Accessibility links

Қарағандыдағы балалардың жаппай улануы мен қазасы әлі күнге дейін жұмбақ. Неге?


Балалар жаппай уланған арнаулы әлеуметтік көмек көрсету орталығы аумағына тексеріп өткізетін жерде тұрған адам. Қарағанды, 1 тамыз, 2023 жыл.
Балалар жаппай уланған арнаулы әлеуметтік көмек көрсету орталығы аумағына тексеріп өткізетін жерде тұрған адам. Қарағанды, 1 тамыз, 2023 жыл.

Былтыр жазда Қарағандыдағы арнаулы әлеуметтік көмек көрсету орталығында балалар жаппай уланып, екі науқас көз жұмды. Арада бір жыл өтсе де, балалардың неден уланғаны әлі анықталған жоқ, ешкім жауапқа тартылмады. Тергеу органдары Ресейдің көмегіне жүгінді.

Биік қоршау, үлкен темір қақпа, күзеті бар өткізу пункті… "Қарағанды облыстық балаларға арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы" мемлекеттік мекемесі сыртынан осылай көрінеді. Бұл жабық мекеме Қарағандының іргесінде орналасқан.

Онда психоневрологиялық дертке шалдыққан балалар тұрады. Олардың арасында әке-шешесі бар отбасынан шыққандар да, ата-анасы бас тартқандар да, жетім балалар да бар.

Балалар жаппай уланған арнаулы әлеуметтік көмек көрсету орталығы аумағына кіретін қақпа. Қарағанды, 1 тамыз, 2023 жыл.
Балалар жаппай уланған арнаулы әлеуметтік көмек көрсету орталығы аумағына кіретін қақпа. Қарағанды, 1 тамыз, 2023 жыл.

2023 жылғы 31 шілде – 1 тамыз аралығында осы орталықта тұратын 14 бала Қарағандыдағы инфекциялық ауруханаға жеткізілген-ді. Дәрігерлер қызуы көтеріліп, құсып, іші ауырған балалардың әлденеден уланып қалған айтқан.

Ауруханаға түскен күні 13 жастағы бала қайтыс болды. Бір айдан кейін 11 жастағы тағы бір бала жан сақтау бөлімінде көз жұмды. 6 бала бір ай бойы жан сақтау бөлімінде жатты. Дәрігерлер балалар тамақтан уланған болуы мүмкін деген жорамалды бірден жоққа шығарды. Олар белгісіз бір улы заттан зардап шеккен деген болжам айтылды.

Жаппай улану ісі бойынша тергеу жүргізу арнайы прокурорларға тапсырылды. Орталыққа тексеру жүргізіліп, денсаулық сақтау, санитарлық-эпидемиологиялық, өрт қауіпсіздігі талаптары, әлеуметтік және еңбек құқықтары бұзылғаны анықталды.

Шенеуніктер "зертханалық сараптама улану себебін анықтай алмады, тәжірибелі қызметкерлер тергеу жүргізіп, кінәлілер жауапқа тартылады" дегенімен, балаларға арналған жабық мекемеде не болғаны сол күйі жұмбақ болып қалды. Әзірге ешкім жауапқа тартылған жоқ, улану себебі сол күйі аталмады. Марқұмдар мен жапа шеккен балалардың жақындары бұл мәселе жөнінде пікір білдірген жоқ.

РЕСЕЙ АУМАҒЫНДАҒЫ ПРОЦЕССУАЛДЫ ШАРАЛАР

Балалардың жаппай улану себебін тексеріп, тергеу Қарағанды облыстық прокуратурасына жүктелді. Қылмыстық кодекстің 304-бабының 3-бөлімі (Байқаусызда екі немесе одан көп адамның өліміне әкеліп соққан санитарлық ережелер мен гигиеналық нормалардың бұзылуы) бойынша іс қозғалды.

– Істің мән-жайын зерттеу барысында Ресей аумағында да тергеу шараларын жүргіздік. Бұл үшін Ресей Федерациясының құзырлы органдарына процессуалды шаралар жүргізуге құқықтық көмек жөнінде туралы өтініш жіберілді. Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Қолда бар дәлелдер (сараптама қорытындылары) мен тергеу шараларының нәтижесінде процессуалды шешім қабылданады, – деді облыс прокуроры.

Прокурорлар бұдан артық ақпарат бермеді. "Іс бойынша күдіктілер бар ма?" деген сұрақ жауапсыз қалды.

Осыған дейін Бас прокуратура "Улану себебін анықтау үшін кешенді химиялық-улы заттар сараптамасы өткізілетін болды, сараптаманы ресейлік сарапшылар жүргізеді" деп хабарлаған.

Мәжіліс депутаты Ажар Сағындықова Қарағандыдағы арнайы мекемеде балалардың улануына себеп болған затты есірткілер тізімі бойынша тексеруді ұсынған.

Прокурор "уланған балалардың ағзасынан табылған қоспа Қазақстанда бекітілген есірткі және психотроп заттар тізімінде жоқ" деп жауап берді.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің кезектен тыс тексеруінен кейін "орталықта балаларға жасына сай келмейтін препараттар беріп, мөлшерден тыс дәрі салған, балалар психотроп препараттарды артық қабылдаған" деген қорытынды жасалған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы "сот-медицина сараптамасының қорытындысы бойынша, психотроп препараттар мөлшерден тыс қолданылғаны анықталған жоқ" деп мәлімдеді.

ҚОҒАМ НАЗАРЫ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРҒА ӨТІНІШ

Орталықтағы балалар жаппай уланғаннан кейін қоғам белсенділері жабық мекемелердегі балалардың жағдайына назар аударды. Балалар құқығы мәселесін көтеріп жүрген белсенді, журналист Анастасия Машнина өз бетінше зерттеу жүргізіп, балалар өліміне не себеп болғанын анықтауға тырысқан. Бірақ әртүрлі инстанцияға хат жазғанымен, мардымды жауап ала алмаған.

– Зерттеуім тығырыққа тірелді. Балаларға мөлшерден тыс психотропты заттар берген немесе жаңа препаратты сынақтан өткізіп көрген деп ойлаймын. Бірақ айғақ-дәлелім жоқ. Әйтпесе бір топ баланың тамақтан емес, басқа заттан улануын басқаша қалай түсіндіруге болады? Дәріден басқа ештеңе ойға келмейді, – дейді Машнина.

Белсенді денсаулық сақтау министрлігінің ғылым және адам ресурстары департаментіне хат жазған. Департамент клиникалық және медициналық зерттеу жүргізуге рұқсат берумен айналысады.

Заң бойынша, жетім балалар тұратын мекемелерде клиникалық зерттеулер жүргізуге тыйым салынбаған. Журналист осыны ескеріп, 2020-2023 жылдары Қарағанды облысындағы қандай ұйымдарда дәрі-дәрмектер сынақтан өткізілгенін білуге тырысты. Машнина бұл препараттардың қандай топқа жататынын, зерттеуге қай жастағы және қанша адам қатысқанын, препараттардын қандай жағымсыз әсер болғанын нақтылауды сұраған. Белсенді "Осы сынақтарға кәмелет жасына толмаған жетім балалар да қатысты ма?" деген сауалға да жауап іздеген.

Департамент өкілдері адам өміріне қатыстыжайттар жөніндегі сұрақтарға атүсті жауап берген. Хатта "науқастар, оның ішінде балалар клиникалық зерттеуге өзі, ата-анасы немесе қамқоршысының рұқсатымен ерікті түрде қатысады, оларға алдын-ала толық ақпарат беріледі, содан кейін ғана келісімге қол қойылады" деп жазылған. Мемлекеттік мекемеде директор сондағы балалардың заңды қамқоршысы саналады.

Денсаулық сақтау министрлігінің ғылым және адам ресурстары департаменті "зерттеу қатысушыларының аты-жөнін жариялай алмаймыз, келісімшарт бойынша, тараптардың алдын-ала жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа ақпарат беруге болмайды" деп түсіндірген.

Журналист дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарға сараптама жүргізетін ұлттық орталыққа да сауал жолдаған. Орталық дерегінше, кәмелетке толмаған балалар, жүкті әйелдер, еңбекке жарамсыз адамдар, зейнеткерлер, басқа кісінің көмегіне мұқтаж адамдарға дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың клиникалық зерттеуі баланың туысы, қамқоршысы немесе ата-анасының келісімімен емдік мақсатта ғана жүргізіледі.

Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті белсенді сұратқан деректер "қызмет бабындағы құпия ақпаратқа" жатады деген.

Денсаулық сақтау және балалар құқығы саласындағы белсенді Ольга Юрковская балалар жаппай уланғаннан бері бір жыл өтсе де, оның себебі әлі күнге дейін неге анықталмағанын түсінбейді.

– Қанша уақыт созды! Масқара жағдай! Балаларға біреу бірнәрсе бергені анық қой. Норма бойынша, балаларға берілген заттың бәрі тіркелуі керек. Тамақтан уланбаған болса, тамырдан немесе бұлшық еттен дәрі салған, болмаса таблетка берген. Оларда рұқсат етілген препараттар, оны артық мөлшерде берген жағдайда байқалуы мүмкін екені жазылған тізім болуы керек. Балалар бір ай бойы жансақтау бөлімінде жатқаны күмән туғызады. Еш дәлел қалдырмау үшін химиялық заттар балалардың ағзасынан шығып кеткенше уақыт созып жүрген сияқты, – деп топшылайды Юрковская.

Қарағандыдағы арнайы орталықта 160 бала бар. Былтырғы оқиғадан кейінгі мәліметке сай, елде осындай 37 орталық жұмыс істейді.

Халықаралық Human Rights Watch ұйымы 2019 жылы жарияланған, Қазақстандағы жабық мекемелердегі кәмелетке толмаған балалардың жағдайы туралы баяндамасында "психикалық ауруы мен дамуында ерекшелігі бар балаларға арналған мемлекеттік мекемедегі науқастар қоғамнан оқшау, қамауда өмір сүріп жатыр, олар қамқорлыққа зәру, зорлық көреді" деп жазды. Мұндай мекемелерде өскен азаматтар орталықта таяқ жегенін, дәрігерлер оларды седативті заттар салып жазалағанын айтқан. Мекеме қызметкерлері HRW сарапшыларына балаларды 24 сағатқа дейін ұйықтататын психотроп препараттар қолдану тәжірибесі барын растаған.

HRW Қазақстанды мүгедектігі бар балаларға арналған интернат типтес мекемелерді қолданыстан шығару бойынша жоспар қабылдап, мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасыларды қолдау қызметін дамытуды ұсынады. Оған дейін билік өкілдерін жабық мекемелердегі заң бұзу қарекеттерін тыйып, қатаң бақылауға алуға шақырады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG