Accessibility links

2024 жылы Ресей Қазақстандағы ықпалын арттырды ма?


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада) Астана әуежайында Ресей басшысы Владимир Путинді (оң жақтан үшінші) қарсы алды. 27 қараша, 2024 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада) Астана әуежайында Ресей басшысы Владимир Путинді (оң жақтан үшінші) қарсы алды. 27 қараша, 2024 жыл.

2024 жылы Ресей Қазақстандағы ықпалын күшейтті ме? Оқшауда қалған Кремль сыртқы саясатта аймақ пен Қазақстанға басымдық беріп жатыр ма? Мәскеу неліктен аймақтың энергетика саласында белсенді? Астана Мәскеумен қарым-қатынасын қаншалық теңгере алды?

"Экономика мен энергетикалық тетіктер Ресейге аймақтағы ықпалын күшейтуге мүмкіндік береді"

"Біз бір-бірімізге жақын бола түстік". Бұл – Ресей президенті Владимир Путиннің жақында өткен Еуразия жоғары экономика кеңесінен кейін журналистер алдында айтқан сөзі. 26 желтоқсан күнгі жиынға Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қазақстан презденті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан президенті Садыр Жаппаров қатысты. Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан шығатынын мәлімдеген Армения премьер-министрі Никол Пашинян отырысқа тек видеобайланыспен қосылды.

Путиннің "жақын бола түстік" деген мәлімдемесі әсіресе Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасын дәл сипаттайтындай. Екі елдің тауар айналымы биыл қаңтар-қыркүйек аралығында 20 миллиард доллардан асты. 2022 жылы бұл көрсеткіш 27 миллиард долларға, 2023 жылы 26 миллиард долларға жеткен. Соғысқа дейінгі 2021 жылы екі елдің тауар айналымы 25 миллиард долларға жетеқабыл болған.

Қазақстан ресми түрде Ресейге Батыс санкцияларын айналып өтуге көмектеспейтінін мәлімдеген. Бірақ сарапшылар сауда айналымының ішінде Ресейдің соғыс машинасына көмектесетін қос мақсаттағы тауарлар болуы мүмкін деп топшылайды. Елде тіркелген бірқатар жекеменшік компанияның Ресейге қос мақсаттағы тауар тасымалдайтыны анықталып, Еуроодақ пен АҚШ оларға санкция салды.

Украинаға басып кірген соң Батыстың газ нарығынан айырылған Мәскеу назарды Орталық Азияға бұрды. Өзбекстан 2023 жылдан бастап Ресейден Қазақстан аумағы арқылы газ экспорттайды. Путин Ресей Қазақстанның газ тартылмаған аймақтарына көгілдір отынды жеткізе алатынын мәлімдеген.

Президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев (Қазақстан), Владимир Путин (Ресей) және Шавкат Мирзияев (Өзбекстан) Ресейден Орталық Азияға газ тасымалдайтын жобаның ашылуы рәсімінде. Мәскеу, 7 қазан, 2023 жыл.
Президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев (Қазақстан), Владимир Путин (Ресей) және Шавкат Мирзияев (Өзбекстан) Ресейден Орталық Азияға газ тасымалдайтын жобаның ашылуы рәсімінде. Мәскеу, 7 қазан, 2023 жыл.

Ресей әсіресе елдің энергетика секторында белсенді ойыншыға айналды. Биыл сәуірде Ресей мен Қазақстан үкіметтері Көкшетау, Семей мен Өскеменде жылу электр станцияларын салу туралы келісімге қол қойды. Үш жылу электр станциясын Ресейдің мемлекеттік "Интер" РАО компаниясы тобы салмақ. Мәжіліске түскен заң жобасына қарағанда, Ресей жылу электр станцияларын салу үшін Қазақстанға жеңілдетілген шартпен несие бермек. Әзірге Қазақстан тарапы қандай сомаға және қанша пайызбен Ресейден несие алатыны жайлы мәлімет жоқ. Бірақ энергетика министрлігі электр энергетикасын дамыту департаменті директорының орынбасары Жалғас Шөгелбаев 24.kz арнасына берген сұхбатында жылу электр станцияларына Қазақстан мен Ресейдің бірлескен кәсіпорны иелік ететінін, ЖЭС-те Ресейдің үлесі болатынын айтты.

АҚШ-тағы Питтсбург университеті нарықтарды басқару орталығының директоры Дженнифер Брик Муртазашвили энергетика нарығына кіру Ресейге аймақтағы ықпалын сақтап қалуға мүмкіндік береді деп есептейді.

– Ресей үшін Қазақстанға мұндай инвестиция құйған тиімді. Бұл Ресейге Қазақстанға экономикалық ықпал ету тетіктерін сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Еуропа санкция салғанын ескерсек, Ресей осылайша балама энергетика нарығын сақтай алады. Бұл инфрақұрылымды бақылауға алу арқылы ұзақмерзімді тәуелділікке жол ашады. Сондай-ақ энергетикалық дипломатия арқылы аймақтағы ықпалын күшейтеді, – дейді ол.

Биыл 6 қазанда өткен АЭС салу жөніндегі референдумның ресми қорытындысы бойынша, дауыс берген қазақстандықтардың 71 пайызы АЭС құрылысын жақтаған. АЭС-ті кім салатыны келесі жылы белгілі болмақ. Президент Тоқаев АЭС-ті консорциум салғаны жөн деді. Былтыр Буденовское уран кенішін сатып алып, елдің уран саласындағы негізгі ойыншылардың біріне айналған Ресейдің "Росатом" корпорациясы АЭС құрылысын салуы ықтимал кандидаттар қатарында. Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың сөзіне қарағанда, "Росатом" қазақ үкіметіне көмектесуге дайын, ұсыныс тастап қойған.

Орыстілді мектептер мен орыс тілі жөніндегі ұйым: артқа шегінудің шағын қадамы ма?

Батыс басылымдары соғыс басталғалы Қазақстанда деколонизация процесі жеделдегенін жазды. Отарсыздану процесі төменнен жүріп жатыр: қазақ тілін оқытатын платформалар көбейіп жатыр, белсенділер мен зерттеушілердің тарихты қайта сүзгіден өткізуге талпынысы байқалады. Былтыр бас прокуратура КГБ архивінде жатқан 2,4 миллион карта деректері жарияланады деп мәлімдеді. Онда қуғын-сүргін құрбандарының аты-жөні жазылған.

Аймақтағы бұл үрдіс Ресей саясаткерлері мен пропагандистерінің назарын аудартты. Қазан айында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ресей сыртқы істер министрлігіне қарасты Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының (МГИМО) халықаралық зерттеулер институты "Қазақстан мен Ресейдің ортақ тарихы және "деколонизация" дискурсы атты тақырыпта дөңгелек үстел өткізді. Оны ұйымдастырушы Александр Князев Совет одағы мен Ресей империясының құрамында болғандағы Қазақстан тарихы туралы ғылыми емес, арандатушы тұжырымдар көп тарап жатыр деп қорытқан. Ал елге қараша айында іссапармен келіп кеткен Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қазақстан мен Ресей "қоғамның кей бөлігінде шығып жатқан дауды басу үшін" тарихты бірге зерттейтін ғалымдар тобын құру туралы келісімге келгенін мәлімдеді.

– Ресей Украинаға басып кірген соң Қазақстан мен Өзбекстан жетекшілері отаршылдықтың мұрасы туралы ашық айта бастады. Советтер жайлы ғана емес, Ресей туралы айтады. Бұл – жаңа динамика. Қазақстанның білім беру жүйесі ұлттық болмыс туралы тәуелсіз нарративке бет бұрды. Бұл Ресейдің жүйкесіне тиеді, соны басқысы келеді. Бірақ Ресей бұл тұрғыда (тарихты жазуда – ред.) сенімді серіктес деп ойламаймын, – деді Брик Муртазашвили.

Сонымен қатар Ресей аймақта орыс тілін ілгерілетуге кірісіп, Қазақстанның оңтүстігіндегі үш қалада орыс мектептерін салып бермек. Бұл туралы Ресей президенті Владимир Путин қарашада Қазақстанға сапарының алдында "Казахстанская правда" газетінде жарияланған мақаласында жазған. Путиннің сапарынан бұрын Қазақстан парламенті ТМД-да орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым құру туралы келісімді ратификациялады. Осындай ұйым құруды 2022 жылы президент Тоқаев ұсынған. Бұл шартты қолдап дауыс берген мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи "орыс тілінің жағдайына Қазақстанның алаңдайтын жөні жоқ. Қоғам бұған түсініп қарайды деп ойлаймын. Дүрілдеп, теңселіп, тербеліп тұрған әлемде біз үшін балама қадам жоқ деп түсіну керек" деген.

Путиннің Астанадағы қатқыл мәлімделері. ҰҚШҰ-ның жиыны – AzatNEWS | 28.11.2024
please wait

No media source currently available

0:00 0:22:49 0:00

Дженнифер Брик Муртазашвили қазақ билігінің орыс тілінде оқытатын мектептер ашуға жол беруін баланс үшін артқа шегінген кішігірім қадам деп есептейді.

– Тоқаев билікті стратегиялық түрде пайдаланып, Ресейге мектеп ашу, білім беру сияқты шағын мәселеде артқа шегінеді, бірақ үлкен мәселеде өз ықпалын сақтап қалады. Біз дәл қазір ол нендей үлкен мәселе болуы мүмкін екенін білмейміз. Мүмкін, атом электр станциясы шығар, бәлкім, оны салғанда Ресей ондай маңызды рөл ойнамайтын шығар, – деді ол.

Бірақ артқа шегінетін шағын қадамдар үлкен көндігу мен есе беруге ұласады деушілер бар. Орыс мектептерін салу, жылу электр станцияларын Мәскеуге салдырту, Ресей компанияларының елге келуі, мұның бәрі айналып келгенде Кремль мүддесіне жұмыс істейді.

Ал қазақстандық сарапшы Димаш Әлжановтың айтуынша, Астананың бұл әрекетін "үлкен шегіну" деп атауға болады.

– Саяси келісім жасалып, "Росатом" уран нарығына келіп, ықпалын күшейтті. Ресей электр станцияларына қаржы бөліп, салып бермек. Атом электр станциясын кім салатыны шешілмеді, бірақ Ресей қатысатын тәрізді. Осы кезеңде Қазақстанға көптеген компаниялар келді. Оның бір бөлігі Еуразия экономика одағы мен экономикалық кеңістікті пайдаланып келсе, Кремль бақылайтын, тікелей ықпал ететін компаниялар Қазақстанда мүлде басқа рөл ойнайды. Олар Ресей экономикасын соғыста қолдауға бағытталған. Биыл қаңтарда Қазақстан латын қарпіне көшуді тоқтатқанын ұмытпаған жөн. Бұл ретте Кремль бұған оң реакция танытпайды деген қауіп болған тәрізді, – деді Димаш Әлжанов.

"Нәзік баланс" және "Путиннің алдындағы қарыз"

Қазақстанның стратегиялық серіктесі – Ресей Украинаға басып кіргелі Батыстағы зерттеушілер Астананың Мәскеумен байланысы мен баланс ұстау әрекетін жіті қадағалап келеді. Өйткені сарапшылар Украинадағы соғыстың кесірінен Ресей аймақта әлсіреп жатыр, оның серіктесі Қазақстан көп ұзамай Батысқа бет бұрады деп топшылаған. Әсіресе президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың жазында Санкт-Петербург экономикалық форумында Ресей президенті Путиннің көзінше Донецк және Луганск жікшіл аймақтарын Астана мойындамайтынын мәлімдеген соң, Мәскеудің аймақта ықпалы әлсіреді деген нарративтер күшейді.

Бірақ биыл күзде Тоқаев Астанаға сапарлап келген Германия канцлері Олаф Шольцтың көзінше "Ресей әскери тұрғыда жеңілмейтінін" мәлімдеді.

Араға бір ай салып Астанадағы форумда бұл ойын тағы қайталады. Бұл осы күнге дейін Ресейдің соғысын қолдамаған, сөйте тұра Украинаға басып кіруін ашық сынамаған Қазақстанның позициясы өзгерді деген сөз бе? Америкалық сарапшы Дженнифер Брик Муртазашвили Тоқаевтың үндеуі нәзік балансты көрсетеді деп есептейді.

– Тоқаев Ресейде не болып жатқанын күрделі, нәзік жолмен жеткізіп жүр. [Тоқаевтың мәлімдемесі] Қазақстан мен Ресей арасындағы маңызды қарым-қатынас пен тығыз сауда қарым-қатынасын көрсететін нәзік баланс. Бірақ, меніңше, ол стратегияның өзгергенін көрсетпейді. Қазақстан әр уақытта көпвекторлы сыртқы саясат ұстанды, Ресеймен қарым-қатынас – соның бір бөлігі, – деді ол.

Дегенмен Тоқаев Путинге қарыздар дейтін сарапшылар да бар. 2022 жылдың қаңтарында жаппай тәртіпсіздікке ұласқан наразылықты басып-жаншу үшін Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан көмек сұраған. Жаппай тәртіпсіздік ҰҚШҰ бітімгершілік күштері елге келген соң басылды.

– Ресей мен оған Украинаға басып кіруге көмектескен Беларуське санкция салынғанда, Қазақстан бейтарап болып көрінді. Бірақ сосын екі елдің қарым-қатынасына қарасаңыз, 2022 жылдың қаңтарынан Қазақстан жетекшілігіне саяси ықпалын жүргізе алатын Ресей Қазақстан экономикасына белсенді кіре бастады. Қазақстан юрисдикциясы мен қаржы жүйесін санкцияларды айналып өтуге және соғыс кезінде өз экономикасын қолдау үшін пайдаланды, – деді Димаш Әлжанов.

Қазақстан мен Ресей арасын әлемдегі ең ұзын құрлық шекарасы бөліп тұр, оның ұзындығы 7,5 мың шақырымға жетеді. Астана мен Мәскеу аймақтағы бірқатар бірлестік – Еуразия экономика одағы, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы мен Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше. Қазақстан мұнайының 80 пайызы Ресей аумағымен өтетін Каспий құбыр консорциумы арқылы тасымалданады. Мұндай жағдайда Астана Ресейден алшақтай алмайды. Оқшауда қалған Ресей Қазақстанды қатты қажет етеді дейді сарапшылар, сондықтан Мәскеу елді ықпал аймағынан шығармауға барынша тырысады.

– Ресей экономикасы әлсіреп жатыр. Қазақстан экономикалық қарым-қатынаста басымдыққа ие. Ресейге Қазақстан қажет. Оқшауда қалған Ресей үшін Қазақстанның экономикалық рөлі аса маңызды, – деді Брик Муртазашвили.

– Кейінгі жыл көрсеткеніндей, Ресейдің оқшаулануы мен санкциялар, керісінше, Путинге көрші елдерге ықпалын арттыруға мүмкіндік берді. Бұрын Ресей Орталық Азия өзіне адал, маңызы төмен аймақ деп қарастырса, қазір оған, әсіресе Қазақстанға басымдық бере бастады. Украинадағы соғысты ескерсек, ол аймақтағы саяси ықпалынан айырылғысы келмейді. Сондықтан санкция Ресейді Орталық Азия мен Қазақстанды барынша жақын етіп, ықпалын арттыруға итермеледі, – деді Әлжанов.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG