ҚЫТАЙ ҚАРЖЫСЫ
Қырғызстандағы "Ана – балаға тірек" қайырымдылық қорын ел президенті Садыр Жапаровтың әйелі Айгүл Жапарова басқарады. Тәуелсіз журналист Болат Теміров жетекшілік ететін Temirov Live басылымы былтыр осы қорға 123 долларға жуық қаржы аударылған деп хабарлады. Олар бұл дерек қордың есеп құжатында көрсетілгенін айтады.
"Бірінші кезекте Қытай елшілігі, және ол аударған ақшаға көз жүгіртсек, 9 млн сом емес, 9 млрд сом (102 млн доллардан астам – ред.) екенін көреміз. Құжаттағы сандар мыңдаған соммен есептелетіні айтылған. Және 563 млн сомды (шамамен 6,3 млн доллар – ред.) Чакмак Мемет деген кісі бөлген, ал "Ас-Сафа" қоғамдық бірлестігі 1,3 млрд сом (шамамен 14,6 млн доллар) берген. Айгүл Жапарованың жалпы кіріс-шығысы 11 миллиард сомға тең", – дейді зерттеу авторлары.
Қорға аударылған қаржы Баткен облысындағы әлеуметтік жобаларды, атап айтқанда шекара бойындағы қақтығыстан зардап шеккен әйелдерге арналған тігін цехы мен кондитер фабрикасын ашуға жұмсалған делінген зерттеуде. Баткендегі кәсіпорындарды ашу рәсіміне Қырғызстан президентінің әйелі Айгүл Жапарова мен Қытайдың Қырғызстандағы елшісі Ду Дэвэнь қатысқан.
Зерттеуда аты-жөні аталған Чакмак Мемет – Бішкектегі жеке клиниканың иесі деп жазады "Настоящее время" сайты.
Temirov LIVE агенттігінің журналистік зерттеуіне Қырғызстан үкіметі жетекшісінің орынбасары Еділ Байсалов пікір білдіріп, зерттеуде "механикалық қате" кеткенін айтқан.
ШАТАСҚАН САНДАР...
Көп ұзамай "Ана – балаға тірек" қоры журналистік зерттеудегі "ақпарат шындыққа жанаспайды" деген мәлімдеме таратты. Қордың сөзінше, Қытай елшілігі 9 млрд сом емес, 9 млн сомнан сәл астам қаржы аударған.
"Қытайдың Қырғызстандағы елшілігі қормен бірлесіп, Баткен облысындағы әлеуметтік жобаларға кондитер және тігін цехын ашуға, мектептерге қазіргі заманғы әмбебап интерактивті тақталар сатып алуға 9 112 267 сом жәрдем көрсеткен. Ал Чакмак Мемет есімді азамат 563 610 сом, "Ас-Сафа" қоры 1 315 250 сом материалдық көмек берді, атап айтқанда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға мүгедектер арбасы сатып алынды. Сондықтан кейбір ақпарат құралдарының миллиардтаған ақша туралы хабары шындыққа сай емесін мәлімдейміз" деп жазған "Ана – бала тірегі" қайырымдалық қоры.
Қырғызстан салык қызметінің баспасөз хатшысы Еркін Сазықов та Айгүл Жапарова басқаратын қордың мәліметінде қате кеткен болуы әбден мүмкін дейді. Себебі былтыр жыл ішінде тапқан табысы туралы есеп берген 2600-ден астам қоғамдық ұйымның 200-ден көбі құжатын қате толтырған.
"Ұйымдар жиынтық мәліметті қате толтырған. Өйткені құжат формасындағы "мың соммен" деп нақты көрсетіліп тұрғанына қарамастан, қанша бар, сол күйі жазған. Бәлкім, олар оны әлдебір себеппен көрмей қалған шығар, сөйтіп басқадай жазып жіберген. Мысалы, "мың соммен" деп көрсетілгендіктен санды жазғанда үш нөлді алып тастау керек болатын, олар өйтпеген, бүкіл соманы сол күйі жазған. Содан барып кейбірінің кірісі миллиард сомнан асып кеткен. Бұл салық қызметінің долбар, болжамы ғана. Нақты ақпаратты қордың өзінен алған жөн болады", – деді Сазықов.
Бұған қоса ол есеп беруші ұйымдардың сайтқа жүктеген ақпаратын тексеруге немесе өзгертуге Салық қызметінің хақы жоғын айтты.
Temirov LIVE зерттеу агенттігінің негізін қалаушы Болот Темиров бұл мәселеде құжатты қате толтырғанға дейін болған "мүдделер қайшылығына назар аударған дұрыс болар еді" деп есептейді.
"Айгүл Жапарова — президенттің әйелі, жай адам емес. Оны, мысалы, менің қорыммен немесе басқа біреудің қорымен салыстыруға болмайды. Өйткені бұл жерде мүдделер қайшылығы бары заңда көрсетілген. Айгүл Жапарованың күйеуі – Садыр Жапаров. Оның шешімі Қытайға тікелей пайда әкеле алады. Немесе оған бөгет бола алады. Ол да мүмкін. Бұл да мүдделер қайшылығына жатады. Сен 9 миллиард алдың ба, жоқ 9 миллион сом алдың ба, біз ешқандай қате жіберген жоқпыз. Есепті тапсырған өздері. Ол ашық дерек көздерінде бар. Оны әркім көре алады", – дейді Темиров.
ҚУДАЛАУ
Бұған дейін Temirov Live, Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) және Kloop тәуелсіз басылымы Қырғызстан президентінің ұлы Рустам Жапаровтың достары мен ірі жобаларға қатысы бар атышулы қытайлық бизнесмен Хабибула Абдуқадырдың байланысы туралы журналистік зерттеу жариялаған. Журналистер Абдуқадырды Орталық Азияда көлеңкелі жүк тасымалы желісін құруға және ондаған миллион доллар ақшаны шетелге шығаруға қатысты бар адам деп сипаттаған. Кейінірек бұл зерттеуге байланысты президент Садыр Жапаровтың өзі пікір білдіріп, ұлы Рустам "елге инвестиция тартып жатқанын" айтқан.
2022 жылы қарашада Бішкек қаласының сотының шешімімен Болот Темировты Қырғызстан аумағынан Ресейге шығарып жіберген. Сот "Жалған құжат жасау" бабымен айып тағылған журналисті жалған әскери билет пен уақытша жеке куәлікті пайдаланғаны үшін кінәлі деп таныған. Бірақ қылмыс жасаған мерзімі өтіп кеткендіктен оны жазадан босатқан. Жақында Қырғызстан Жоғарғы соты осы үкімді күшінде қалдырды.
Temirov Live журналистеріне биліктің шүйлігуі 2022 жылдың қаңтарында басталған. Милиция Бішкектегі редакция кеңсесін тінтіп, біраз затты тәркілеп, Болот Темировты алып кеткен. Кейін одан ешқайда кетпейтіні туралы қолхат алып, қамаудан босатқан. Осы оқиғаның алдында Temirov LIVE YouTube-каналында "Қырғызмұнайгаз" мемлекеттік компаниясы шығарған мазутты экспорттаудың схемасы туралы зерттеу жарияланған еді. Онда күмәнді әркеттерге Қырғызстан ұлттық қауіпсіздігі жөніндегі мемлекеттік комитеттің басшысы Қамшыбек Тачиевтің туыстарының қатысы болуы мүмкін екені айтылған. Болот Темиров өзіне шығарғылған сот үкімін "кәдімгі кек қайтару" деп есептейді.
Азаттықтың Қырғыз қызметінің материалынан аударылды.
ПІКІРЛЕР