналист Теміров пен оның бұрынғы және қазіргі әріптестеріне қарсы қуғын-сүргін шарасының бір бөлігі ғана.

Бұл сондай-ақ президент Садыр Жапаровтың тұсында тәуелсіз ақпарат құралдарын қудалау күшейгенін көрсетеді: журналистер парақорлық пен тамыр-таныстыққа шүйліккен сайын, биліктің реакциясы да қатая түседі.

БИЛІКТЕГІЛЕРДІҢ БАЛАЛАРЫ

Журналистерге үкім шығардан бір апта бұрын президент Жапаров өзін қорғауға көшті.

2 қазанда мемлекеттік Кабар басылымына берген пікірінде Жапаров негізгі серіктесі, Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет басшысы Қамшыбек Ташиевтің ұлының Қырғызстандағы бірінші ақылы жолдың құрылысына қатысуын ақтап алуға тырысты.

Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет басшысы Қамшыбек Ташиев (оң жақта) пен ұлы Тай-Мурас Ташиевтің суреттерінен коллаж.
Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет басшысы Қамшыбек Ташиев (оң жақта) пен ұлы Тай-Мурас Ташиевтің суреттерінен коллаж.

Жапаров "халық 30 жастағы Тай-Мурас Ташиев пен оның компаниясына жол салып бергені үшін алғыс айтуы керек" деді. Президенттің сөзінше, бұл жолды салуға басқа ешкім келіспеген, өйткені жоба бірден табыс әкеле қоймайды.

– Тай-Мурастың мемлекетке ойлаған жамандығы болса, өз компаниясын пайдаланып қайтеді? Бір заңсыздық жасаса, бірден әшкере болатынын жақсы біледі, – деді Жапаров.

Қырғызстан президенті Кабар сайтына сұхбат бергенде үнемі осы логиканы қолданады. Өйткені мемлекеттің қолына қарап отырған журналистерден артық сұрақ болмайтынын біледі.

Temirov Live жобасы Ташиевтің ұлы ақылы жол құрылысында екі компанияны пайдаланып, түпкі бенефициар болып отырғанын әшкерелемегенде, Жапаров бұл тақырыпты мүлде қозғамас еді.

– Мемлекеттік маңызы бар жобаларды өз балаларына беру – қазіргі заманның шындығы, – деді Теміров 1 қазандағы репортажында. Бұл видеоны YouTube платформасында 300 мың адам көрген.

Temirov LIVE және "Айт, Айт десе"жобаларының бұрынғы және қазіргі журналистерінің суреттерінен коллаж.
Temirov LIVE және "Айт, Айт десе"жобаларының бұрынғы және қазіргі журналистерінің суреттерінен коллаж.

Жапаров Тай-Мурас Ташиевтің жобаға қатысы туралы видеосында репортаж жөнінде жақ ашқан жоқ. Бірақ Kabar басылымына берген сұхбатында өз ұлы Рустам Жапаровтың Орталық Азиядағы ең ірі гольф алаңын салуға инвестор іздеп жатқанын көпке жеткізді.

Президент өз ұлы мен Ташиевтің баласы қоғамдық маңызы бар жобалар жасап жүргенін айтып, мақтанды.

– Алдыңғы президенттердің балалары елге көмектесіп пе еді? Оның орнына "Ақша беріңдер!" деп алақан жайып отыратын. Өтірік пе? Бастысы, [көшбасшылардың балалары] мемлекетке зиян келтірмесе болғаны, – деді президент Жапаров.

ОТБАСЫЛЫҚ-КЛАНДЫҚ БАСҚАРУ

Рустам Жапаров – 27 жаста. Бір қызығы, Теміровтің әріптесі, жемқорлық хикаяларын дәстүрлі жыр мен қазіргі заманғы хип-хоп түрінде жеткізетін журналист Ишенбеков – Жапаровпен түйдей құрдас.

Ишенбеков қаңтардан бері түрмеде отыр. Қамауда отырған тағы бір журналист Тәжібекқызы сәуірде түрмедегі қарауылдан жапа шеккенін айтып шағынған. Қырғызстанның адам құқықтары жөніндегі омбудсмені қарауылдың журналиске күш көрсеткенін растады.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың ұлы Рустам Жапаров пен оның достары жөнінде Temirov Live жобасы әзірлеген зерттеуден скриншот.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың ұлы Рустам Жапаров пен оның достары жөнінде Temirov Live жобасы әзірлеген зерттеуден скриншот.

Рустам Жапаров пен оның достары Temirov Live жобасының бірнеше зерттеуіне іліккен. 2023 жылы қыркүйекте Kloop Media тәуелсіз басылымы мен Ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлықты зерттеу жобасы (OCCRP) президенттің ұлы мен оның айналасындағы адамдардың бизнесі қалай дамып жатқанын зерттеген.

Садыр Жапаров "бұл мемлекет ісіне араласуға жатпайды" деді.

Теміров қазақ кәсіпкерімен сұхбат жариялады. Онда бизнесмен Phillip Morris шығаратын IQOS темекі өнімін импорттап, реэкспорт жасау үшін Садыр Жапаровтың ағасы мен інісіне ай сайын ондаған мың доллар пара беруге мәжбүр болғанын айтты. Бірақ Қырғызстан президенті бұл сұхбат жайлы еш пікір білдірген жоқ.

Аталған сұхбат үкіметтің кеден қызметін жемқорлықтан тазарттық деген мәлімдемесіне қайшы келеді.

Бұл мәлімдеменің рас-өтірігін тексеру мүмкін болмаса да, Азаттық Қазақстанда Теміровпен сұхбаттасқан кәсіпкерді танитын бірнеше адаммен сөйлесіп көрді. Олар кәсіпкердің бизнесі туралы деректерді растады.

Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің басшысы Қамшыбек Ташиев елді президентпен қатар басқаратын ықпалды тұлға саналады.

2022 жылы қаңтарда Temirov Live Ташиевтің отбасы оңтүстіктегі мемлекеттік мұнай өңдеу зауытын толықтай өз қолына алғаны жайлы зерттеу жариялағаннан кейін Теміров пен оның командасын қудалау басталды.

Әуелі Temirov Live кеңсесіне қарулы шабуыл жасалды. Кейін Теміровке есірткі сақтады деген айып тағылды.

Бұл қоғамдық резонанс туғызып, ақырында журналист ақталып шықты. Сот бұрын-соңды болмаған қадамға барып, журналисті ұстаған қауіпсіздік қызметіне ескерту жасады.

Дәл сол жылы Бішкектегі басқа бір сот Теміровті "қырғыз төлқұжатын қолдан жасап алған" деп айыптап, оны Ресейге депортациялады. Журналисте Ресейдің де азаматтығы бар еді. Қазір Болот Теміров Еуропада тұрып жатыр.

Теміров бірінші ұсталғаннан бері Қырғызстан "Шекарасыз тілшілер" ұйымының баспасөз еркіндігі бойынша әлемдік рейтингінде 50 орын төмен түсті.

Осы уақыт ішінде билік бірнеше ақпарат құралына шабуыл жасады. Оның ішінде Азаттықтың Қырғыз қызметі де бар. Азаттық сайты бірнеше ай бұғатталып тұрды. Kloop Media сайты да Қырғызстан аумағында ашылмайды, сот тәуелсіз басылымды жауып тынды.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров. Астана, Қазақстан, 17 қыркүйек, 2024 жыл.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров. Астана, Қазақстан, 17 қыркүйек, 2024 жыл.

Сәуірде Жапаров Ресейдегі "шетелдік агенттер" туралы заңның қырғызстандық үлгісіне қол қойды. Бұл заң шетелден қаржы алатын ақпарат құралдарының жұмысын қиындатады.

Жапаровтың тұсында Қырғызстанның отбасылық-кландық басқаруға оралғанын Теміровтен артық әшкерелеген журналист жоқ. Сондықтан журналистің "өміріме қауіп төніп тұр" деген күдігі бекер емес болуы мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG