Accessibility links

Қатарға қосылған Жапаров. Орталық Азия басшылары "жаңа республика" құруға не үшін әуес?


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Орталық Азия басшыларының саммитінде. Шолпан-Ата, 2022 жылғы маусым.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Орталық Азия басшыларының саммитінде. Шолпан-Ата, 2022 жылғы маусым.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Қазақстан мен Өзбекстандағы әріптестерінің жолын қуып, "Жаңа Қырғызстан құру жолы" деген кітап жазды. Жаңа мемлекет құруға талпынған Орталық Азия елдерінде ескі режим өзгерді ме?

Жаңа Өзбекстан, Жаңа Қазақстан, Жаңа…Қырғызстан?

Орталық Азия басшылары тарихтың жаңа парағы, жаңа дәуір, тіпті, жаңа мемлекет туралы айта бастады.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев 2021 жылы билікке келгеніне бес жыл толғанда "Жаңа Өзбекстан" ұранымен екінші мерзімге сайланды.

Бірнеше айдан кейін оған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қосылды.

Ол билікке келгеніне үш жыл өткенде тәуелсіздік жылдары болған ең үлкен қаңтөгіс – Қаңтар оқиғасынан кейін "Жаңа Қазақстан" құру бастамасын ұсынды.

Енді Қырғызстан президенті Садыр Жапаров та осы жолды таңдады.

Осы айдың басында қырғыз ақпарат құралдары президент Садыр Жапаровтың "Жаңа Қырғызстан құру жолы" атты кітабы жарық көргенін жарыса жазды.

Бұл мысалдардағы "жаңа" сөзі шынымен жаңашылдықты білдіре ме?

Кипрдегі Таяу Шығыс университеті халықаралық қатынастар және саясаттану факультетінің оқытушысы Әсел Тұтымлы Орталық Азия басшыларының стратегиясынан көп ұқсастық көреді.

Азаттықтың "Орталық Азияның бүгіні мен болашағын зерттеу" тақырыбында өткен "Мәжіліс" подкастына келген Әсел Тұтымлы "Орталық Азия мемлекеттері өз режимдерінің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, экономикалық пайда санаулы адамдар арасында ғана бөлінетін жүйені сақтап қалуға тырысты. Бірақ кейінгі кездері Орталық Азия халқы өзгеріп келеді. Бұл – мен үшін жаңа нәрсе осы" деді.

ЖАҢА ҚЫРҒЫЗСТАНҒА ЖОЛ ҰЗАҚ

Қырғызстан – Орталық Азиядағы билігі ең көп ауысқан мемлекет. Тәуелсіздік жылдары елде алты президент ауысты. Оның үшеуін халық биліктен тайдырды. Бір қызығы, Жапаров Мирзияев пен Тоқаев сияқты "Жаңа Қырғызстанда өмір сүріп жатырмыз" демейді.

Керісінше, "Жаңа Қырғызстан құруға кемі 20-30 жыл кетеді" деп жазып, көпұлтты қырғыз халқын өзіне көмектесуге шақырды.

Бұл – Жапаровтың екінші кітабы. Тиражы – 40 мың дана.

2015 жылы алғашқы кітабы шыққанда Жапаров түрмеде еді. Ол кітапта саяси қарсыластарын, соның ішінде елдің сол кездегі президенті Алмазбек Атамбаевты қатаң сынаған.

Ал Жапаровтың қазіргі кітабы мемлекеттік қайраткердің еңбегіне ұқсайды. Бұл кітапта ол кедейшілік, әділдік және жасыл экономика сияқты ірі тақырыптарды қозғайды, бірақ Қырғызстан осы істерде жетістікке жету үшін не істеуі керек деген сұраққа бұлыңғыр жауап берілген.

Бірақ бір нәрсе анық. Президент Жапаров Қырғызстандағы көше наразылығы мәдениетін құптамайтын болған. Түрмеде жатқан оппозиционер Жапаровты 2020 жылы екі аптаға жетер-жетпес уақытта президенттікке жеткізген осы мәдениет еді.

Садыр Жапаров Бішкектегі наразылар қатарында. 2020 жылғы қазан.
Садыр Жапаров Бішкектегі наразылар қатарында. 2020 жылғы қазан.

Жаңа кітабында ол демократия "қарапайым халықтың да, биліктің де заңға бағынғанына" тәуелді деп жазған.

– Демократия анархияға айналып кетпеуі керек! – дейді ол.

Жапаров Қырғызстанды мүлдем өзгерте алмады деуге де болмайды. 2021 жылы ол референдум арқылы Конституцияға өзгерту енгізіп, парламент арқылы өз билігін нығайтып, президенттерге екінші рет сайлануға тыйым салатын норманы алып тастады.

Саяси жүйе Қырғызстанның екінші президенті Құрманбек Бакиевтің кезіне қайта оралғандай болды. 2010 жылғы революцияға дейін Жапаров жемқорлыққа қарсы күрес агенттігін басқаратын.

Жапаров өз кітабында бұл күресті жалғастыру үшін ұзақ уақыт керегін айтып, полиция реформасын мысалға келтіреді.

Садыр Жапаровтың авторлығымен шыққан кітаптың мұқабасы.
Садыр Жапаровтың авторлығымен шыққан кітаптың мұқабасы.

– Көп жағдайда қарапайым азаматтар құқық қорғау органдарынан тиісті қорғау көрмейді. Керісінше, олар құзырлы органдардың жекелеген өкілдерінен жапа шегіп жатады, – дейді Жапаров.

Қырғызстан президенті атаған жетістіктер қатарында "Құмтөр" алтын кен орнын мемлекет иелігіне қайтару да бар. Жапаров президент қызметін жаңа бастағанда осы шешімі арқылы халықтың ықыласына бөленген еді.

Одан бері бұрын президенттің одақтасы болған екі тұлға алтын шахтасына байланысты ықтимал жемқорлық оқиғасына байланысты қызметінен босатылып, қамауға алынды.

Алайда бұрынғы президенттердің қолдауына арқа сүйеген есірткі сатушылар мен кеден қызметкерлеріне дейінгі әртүрлі тұлғалар әлі күнге жасаған қылмыстары үшін жауапқа тартылған жоқ. Ал президентті сынаушылар қысымға ұшырап, түрмеге жабылып жатыр.

ЖАҢАШЫЛДЫҚТАН ЖАРЫС

Тәжікстан мен Түркіменстан да жаңару жолына түскенін қалайтындар әлі ұзақ күтетін сияқты. Оның қарапайым себебі бар. Қос мемлекетті ардагер саясаткерлер Эмомали Рахмон мен Гурбангулы Бердімұхамедов басқарады. Былтыр Түркіменстан президенті отставкаға кетіп, орнына Сердар Бердімұхамедовты қалдырғанымен, ел билігін әлі қолында ұстап отыр.

Қазақстан мен Өзбекстан басшылары халықтың ызасын туғызған бірінші президенттерден іргесін аулақ салуға тырысты.

Қос мемлекетте де түбегейлі өзгерістерге сұраныс артып келеді.

Жаз басында Тоқаев "Қазақстан – аз уақыт ішінде саяси жүйесіне үлкен өзгерістер енгізген өңірдегі жалғыз мемлекет" деді.

Нұрсұлтан Назарбаев ізбасары Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге астанадағы экономикалық форумда. 2019 жылғы мамыр
Нұрсұлтан Назарбаев ізбасары Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге астанадағы экономикалық форумда. 2019 жылғы мамыр

"Биліктің маңызды институттарын құрып, азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысуын күшейтіп, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесін жан-жақты нығайттық" деді Тоқаев. Ол қазіргі жүйені "әлдеқайда ашық, әділ әрі бәсекеге қабілетті" деп сипаттады.

Қазақстан халқы президенттің сөзіне күмәнмен қарайды.

Биылғы парламент сайлауына шынымен оппозициялық кандидаттар қатысты. Бірақ олардың бірде-бірі заң шығарушы органға өтпеді.

Кей кандидаттар дауыс беру кезіндегі заңбұзушылықтарды растайтын видеоайғақтар ұсынды.

Өзбекстанда Мирзияевтің бұрынғы басшысы, бірінші президент Ислам Каримов орнатқан қатаң жүйеден кейін ұзақ жұмыс істеу керек.

Шавкат Мирзияев Ислам Каримовтің тұсында Өзбекстан премьер-министрі болды.
Шавкат Мирзияев Ислам Каримовтің тұсында Өзбекстан премьер-министрі болды.

Колумбия университетінің зерттеушісі Александр Кули Азаттықтың "Мәжіліс" подкастында "Каримов үкіметі халықаралық имиджге мүлде мән бермейтін" деді.

Мирзияев әкімшілігі халықаралық қауымдастық пікірін ескеріп отырды. Олар мемлекетке шетелдік инвесторлар мен несие керегін түсінді.

Сондықтан Мирзияев билікке жаңа келгенде Өзбекстан әлем аузынан түспеді. Елде мақта алқаптарындағы мәжбүрлі еңбек жойылып, сөз бостандығы жақсарып, ұлттық валюта толық конвертацияланатын болды.

2019 жылы The Economist журналы Өзбекстанды "жыл мемлекеті" деп атады. Бірақ сол кезде Ташкентке осындай мәртебе сыйлаған реформалар жүзеге асуға келгенде қарқыны бәсеңдеп қалды.

Бірақ президенттің туыстары бизнес-империя құрып, байлық жинауда қарқынын азайта қоймады. Азаттықтың Өзбек қызметі жүргізген зерттеулер осыны дәлелдейді.

Питсбург университеті нарық және басқару орталығының директоры Дженнифер Брик Муртазашвилидің айтуынша, саясаткерлер брендинг мүмкіндігінен бас тартпайды.

Ол Батыстағы атышулы саяси брендтермен салыстырғанда "Жаңа Қырғызстан", "Жаңа Өзбекстан" деген ұрандарда әсірелеу жоқ деп есептейді.

"Жаңа сөзін қолдану орынды, өйткені ол басқа, бөлек деген мағына береді. Бірақ бұл жалпылама сөз болғандықтан, мемлекеттің қай бағытта дамитыны түсініксіз. Бұл әдейі жасалғандай көрінеді" дейді Муртазашвили.

"Орталық Азия басшылары конституциялық реформалар ұсынып алып, адамдарға өз брендінің көмегімен өзгерістер ықпалын түсіндіргісі келеді. Бұл авторитар мемлекеттердің өзінде басшының билігі қоғаммен шектелетінін көрсетеді", – дейді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG