Accessibility links

Дания: Гренландия тәуелсіз мемлекет бола алады, бірақ АҚШ штатына айналуы неғайбыл


Гренландия
Гренландия

Гренландия болашақта тәуелсіз мемлекет болуы мүмкін, бірақ АҚШ құрамына кіріп, жаңа штатқа айналуы неғайбыл. АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамптың жуырдағы сөзіне пікір білдірген Данияның сыртқы істер министрі Ларс Локке Расмуссен осылай деп мәлімдеді.

Мәлімдемеге сүйенген Reuters-тің жазуынша, Дания билігі Трампты тіке сынамай, АҚШ-тың оны сатып алу қажеттігі жөнінде мәлімемесін қатер ретінде қарастырмайтынын көрсетуге тырысқан. Бұған дейін ЕО-ның өзге елдерінің саясаткерлері Трамптың сөзіне біршама қатаңдау реакция білдірген. Францияның сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро кім болмасын, Еуроодақ өзге елдің басып кіруіне жол бермейді деп мәлімдеді. ЕО-ның шекара тұтастығын Германия канцлері Олаф Шольц те айтты.

Сәрсенбі күні Гренландия автономиясының премьер-министрі Муте Эгеде Дания королі X Фредерикпен кездескен. Бұған дейін ақпарат құралдары Данияның елтаңбасы дизайнының өзгергеніне назар аударған. Онда Гренландия мен Фарер аралдарының символы ерекше құрметті орынға орналастырылған. Ақпарат құралдары мұны Трамптың мәлімдемесіне жауап болуы мүмкін деп топшылаған.

Гренландия жетекшісі мен Дания королі арасындағы келіссөздің мазмұны хабарланбады. Трамптың мәлімдемесі жарияланған шақта Муте Эгеде арал тұрғындарының тәуелсіздікке ұмтылысы жөнінде айтқан. Дегенмен ол арал "сатылмайды" деп шегелеп айтқан.

Кездесуге қатысты түсініктеме берген Дания сыртқы істер министрі Гренландияның тәуелсіздігі мәселесін арал тұрғындарының өздері шешеді деп мәлімдеді. Ол сонымен бірге АҚШ-тың Арктика қауіпсіздігіне алаңдап отырғанын түсінетінін жеткізіп, Вашингтонмен әріптестікті нығайтуға дайын екенін атап өтті.

Трамп Даниядан Гренландияны сұрайтынын бірнеше рет мәлімдеп, мұны Америка қауіпсіздігі үшін "өте қажет" деп айтқан. Дания қандай да бір келісім болғанын жоққа шығарады. 7 қаңтар күнгі баспасөз жиынында АҚШ-тың қайта сайланған президенті Дональд Трамп өз мақсаттарына жету үшін экономикалық немесе әскери тетіктерді қолдануы мүмкін екенін жоққа шығармаған. Бұл ЕО өкілдері арасында алаңдаушылық туғызған.

Трамп сонымен бірге АҚШ-қа Канаданы қосу және Панама каналы аумағындағы бақылауды қайтару қажеттігі жөнінде айтқан.

Трамптың мәлімдемесіне түсініктеме берген АҚШ-тың қазіргі мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен бұл аса көп назар аударатын мәселе емес екенін, мүмкін емес нәрсені талқылап уақыт кетірудің қажет емес екенін жеткізген.

Сәрсенбі күні Гренландияға Трамптың ұлы да барғаны хабарланған. Ол әлеуметтік желіде "арал тұрғындары Америка мен Трампты жақсы көреді" деп жазды.

Гренландия – шамамен 60 мың халқы бар әлемдегі ең ірі арал. Гренландия Дат корольдігінде өзін-өзі басқаратын аумақ, Дания оның қорғанысы мен сыртқы байланыс мәселелеріне жауап береді.

XS
SM
MD
LG