Қазақстанда баспасөз құқық қорғаушылары мен журналистер сынаған шетел журналистерін аккредиттеу туралы ереже бекітілді. Құжаттың мәтіні нормативтік-құқықтық актілерінің электронды түрдегі эталондық бақылау банкінде жарияланды. Ереже былтыр қабылданған "Масс-медиа туралы" заңға қосымша акт ретінде бекітілген.
Онда аккредиттеу ережесі қатайтылып, жаңа реттеу тетіктері енгізілген.
Бұрын шетел ақпарат құралдарына аккредитация мерзімсіз беріліп келген. Жаңа ережеге сәйкес, енді шетел ақпарат құралдарының аккредитациясы бес жылға жарамды.
Шетелдік БАҚ тілшісін аккредиттеу тұрақты және уақытша болып бөлінеді. Тұрақты аккредитация мерзімі екі жылдан бір жылға дейін қысқарған. Ал уақытша аккредитация үш айға беріледі. Қазақстандағы қандай да бір шараларға қатысқысы келетін шетелдік БАҚ өкілдері кемінде 15 күн бұрын өтініш беруі керек.
Аккредитация бермеуге негіз болатын себептер медиа сарапшылардың қарсылығына қарамастан сол күйі қалған. Бұлар: аккредитация формасында дұрыс емес деректің көрсетілуі, елдің заңын бұзуы, ақпарат құралының жұмысын тоқтату туралы сот шешімінің болуы, шетелдік БАҚ-тың аккредитациясының болмауы.
Жаңа ережеге сәйкес, шетелдік БАҚ тілшісінің ақпарат құралдарының жұмысына қатысты Әкімшілік кодекс бойынша жауапқа тартылуы да аккредитацияға қауіп төндіреді. Бұған қоса, мемлекеттік органдар журналистің қызметі "ресми белгіленген мақсатқа сәйкес келмейді" деп хабарласа да, бұл журналистің аккредитациясыз қалуына себеп болуы мүмкін. Ережедегі аталған осы тармақ медиасарапшылардың ерекше алаңдаушылығын туғызып отыр.
"Жалған ақпарат тарату бабы бойынша прецеденттер болды да. Бұл бапты кімге қатысты қолдана бастағанын еске алсақ, Азаттық радиосын жалған ақпарат тарату бабы бойынша жауапқа тартқан" дейді медиа заңгер Гүлмира Біржанова Bes.Media сайтына.
"Бұрын аккредиттеуді тоқтату ғана болса, енді қайтарып алу да қосылды. 11-тармақта мемлекеттік органдардан шетелдік БАҚ журналистері қызметінің олардың ресми түрде көрсеткен мақсаттарына сәйкес келмеуі туралы ақпарат алған жағдайда аккредитацияның күші жойылуы мүмкін екендігі көрсетілген. Мұны мейлінше кеңірек түсіндіруге болады. Демек, мұндай ақпаратты кез келген жергілікті атқарушы орган жібере алады екен. «Ақпарат алған жағдайда» нені білдіретіні де түсініксіз. СІМ "журналистің қызметі ресми белгіленген мақсатқа сәйкес келмейтінін" қалай анықтайтыны да айтылмаған" деді медиа заңгер Гүлмира Біржанова.
Ереже 2025 жылдың 19 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Бұған дейін "Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists, CPJ) Мәдениет және ақпарат министрлігінің ережесіне де, сыртқы істер министрлігінінің аккредиттеу тәртібіне де алаңдаушылық білдірген.
Әкімшілік кодекстің "Жалған ақпарат тарату" бабы бойынша Азаттық бұған дейін екі рет әкімшілік жауапқа тартылған. Екі арызды да Шымкент тұрғыны Әлішер Тұрабаев берген.
Құқық қорғаушылар 2023 жылы 10 шілдеде қабылдаған түзетулер аясында Әкімшілік кодекске енгізілген "Жалған ақпарат орналастыру, тарату" бабын Ресейдің "фейк тарату" заңына ұқсас "жұмсақ" цензура құралы деп атаған. Заң күшіне енгелі "жалған ақпарат тарату" айыбымен белсенділер мен блоггерлер әкімшілік жауапқа тартыла бастады.
"Шекарасыз тілшілер" ұйымы әзірлейтін Баспасөз еркіндігі индексінде 2023 жылы 134-орында тұрған Қазақстан былтырғы рейтингіде 8 саты төмендеп, 142-орынға тұрақтаған. Үш жыл бұрын 122-орында болған еді. Ұйымның есебінде елде баспасөз еркіндігі шектеледі, билік медиа кеңістікті мемлекеттік пропаганда құралына айналдырған, брифингтерде журналистердің сұрақтары цензураға ұшырап, билікке бағынбайтын журналистер қудалауға түседі деп жазылған.
ПІКІРЛЕР