Accessibility links

Орталық Азия Қытайдың жүк көліктерін Ресейге жөнелтіп, соғысқа көмектесіп жатыр ма? Сауда дәліздеріне талас күшейе ме?


Шекарада тұрған жүк көліктері. Көрнекі сурет.
Шекарада тұрған жүк көліктері. Көрнекі сурет.

Орталық Азия Қытайдан жүк көліктерінің импортын күрт арттырды. Аймақ елдері оларды Ресейге реэкспорттап, Кремльдің соғысына көмектесуі мүмкін бе? Астана Ресейді айналып өтетін сауда және көлік дәліздерін дамытты, енді Мәскеу Қазақстанды айналып өтетін дәлізді іске қосып, есе қайтара ма? Батыс басылымдары бұл аптада осы сұрақтарға жауап іздеді.

ҚЫТАЙ АЙМАҚҚА ЖҮК КӨЛІКТЕРІНІҢ ЭКСПОРТЫН ҮШ ЕСЕ АРТТЫРДЫ. МҰНЫҢ АСТАРЫНДА НЕ ЖАТЫР?

«Қытай Орталық Азияға экспортты күрт арттырды, бұл Пекинге Кремльдің соғысын жанама қолдауға мүмкіндік беретін тәрізді» дейді Австралиядағы Lowy зерттеу институтының Interpreter басылымы. Мақала авторы АҚШ-тағы Atlantic Council зерттеу институтының ғылыми қызметкері Джозеф Вебстер Орталық Азия Пекин − Мәскеу саудасындағы өткелге айналып, Қытайдан Ресейге аймақ арқылы заңсыз жеткізілген тауарлар туралы жаңа мәлімет шыққанына назар аударады.

Сауда статистикасына қарағанда, Қытайдан Орталық Азияға тауар тасымалы күрт өсті, Орталық Азия Пекин − Мәскеу экономикалық қарым-қатынасына біртіндеп интеграцияланып жатыр. 2021 жылдан бері Қытайдың аймаққа экспорты екі есе өскен.

«Орталық Азия (және Беларусь) Қытай − Ресей саудасындағы өткелге айналды, Қытайдың Орталық Азияға тауар экспорты кейінгі жылда күрт өссе де, тасымалдың көп көлемі тез арада Ресейге реэкспортталып, Кремльдің соғысын қолдауға бағытталады» дейді Вебстер.

Қытайдың сауда статистикасына қарағанда, Пекин Орталық Азияға жыл басынан бері құны 16,6 миллиард доллар тауар экспорттаған, бұл 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 140 пайызға, ал 2022 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 62 пайызға жоғары. Пекиннен Орталық Азияға экспортталған тауар көлемі азайтылып көрсетілуі мүмкін, себебі Қытай Ресеймен тікелей және жанама экономикалық қарым-қатынасын мейлінше азайтып көрсетуге тырысады әрі шекарадағы контрабанданы есепке алу керек.

Қытайдың жалпы әлемдік экспорты жыл басынан бері өсім көрсеткен жоқ, сондықтан Орталық Азияға экспорттың өсуі – назар аударатын жайт. Оны былай қойғанда, Пекиннің аймаққа экспорттайтын тауары әртараптандырылған. 2021-2022 жылдары Қытай органикалық химикат, пластмасса, былғары, тоқыма, киім, аяқ киім сияқты тауарлардың экспортын арттырған.

Автор «Қытай Орталық Азияға экспорттайтын тауарлардың ішінде Ресей соғыста қолдануы мүмкін ең маңызды тауар − жүк көліктері мен көлік бөлшектері» дейді. Басылым мақаласында жазылғандай, Қытайдың Орталық Азияға көлік экспорты күрт артты: жыл басынан мамыр айына дейінгі кезеңде көлік экспорты былтырғы жылмен салыстырғанда 161 пайызға, ал 2021 жылмен салыстырғанда төрт есе өскен.

Сауда статистикасына қарағанда, Қытай Орталық Азияға биылғы жылдың алғашқы төрт айында 4700-ден астам жүк көлігін жөнелтті. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда үш есе көп. 2021 жылмен салыстырғанда автомобиль бөлшектерінің экспорты 520 пайызға артқан.

Ақтөбе облысында Ресей шекарасына жақын жердегі трасса бойында тұрған жүк көліктері. Көрнекі сурет.
Ақтөбе облысында Ресей шекарасына жақын жердегі трасса бойында тұрған жүк көліктері. Көрнекі сурет.

Ресей жүк көліктері мен бөлшектерді соғыста қолданатындықтан, оларды Орталық Азияға экспорттауға шектеу қойған. Қытай аймаққа жүк көліктері мен бөлшектерді сол себепті көбірек экспорттай бастаған болуы ықтимал. Сонымен қатар бұған жанама себептер де түрткі болуы мүмкін. Қытайдың әлемдік автомобиль экспорты биылғы жылдың бірінші тоқсанында 58 пайызға өсті. Қытай Жапонияны басып озып, әлемдегі ең ірі автомобиль экспорттаушыға айналды. Соғыстан кейін Батыстың көлік өндіруші компаниялары Ресейден кеткен соң, аймақ елдері үшін оларды импорттау мүмкіндігі азайды. Бұл ретте нарыққа арзан әрі қолжетімді Қытай көліктері келді.

Дегенмен автор екінші жағынан Орталық Азия елдері Қытайдан келген жүк көліктері мен бөлшектерді Ресейге реэкспорттап, Кремльге соғыста көмектесіп жатқан болуы мүмкін дейді.

Вебстердің пайымдауынша, Қытай − аймақта үстемдікке ұмтылып жатқан мықты ойыншы. Мәскеу Пекиннің аймақ экономикасы мен қауіпсіздік саласындағы ықпалы артып жатқанына алаңдаса да, Ресей мен Қытайды аймақтағы ортақ мүдде біріктіреді. Екі авторитарлы мемлекет Вашингтон мен Брюссель қолдайтын конституциялық демократияға жаны қас. Екі ел де аймақтағы жеке мүддесінен екіжақты қарым-қатынасын жоғары қояды.

«Орталық Азиядағы ресурстар түптің түбінде әлемнің ең күшті екі авторитарлы державасы арасында шиеленіс тудыруы мүмкін болса да, бүгінгі күні ондай [шиеленіс] жоқ. Орталық Азия Мәскеу мен Пекинді алшақтатпайды, керісінше біріктіреді» деп қайырады Вебстер.

АЙМАҚТАҒЫ "САУДА ДӘЛІЗДЕРІНЕ ТАЛАС" ЖӘНЕ "АСТАНА АМБИЦИЯСЫНА СОҚҚЫ ЖАСАУҒА ҰМТЫЛҒАН МӘСКЕУ"

Астана Ресейді айналып өтетін балама сауда және көлік дәліздерін дамытып, сыртқы экономикалық қарым-қатынасты әртараптандыруға тырысып жатыр. Бірақ Мәскеу өзі жоспарлап жатқан, Орталық Азиядан Каспий арқылы Ресейге баратын сауда дәлізінен Қазақстанды шеттетіп, есе қайтара алады. АҚШ-тағы сыртқы саясатты зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Стивен Бланк Jamestown қорының сайтында Қазақстан төңірегіндегі сауда мен геосаясатты талдап, «аймақтағы дәліздер үшін талас күшейе ме?» деген сұраққа жауап іздейді

Германия президенті Франк-Вальтер Штанмайер 20 маусымда Астанада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуден кейін, Берлин Қазақстанның Ресейді айналып өтетін балама дәліздерді дамыту талпынысын қолдайтынын мәлімеді. Штанмайер бұл бастама Кремльдің Қазақстан арқылы санкцияларды айналып өтуіне тосқауыл қоятынын айтты. Дей тұрғанмен, Мәскеу де Қазақстанды айналып өтетін сауда дәлізін іздеп жатыр, ал бұл Астана амбициясына соққы жасауы мүмкін.

Қазақстан − Орталық Азия, Каспий теңізі, Ресей және Қытайды байланыстырушы торап. 2023 жылы Астана мен Баку алғаш рет Каспий теңізінен Әзірбайжан арқылы Кавказ бен Еуропа нарығына энерготасымалдағыш пен басқа да табиғи ресурстарды тасымалдау жайлы келісімге келді. Автордың жазуынша, бұл келісімдер Ресейді айналып өтіп, Қазақстанның Мәскеуден саяси және экономикалық тәуелсіздігін күшейтуіне үлес қосады.

Бұл келісім Астананың ауқымды жоспарына кіреді. Жақында Тоқаев Германия үкіметіне эмбарго қойылған Ресей мұнайының орнына Қазақстан мұнайын ұсынды. Тоқаев Қазақстан Германияға мұнай экспортын 600 пайызға арттыра алатынын мәлімдеді. Италия Қазақстаннан мұнай импорттап жатыр, ол мұнай импортындағы үлесін былтырғы 28 пайыздан биыл 38 пайызға арттырды.

Сарапшы бұл келісімдер Астананы сыртқы экономикалық қарым-қатынасты әртараптандырғысы келетінін көрсетеді деп есептейді. Жақында Еуроодақ маңызды тауарларды Қазақстаннан Ресейді айналып өтетін Транскаспий дәлізі арқылы алдыртатынын мәлімдеді. Бұл ретте литий, кобальт, титан тәрізді сирек металдарды тасымалдау туралы сөз болып отыр.

Қазақстан Украина мәселесінде БҰҰ жарғысын басшылыққа алатынын, Украинаның аумақтық тұтастығын қолдайтынын мәлімдеді. Бланктың пайымдауынша, Мәскеу үшін өзін қолдамаған Астанадан есе қайтарудың бір жолы –жаңадан жоспарланып жатқан Орталық Азиядан Каспий теңізі арқылы Астраханьға апаратын сауда дәлізінен Қазақстанды шеттету. Қырғызстанның оңтүстігінен Өзбекстанға, ары қарай Түркіменстандағы Түркіменбашы портымен Каспий теңізі арқылы Астраханьға апаратын, Қазақстанды айналып өтетін сауда дәлізі бірнеше айдан бері талқыланып жатыр.

«Бұл Қазақстанға жасалатын соққы екені белгілі, себебі Кремль Астана Орталық Азиядағы өзге елдердің тауар экспортына кедергі келтіріп отырғанын мәлімдеген» деп жазады Бланк.

Ресейдегі ақпарат көздері Мәскеу жоспарлап жатқан, Ресейді Орталық Азия, Иран мен Үндістанға қосатын солтүстік-оңтүстік транзит дәлізі соғысқа қажетті тауарларды тасымалдауға қолданылуы мүмкін дейді.

Автордың талдауынша, Үндістан, Қытай, Ресей мен басқа да ұсақ, бірақ аймақтағы маңызды ойыншылар экономикалық және саяси ықпалын күшейтіп, Еуропа елдері Азия нарығымен сауда дәлізін дамытуға талпынған сайын, бұл дәліздер үшін күрес шиеленісе түседі. Бұл талас Қазақстанмен шектелмейді, аймақ елдері сауда және геосаяси бәсекені күшейтетіндіктен, тұтас Орталық Азияны қамтитын болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG