Accessibility links

"Тарихи сәт". АҚШ Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруді ұсынды


АҚШ президенті мен мемлекеттік хатшысы және Орталық Азияның бес елінің президенттері С5+1 саммитіне қатысып отыр. Нью-Йорк, АҚШ, 19 қыркүйек, 2023 жыл.
АҚШ президенті мен мемлекеттік хатшысы және Орталық Азияның бес елінің президенттері С5+1 саммитіне қатысып отыр. Нью-Йорк, АҚШ, 19 қыркүйек, 2023 жыл.

Нью-Йоркте АҚШ пен Орталық Азияның бес елінің басшылары қатысқан алғашқы саммитте Вашингтон аймақтың қауіпсіздігіне бөлінетін қаржы көлемін ұлғайтып, бес елге пайдалы қазба кеніштерін игеруге және энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға көмектесетінін мәлімдеді. Саммит қарсаңында Human Rights Watch ұйымы Вашингтонды адам құқықтары мәселесін басты орынға қоюға үндеген.

19 қыркүйекте Нью-Йоркте алғаш рет АҚШ пен Орталық Азия елдері басшылары С5+1 форматындағы саммитте бас қосты. Жиын БҰҰ Бас Ассамблеясы өтіп жатқан тұста болды.

Саммитке АҚШ президенті Джо Байден мен мемлекеттік хатшы Энтони Блинкенге қоса Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев қатысты.

АҚШ Орталық Азияның қауіпсіздігіне бөлінетін қаржы көлемін ұлғайтатынын, аймақтағы бес елге пайдалы қазба кеніштерін игеруге және энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға көмектесетінін мәлімдеді.

Ақ үйдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Байден Орталық Азияның бес мемлекетінің басшыларымен басқосуын "тарихи сәт" деп атаған.

"Біз Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы, егемендік, тәуелсіздік пен территория тұтастығының сақталуына негізделген көпжылдық тығыз қарым-қатынасымызды одан ары дамытып, нығайта береміз. Қазіргі уақытта бұл принциптер бұрынғыдан да маңызды, біз бүгін ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге көтереміз" деген АҚШ президенті.

Байден аймақ елдерімен шекара қауіпсіздігі, терроризммен күрес және құқық қорғау құрылымдары мәселелері бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға уәде етті деп хабарлайды Ақ үйдің баспасөз қызметі.

АҚШ үкіметі Орталық Азия экономикасы мен америкалық жеке бизнестің сауда және инвестициялық байланыстарының нығаюына қолайлы ахуал тудыруға мүдделі екенін айтады. Ақ үй "С5+1" дипломатиялық форматына қосымша бизнес-платформаны дамытқысы келеді. Осы мақсатта Америкалық халықаралық дамыту агенттігі (USAID) биыл қазан айында Орталық Азияда "тұрақты экономикалық дамудың нақты іс-қимылдарын талқылау үшін" кездесу ұйымдастырмақшы.

АҚШ Орталық Азиядағы бес елге пайдалы қазбаларды мол қорын игеру жөнінде диалог өткізуді ұсынып отыр.

Ақ үй бұл шаралар АҚШ-тың Қытайдан Еуропаға Ресейді айналып өтіп, Орталық Азия мен Кавказ арқылы өтетін сауда бағыты – Транскаспий дәлізін дамытуға және инвестиция тартуға бағытталған қолдауының бір бөлігі екенін айтады.

Бұл бағыт (орта дәліз) бойынша жүк тасымалдау көлемі 2022 жылы үш есе ұлғайған, ал биылғы жылдың бірінші жартысында былтырғы жылғы сондай кезеңмен салыстырғанда екі есеге жуық көбейген. Мәскеу Украинаға басқыншылық соғыс ашып, соған байланысты Ресейге қарсы санкциялар салынғаннан кейін Қытайдан Еуропаға баратын жүктің бір бөлігі Ресейді айналып өте бастаған.

Ғаламдық инфрақұрылымды дамыту және инвестиция жөнінен серіктестік аймақтың экономикалық интеграциясы мен тұрақтылығына септеседі деп жазады Байден әкімшілігі хабарламасында.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз қызметі "кездесу барысында экономикалық ынтымақтастық мәселесіне, америкалық компаниялардың маңызды қазба байлықтарды игеру, жаңартылатын энергия көздері, өңдеу өнеркәсібі және басқа да бағыттарды дамыту мүмкіндіктеріне баса мән берілгенін" жазды.

АҚШ президенті Джо Байден (сол жақта) және Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Орталық Азия – АҚШ" саммиті кезінде. Ақорданың баспасөз қызметі жариялаған сурет.
АҚШ президенті Джо Байден (сол жақта) және Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Орталық Азия – АҚШ" саммиті кезінде. Ақорданың баспасөз қызметі жариялаған сурет.

Саммит қарсаңында Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы АҚШ президенті Джо Байденді Орталық Азия басшыларымен кездескенде адам құқықтары мәселесін басты орынға қоюға үндеген. Ұйым мәлімдемесінде Қазақстанда 2022 жылы қаңтарда жаппай наразылыққа шыққан халықты басып-жаншу адам құқықтарын өрескел бұзуға, демонстранттарға асыра күш қолдануға, азаматтарды жосықсыз ұстау мен тұтқындауға, ұсталған адамдарға қатыгездік танытып, оларды азаптауға ұласқанын атап көрсеткен. Вашингтон тәуелсіз тексеру жүргізуді және адам құқықтарын таптағандарды жауапқа тартуды талап етіп, "қазақстандық қанды Қаңтар күн тәртібінен түсіп қалуына" жол бермеуге тиіс деген құқық қорғаушылар.

АҚШ президенті Орталық Азияның бес елінің басшыларымен кездескенде адам құқықтары мәселесін айтты ма, ол жөнінде егжей-тегжейлі ақпарат жоқ. Ақ үйдің хабарламасында Байден әріптестерінің Орталық Азия елдерінің егемендігін, тұрақтылығын және гүлденуін одан ары нығайту үшін бірге жұмыс істеп, "С5+1" серіктестігі арқылы адам құқығын бірлесе ілгерілету туралы айтқан пікірін құптағаны жазылған. Ақпаратта Байден азаматтық қоғамды қолдауға, әйелдердің экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін одан ары кеңейтуге, мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтары сақталуына назар аударуға шақырғаны айтылған.

Ақорданың хабарламасында Тоқаевтың АҚШ-тағы кездесулерінде адам құқықтарының жайы талқыланғаны туралы ешнәрсе айтылмаған.

АҚШ-тағы саммит алдында кейбір қазақстандық ақпарат құралдары саясаттанушыларға сүйеніп, саммиттің күн тәртібіндегі басты тақырыптың бірі – Ресейге салынған санкция режимін сақтау мәселесі болады деп жазған, өйткені саммитке қатысушы екі ел Еуразия экономика одағына мүше және Ресеймен ашық кедендік шекара режимінде тұр.

Ақ үйдің ресми хабарламасында саммитте Орталық Азия елдерінің Ресейге салынған санкцияларды бұзбау мәселесі талқыланғаны жөнінде еш ақпарат жоқ. Бірақ сарапшылар бұл мәселе БАҚ өкілдерінің жабық жағдайда талқыланған болуы мүмкін деп топшылайды. Себебі Батыс елдерін Ресейге салынған санкцияда көрсетілген тауарлардың көрші елдер, соның ішінде экономикалық жағынан Мәскеуге тәуелді Орталық Азия елдері арқылы жеткізіліп жатқаны туралы хабарлар алаңдатып отыр дейді олар.

Ақорда президент Тоқаевтың АҚШ-тағы кездесулерінде санкциялар мәселесі қозғалғаны я қозғалмағаны туралы ештеңе хабарламады.

Саммит аяқталар алдында президент Байден аймақтағы бес мемлекеттің президенттерімен жақын болашақта сол елдердің бірінде кездесуі мүмкін екенін айтты. Қазірге дейін АҚШ президенттерінің ешқайсысы билікте отырған кезде Орталық Азиядағы бес елдің ешбіріне сапармен барған емес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG